Өмірдің мәні де сәні де бала

Уақыты: 16.01.2017
Оқылды: 3521
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

 

Дүниеде өзінің ұрпағына асқан жауапкершілікпен қарайтын жалғыз ұлт ол қазақ шығар, сірә?! Себебі, Еуропа дәл қазір туу көрсеткіші азайып, қартайып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Шаңырақтарынан cәбидiң iңгәлаған үнi емес, мияулаған мысықтың, үрген иттiң даусы шығып жататыны жасырын емес. Дүйім елді аузына қаратқан, өркениеттің көшін бастаған құрлықтың бүгiнгi сиқы осындай. Ғылым мен білімде алдына жан салмай, арманымен асқақтаған халық ұрпақ мәселесіне келгенде немқұрайдылық танытуда. Біздіңше, оның себебі бойларынан жылылық пен құштарлықтың үйлесiм таппауынан десек қате болмас. Сонымен қатар өзiмшiлдiк, қара бастың ғана қамын ойлау, балабастылықтан қашудың салқыны да тиiп жатуы әбден мүмкiн. Өйткенi, бала бағудың бейнетi көп. Оған үлкен шыдамдылық пен төзiм керек. Бар ауыртпалықты қос иығына артып, балаларын байлығым деп, тірліктің мәні мен сәнін өмірге алып келген перзенттерім деп бағалайтын, тапқан-таянғанын балапандарының аузына тосып, саналы ғұмырын баласына арнайтын халық тағы да біздің ел. Біз осы құндылығымыз арқылы бармыз, баймыз.
Біз аталған жаңа айдарда көпбалалы отбасындағы ұрпақ тәрбиесі мен тәлімін көпшілікке үлгі етіп, насихаттайтын боламыз. Балалы үйдің базар екеніне тағы да көз жеткізгіңіз келсе, біздің айдарды оқып, өз ойыңызбен бөлісіңіз, құрметті оқырман.

КЕҢ САРАЙДАЙ
БОЗ ҮЙІМ
Толассыз соғылған қоңырауға біраз уақыттан соң жауап қайтарылды. Тұтқаның арғы жағынан жылы дауыс жан дүниемізді жылытып барады. Аналық махаббатқа толы жүрегінің кеңдігі, жанының нәзік әрі мейірімді екендігі бір ауыз сөзінен бергі беттегі бізге бірден сезіліп, ерекше әсер етті. Кеш батысымен біздің кейіпкеріміздің қара шаңырағына ат басын тіредік. Босағадан аттай бергенімізде қаһарлы қыстың сары аязы ешкімнен рұқсат та сұрамай төрге бізден бірінші кірді. Сол сәтте балалар да бірін-бірі сүйреп, бізді күлімдеген тәп-тәтті жүздерімен қарсы алды. Үйге келген әрбір кісінің аман-саулығын сұрауды балаларына жастай үйретіп қойғаны бірден байқалды. Сәлемдесіп, танысып, біліскен соң ақ дастархан жайылды. «Қонақпен бірге құт келеді», –  деген халықтың ұрпағы босағасына еңбектеп келген балаға сандық түбінде жатқан тәттісінен ауыз тигізбеске қоймайды. Бұл қанмен берілген ұлы қасиет күні бүгінге дейін жойылмады. Жойылмасын деп тілейік. Мұндай қонақжайлылықты біздің кейіпкерлерден де байқадық. 
Қазақ даласының қай жері болса да қасиетті де қастерлі. Оның әрбір шыңы мен тасы сол мекенде туған перзентке ыстық. Күллі қазақтың ақылшысына, данасына айналған Абай атамыздың табан ізі тиген Семей өңірінің Үржар ауданына қарасты Тасарық ауылында дүниеге келген Мұрат пен Маржан Айтмұхамбетовтер ең бай отбасы. Олар байлықты ақшамен емес, өмірге шыр етіп келген балаларымен бағалайды. 
