Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖҰМЫСҚА ЖЕГІЛМЕЙДІ: ҰСТАЗ БЕДЕЛІ БҰДАН БЫЛАЙ ЗАҢМЕН ҚОРҒАЛАДЫ

Уақыты: 02.11.2019
Оқылды: 200
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын мұғалімдікі», – деп Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай, біздің халқымызда ұстаз ұғымы қашанда жоғары. Олай дейтініміз, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршінге өзінің бар білгенін үйретіп, елін-жерін сүйетін азамат болып қалыптасуына ықпал ететін ұстаздар қауымының еңбегі ешнәрсемен өлшеуге келмейді. «Сиса көйлек үстіңде, тоқуменен табылған, өнер-білім бәрі де оқуменен табылған», – деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қандай тұлға болмасын ең алғашқы өмірлік көзқарасын алтын ұя мектепте ұстаздардың берген білімімен қалыптастыратыны сөзсіз.

Біздің тәуелсіз жас мемлекетіміздің ертеңі білімді ұрпақтың қолында болса, сол ұрпақты өмір жолына тәрбиелейтін білікті ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. 2018 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында ұстаз мәртебесін көтеруге бастамашы болды. Мұнда Елбасы ұстаздардың еңбегіне тоқтала келіп: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», – деген болатын.

Бұл, әрине, біздің көкейіміздегі көптен жауабын таппай жүрген сауалдың оң шешімін табуына жол бастап, ұстаздар қауымына үміт отын сыйлағаны сөзсіз. Себебі, бұл мәселе дамыған Батыс елдерінде бұрыннан шешімін тапқан. Ол елдерде мұғалім жұмысы мен оның құқықтары  заң аясында қорғалады.

Мәселен, Грекия, Дания, Италия, Германия, АҚШ, Португалия және Канада сынды мемлекеттерде мұғалімдер мемлекеттік қызметші болып саналады. Ал көршілес Ресейде бұл мәселе баяғыда-ақ шешімін тауып, онда федералдық Заңға сәйкес  мұғалімдер 25 жылдық еңбек өтіліне қарай жеңілдікпен зейнетке шығу мүмкіндігіне ие. «Педагог мәртебесі туралы» Заң күні кеше біздің елімізде де қабылданды. Аталған Заңға сәйкес мұғалімдер кәсіби қызметінен тыс қосымша жұмыстардан арылады және істеген жұмысына сай жалақы төленетін болады. Бұл заң мұғалімдердің құқығының тапталмауына және олардың өз кәсібіне жатпайтын қоғамдық жұмыстарға тартылмауына кепіл болады.

Бұл Заң 192 баптан және ауқымды 5 бағыттан тұрады. Яғни материалды және материалды емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаздардың құқықтарын кеңейту, мұғалімнің жүктемесін азайту сынды өзекті мәселелерді қамтиды. Егер де қандай лауазымды тұлға болсын осы жайттарға құлақ аспай, ұстаздар қауымын бөтен жұмысқа жегетін болса, Заңға сәйкес 120 айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлейтін болады.

Міне, үстіміздегі жылдың тамыз айында өткен мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы ұстаздарымызға деген құрметтің бастауы десек, кеше ғана күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заң енді еңбегі еленбей келген ұстаздар қауымының мерейін асқақтатқаны сөзсіз.

Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары мардымсыз жалақымен елеусіз қалған кейбір білікті ұстаздарымыз күнкөріс қамымен басқа салаға кетсе, мектеп бітірген жаста­рымыз педагог маман­дығына қызығушылық таныт­пай, кейін жалақысы дұрыс болатын өзге мамандықтарды таңдап жатты. Осы олқылықтар еліміздің мектептеріндегі білім сапасының төмендеуі мен педагог кадрларының жетіспеуіне әкеліп соқтырды. Осы жайттардың алдын алу,  ұстаз мәртебесін көтеру еліміздің ең өзекті мәселесінің біріне айналған болатын.

Олай дейтініміз, біз таяу жылдары әлемнің дамыған ең озық 30 елінің қатарына кіру жолында жұмыс істеп жатырмыз. Бізге бұл аталған міндетке қол жеткізу үшін ең алдымен білім нәрімен жан-жақты қаруланған жастарымыздың қатарының көп болғаны абзал. Ал ол үшін ең алдымен сапалы білім беретін педагог кадрларымызға ерекше қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Сонда ғана бұл міндетті ойдағыдай орындай аламыз.    

Хайрулла ЖАНБЕКОВ,

Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі департаменінің директоры

Сурет ғаламтордан алынды