Қор директоры аналарды құттттықтады

Уақыты: 11.03.2024
Оқылды: 656
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қоғамның әрбір мүшесі назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл орайда үйде ерекше баланы бағып-қағып отырған аналарға деген қамқорлық ерекше болуы тиіс. Себебі, олар көп уақытын үй шаруасына арнайды. Баласының жағдайына, оларды арнайы мекемелерге апарып, өзіне көңіл бөлуге уақыты болмайды.

Осыны ескерген «Sana Sezim» аутизм диагнозы бар балалардың ата-аналарын психологиялық қолдау қоғамдық қорының директоры Бақыттыгүл Ахметжанова Талдықорғанда  аутист  балалардың аналарын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Бақыттыгүл Жұмабекқызы алдымен аналарды мерекемен құттықтап, ерекше балаларды бағуда, арнайы орталықтарға апарып қоғамға бейімдеуде сіңіріп жатқан еңбектері үшін алғыс айтты.  

– Ананың балаға деген сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ерекше балалардың денсаулығын жақсарту, қалыпты өмір сүруге бейімдеу оңай шаруа емес. Сол жолда сіздер қажымас қайрат танытып келе жатырсыздар. Мұндай сынақты көбінесе аналар көтереді. Баласы үшін барлық қиындыққа төтеп береді. Соларды  қатарға қосу  үшін нар көтерер жүкті нәзік иықтарымен көтереді. Бүгінгі шараға келіп отырған аналар, сіздерге басымызды иеміз. Сіздер жалғыз емессіздер.  Көмек керек болса бізге айтыңыздар. Қолымыздан келген жәрдемнің барлығын жасаймыз. Мамандық меңгерулеріңізге көмектесеміз. Үйде отырып кәсіп жасауға көмектесеміз. Әйел жанын көбінесе әйел ғана түсінеді. Еңбектеріңіз ақталып, балаларыңыз қоғамның белсенді мүшсі болуына тілектестігімізді білдіреміз, – деді ол.

Қонаққа келген әрбір анаға қордың атынан сыйлық, алқызыл гүл берілді. Әйелдің бала дегенде күш-қайраты көп болғанымен жаны нәзік. Бірақ, соны түсінбей ерекше  ұл-қызды ержеткізуге туған-туыс көмектесуден қашқақтап жататыны ащы да болса шындық. Отбасына түскен сынақты көтере алмай, жайлы жер іздеп кететін әкелердің де баршылық екенін жасыра алмаймыз. Бұл орайда Бақыттыгүл аутист балалардың 65 пайызының жауапкершілігін аналар ғана көтеріп келе жатқанын айтты.  «"Sana Sezim» қорының қамқорлдығына риза болған  Арай Бұлалхан  өз алғысын білдірді.

– Басында диагнозды қабылдау қиынға түсті. Бірақ, бәріне шыдау керек. Жан-жағыма қарасам мұндай жағдайдағы ана мен ғана емес екенмін. Кәсіппен айналысуға көмектсті. Қайырымды адамдар көмектескен сайын алдыға жылжуға құлшыныс болады.

Бақыттыгүлдің айтуынша, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға  рухани көмек әрқашан керек. Олар күйзеліске түссе балаларға қарай алмай қалады. «"Sana Sezim» орталығы ТМД елдері бойынша қызмет көрсетеді. Олардың айтуынша, аутист балаларға арналған балабақшалардың жоқтығы да аналар үшін қолбайлау. Егер ондай балабақшалар болса  ата-анаға жеңіл тиетін еді дегенді айтады Бақыттыгүл.  

Ерекше балаларды бағып отырған аналар бұл кештен күш алып, қайраттанды. Себебі, олар жалғыз емес. Әңгімелесетін, қолдау білдіретін, жан-жақты көмек беретін қайырымды жандар бар.  Мерекеде олар сый-сияпат алып, соңында өздеріне жайылған дастарханнан дәм татып,  серпіліп қайтты.

Гүлжан ТҰРСЫН