Шаңырақтың отағасысы Мұрат Сейітұлы бала кезінен еңбекке пісіп өскен. Айтуынша, ата-анасы қатал кісілер болған. – Шешем марқұм алты құрсақ көтерген. Екі ұл, төрт қыз болған екенбіз. Бірақ бауырым шетінеп кеткен соң, ұрпақ жалғастырар жалғыз тұяқ өзім болып қалғанмын. Ес кіре бастағанда мені жалғыз ұл деп аяған ешкім болмады. Жұмысқа жараған кезімнен бір үйдің тіршілігі мойныма артылды. Мал бағу, бақша күту  одан қалды үй тірліктерінің жауапкершілігін де көтерген кездерім аз емес. Әкем еңбеқорлығыма риза болғанда басымнан бір сипап қоятын. Бала болып мен еркелеп, қырсығып жер тепкілеп отырып алмаппын. Әкенің бастан сипайтын аялы алақанын сезіну үшін талай күн табаннан тозып, шаршап-шалдығып жұмыс істейтінмін. Анам да балажан болмады. Біздерді анамыз «әкеңе айтамын» деп қорқытатын. Кейінгі буын бұл сөзден соншалық үрейленбесі анық. Қазіргі балалар оған баса назар аудармайды. Мүмкін бұл жерде біздің де қателігіміз бар шығар? Өзім алған тәрбиемен, балалық күндерімді салыстырсам қазіргі балаларға берген тәрбиемнің арасы жер мен көктей. Әкем секілді темірдей тәртіпті орнатқым келгенімен орната алмадым. Ол туа бітті мінез-құлықта болмаса сөзбен, іспен жүзеге аспайтынына көзім жетті. Балажандылығым өз алдына, жүрегімнің жұмсақтығынан да ешкімге ауыр сөз айта алмаймын. Ең бастысы Алла сана берсін деймін, – деді балалық шаққа саяхат жасаған отағасы.
Тоғыз баланы тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, өмір бойы жүрегіне сақтап жүретін Маржан анамыз да сол ауылдың тумасы. Мұрат ағамыз әскерден келгенде ауыл мектебінде он жыл білім алған түлектер қоштасып, үлкен өмір арнасына қанат қаққан. Сол уақытта оқушылар мектеппен қоштасқан соң ұжымшарда бір жыл еңбек етулері керек. Көптің қатарында ақ бантигін жұмысшының орамалына ауыстырған Маржан да бар еді. Әскерден келген жалғыз ұлының тездетіп қуанышын көруге асыққан қартаң тартқан Сейіт әке мен Ғазиза ана баласының келін алып келгенін тағатсыздана тосып жүргенін күн сайын айтып қоятын-ды. Тепсе темір үзетін азамат, жан-жағына қарап, қыздарға көз сала жүріп, достық ниетпен Маржан бойжеткенмен араласады. Достықтың соңы отбасылық өмірмен жалғасады. Әп сәтте-ақ ақ жаулық таққан жас келіннің бақытты да баянды отбасылық ғұмыры осылай басталады. 
Бала күнінен он ұлының болғанын армандаған әкенің қиялы қияға қанат қағады. Өмірге үш қыз алып келген соң, ертеңгі балаларының қамы үшін Талдықорғанға көшіп келеді. Жалпы, бала тәрбиесіне оның ішінде қыз бала тәрбиесінде қателесуге болмайтынын үнемі айтудан жалықпайтын өмірге көргені мен түйгені көп Ғазиза әжей қыздарды өз тәрбиесіне алған. Кең сарайдай боз үйде бір тілім нанды бөліп жеген балалардың алды бүгінде бір-бір үйдің келіні, адал жары, аяулы анасы. 

АЛТЫН АСЫҚТАЙ ҰЛ,
ҚЫЗҒАЛДАҚТАЙ ҚЫЗ
Жанынан бұрын малының амандығын сұрауды жөн көретін қазекең қарадомалақтарына қоса саулығы мен аша тұяғының да санын айтпаған. Біреудің көзі, екіншісінің сөзі жаман болады деп ырымдаған. Ал қарияларын ең үлкен олжа деп білген. Бірақ мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бермесі анық. Балалары мен немерелерінің қызығын көріп жетпістен асқан шағында мәңгілік сапарға аттанған Сейіт ақсақал мен Ғазиза әжейдің орны ойсырап қалғанына енді ғана көздері жетіп, бойлары үйреніп қалған Мұрат аға мен Маржан тәтей ол кісілерді жиі еске алады. Немерелері де ата-апасының мейіріміне шөлдеген. Ертегісін сағынған. Қасиетті жұма күні отбасы мүшелері мешітке барып, құран бағыштатуды әдетке айналдырған. 
Өмірдің ақ және қара жолақтарында жамандық арқылы жақсылықтың қадірін түсініп жатамыз. Сондай жайсыз жағдай бұл отбасын да айналып өтпеген. Шамамен осыдан 4-5 жыл бұрын бала үшін отқа жануға, суға батуға дайын ата-ананың жүрегі қан жылаған еді. Жаңбыр соңынан күн шығатыны секілді соңы жақсылықпен аяқталған. Кешкі қас қарайғанда аулада жүгіріп жүрген бала көзді-ашып жұмғанша қанға оранған. Көлік тізгіндеген жас жігіттің жүйткігенінің нәтижесінде сау баланың денсаулығынан кінәрат табылды. Жаратқаннан күндіз-түні баласының амандығын тілеген қос шырақ қаншама күн аурухана есігін күзетті. Тілеуі қабыл болып, оныншы күні бала есін жинады. Араға уақыт сала мектеп жасына ілінгенде көзқуанышының денсаулығы сыр беріп, сыныптастарымен алғашқы қоңырауға бару, бір партада отырып, қол көтеріп сабақ айту бақытынан айрылады. Қазір үйге келетін ұстаздарынан білім алатын әкесінің еркелеткен баласы Нұртай жиі аураханаға жатады. Ертегі кітаптарды оқиды. Таршылықтан ол кітап та үнемі алына бермейді. Шарықтаған бағаны айтпасақ та түсінікті. Сонда Жұлдыз әпкесі ғаламтордан әр халықтың ертегісін тауып, ақ параққа шығарып береді екен. Жоқшылықты жасынан көріп өскен Нұртай бұған ренжімейді. Есесіне қуанып оқып, үйге келгенде бәріне соны айтып береді.  Кішкентай жігіттің жүрегіндегі арманы тым асқақ.
Біз шүйіркелесіп отырғанда жұмыстан Жұлдыз да келіп қалды. Әпкесінің алдынан жүгіріп шығып, мойнына асылған Ермұхамед, Нұрмұхамед, Бекмұхамедтердің бауырмалдығы үйге күн сәулесін еселеп шашқандай болды. 
Тоғыз баласының тоғыз түрлі жаратылыс екенін айтқан анасы Жұлдызына көп алаңдайды. Арманын жасынан заңғар шыңдай қалаған бойжеткеннің тауы шағылғанына кей күндері налитынын да жасырмады көпті көрген анасы. Мектептің, достарының мақтанышына айналған қызының арманы тек арман күйінде қалып қойғанына өздерін кінәлі сезінетіндерін де айтып қалды. Жұлдыз жоғары оқудың білімді студенті болуды қалаған. Бірақ арманның да адамды алдайтын тұсы болады. Ұстаздары сенім артқан оқушының бабы да, бағы да шаппай, қоржынға азғантай ұпайды қанжығалайды. Сонда да өзі оқу орындарын аралап, қалаған мамандығына құжат тапсырады. Оқуға қабылданғанымен тағы да қолдың қысқалығы білім қуған жастың жолына кедергі келтіреді. Болар баланың бетін қақпай, белін бууға тырысқан ата-ана дос-жараннан, туған-туыстан көмек сұрап, алғашқы жарты жылдық ақшасын төлеп берген. Әп-сәтте студент атанып, білімгерлер арасынан суырылып алға шығып, топ басшысы болып, жақсы көрсеткішпен оқып жүрген студент оқу ақшасын төлейтін уақыт келгенде тағы да қу жоқшылық есік қағады. Күнделікті ішіп-жемнен артылмайтын ақша оқуға қайдан табылсын? Ұстаздары да Жұлдызды қимағанымен қатал тәртіпке бағынуға міндетті. Құжатты қолына беріп, арқасынан қағып біржола университет босағасынан шығарып салады. Баласы үшін шырылдаған анасы қалалық әкімдіктен көмек сұрап барады. Бірақ салы суға кетіп одан да нәтижесіз оралады. Мұндайда уақыт қана емші болатынына көзі жеткен жарқылдаған Жұлдыз қыз ата-анасының бір жағына шығысып, азды-көпті қаржы табу үшін жұмысқа орналасады. Бірақ оқу оқимын деген арманынан алыстамаған. Әлі де болса оқуға түскісі келеді. Бірақ амал қанша? Тағы да қу ақша қолбайлау болып тұр. 
Досмұхамед інілерінің ақылшысы. Ермұхамед мектепте спорттық ойындар ішінен каратэны таңдапты. Нәтижесімен үй-ішін қуантуда. Алған марапаттары да мерейін асқақтатып тұр. Нұртай да еркін күреске қатысқан. Қазір күннің суығына байланысты біраз кейінге шегерген. Балалар сабақтарын да кезекпен оқиды. Бір-біріне қамқор. Үлкені кішісінің білмегенін үйретеді. Сабаққа бәрі бір мезетте дайындалады. Ғаламторды пайдаланудың  өзіндік уақыты бар. Мектепте өтетін қоғамдық жұмыстарға да белсенділік танытады. Ертеңін бүгіннен ойлайтын балалардың тірлігі осындай. 
Үлкен үш қызын қияға қондырған ата-ана бүгін аяулы ата, асыл апа. Қыздарының ата-енесімен бір шаңырақ астында тұратынын естігенде қуанғанынан көзге жас алдым дейді тоғыз баланың ардақты анасы. – Қыз балаға барынша құрмет көрсетуге тырысамыз. Бұрындары балаларымның бәрі қасымда бола беретін сияқты көрінетін. Өскен соң әрқайсысы тарам-тарам жолмен бағыттарын өзгертеді екен. Үш қызымызды ұзаттық. Қоныс кеңейді. Жақсы жандармен мыңжылдық құда болдық. Үлкенім Еңбек Ері атанған Зылиха Тамшыбаеваның ауылына келін болып түскенде қатты ырымдадым. Зылиха ападай дана келін болсыншы деп бет сипадым. Қыздарым ата-енелерімен бірге  тұрады. Бүгін де енесі мен келіні бір шаңырақ астында сиыспай жататынын естіп, көріп жүрміз. Мен үнемі оларға: «Мені қалай сыйласаңдар, енелеріңді де солай сыйлаңдар. Өмірімізді өздеріңе арнап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып сендерді бағып-қағамыз деп жүргендегі еңбегімізді еш етпеңдер. Әкең екеуміздің атымызға кір келтірмеңдер», – деп отырамын. Барған із бар, қайтқан із жоқ деймін. Кіммен қарайсаңдар, сонымен ағар деген сөзді жиі айтамын. Қыз бала барған жеріне сор емес, бақ болуы керек. Барлық қыздарға айтарым осы, – дейді қоғамның көлеңкелі тұсына көңілі тола бермейтін, самайын ақ қырау шалған ана. Шіркін, әрбір ана осындай ой айтып отырса, мүмкін, шайқалған шаңырақтар саны мұншама көп болмас еді ғой!  
Балалар күнделікті азан дауысын естіп тұратындарына риза. Олар қолдары қалт етсе мешітке баруға тырысады. Дастарқан басында кезектесіп бата беріп, Құран бағыштау да бұл үйдің өзіндік қағидасы. Ол қағида ата-анасы үйде болмаса да бұзылмайды.
Бүгінгі күннің «Батыр АНАСЫ» тоғыз баланы емізген омырауының жоғары жағына күмістен де, алтыннан да алқа таққан. Мемлекеттің берген сыйына аналық жүрегімен риза. 

ДЕМЕЙ ЖҮРСЕ,
САУАП МОЛ
Төле би бабамыз:
– Атың жақсы болса,
Ер-жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қатының жақсы болса,
Бірінші – иманың,
Екінші – жиғаның,
Үшінші – ырысыңның тұрағы, – деп өте көрегендікпен айтқан. