ДАРЫНДЫЛАР ДАРАЛАНДЫ

Уақыты: 06.03.2024
Оқылды: 536
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескере келе, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту керектігін атап айтқан болатын. Осыған орай жас ұрпақ біліміне серпін беретін бірегей жобалар қолға алынды. Облыстық, республикалық пән олимпиадалары жүйелі жалау көтерді. 

Күні кеше І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11-сынып оқушыларына арналған олимпиаданың облыстық кезеңінің және ауыл олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, Алматы қаласының «Логистика және автокөліктер» академиясының техника ғылымдарының кандидаттары, қауымдастырылған профессорлар Патам Ахметова мен Ғалымжан Әшірбаев қонақ болған шараға аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен аға әдіскерлері, «Үздік мектеп» атағына ие болған мектеп директорлары қатысты.

– Бүгін, осы жиынға мыңнан мықты, жүзден жүйрік облысымыздың ең үздік, дарынды оқушылары жиналып отыр. Әділетті Қазақстанды құру жолында жас ұрпақтың білімді болуы маңызды. Сондықтан, бүгінгі марапаттарыңыз болашақ өмірдегі жеңістеріңіздің алғашқы қадамы деп есептеймін. Ғылымды басты қазынам, байлығым деп санап, білімнің биік шыңын бағындыруға жасаған алғашқы қадамдарыңның бірі – бүгінгі марапаттау салтанаты! Жас дарындар, сіздердің білімдеріңіз болашақта облысымыздың, еліміздің көркеюіне септігін тигізеді деп сенемін, – деген Марлен Қапашұлы, өз кезегінде жүзден жүйрік болған жеңімпаздарды құттықтады.

Жалпы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 415 оқушы қатысып, 189-ы жеңімпаз атанған. Ауыл мектептерінің 9-11-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадаға 211 оқушы қатысып, 90-ы жүлделі орындарға ие болып қайтты. Марапаттау жиынында 3 дәрежелі дипломмен, қола медаль иегерлеріне ұялы телефонға арналған қуаттағыш, 2 дәрежелі дипломмен, күміс медаль иегерлеріне құлаққап, 1 дәрежелі дипломмен, алтын медаль иегерлеріне ұялы телефондар табысталды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық ІІІ кезеңінде ерекше жетістіктері үшін «Үздік олимпиадалық команда – 2024» номинациясында ІІІ дәрежелі дипломмен және 250 мың теңге ақшалай сертификатпен №20 мамандандырылған лицей командасы марапатталды. ІІ дәрежелі диплом және 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-инетрнатының командасы қол жеткізді. Ал алға шығып І дәрежелі диплом және 1 миллион теңгені Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің командасы иеленді.

Айта кетсек, Астана қаласында өткен ауыл олимпиадасының төртінші республикалық кезеңінде Жетісу облысынан 40 оқушы қатысып, олардың 22-сі жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ, жалпыкомандалық есепте облысымыздың оқушылары «Ең үздік олимпиадалық ұйым – 2024» атанды.

«Ең үздік ұйым – 2024» номинациясында  олимпиаданың төртінші республикалық кезеңінде ерекше жетістіктері үшін ІІІ дәрежелі дипломмен (250 мың теңге) Көксу ауданы, ІІ дәрежелі дипломмен (500 мың теңге) Алакөл ауданы, І дәрежелі дипломмен (1 млн. теңге) Ақсу ауданы марапатталды. 

Ауыл мектептерінің жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша «Үздік ауыл мектебі» номинациясында ІІІ орын алғаны үшін Алғыс хат және теледидар Қадырғали Қосымұлы Жалайыри атындағы мектеп-гимназиясы (Көксу ауданы),  Қабанбай №1 орта мектебіне (Алакөл ауданы) тиесілі болды.

Айғаным АЙТМҰХАН
Суретті түсірген Руслан Қадыров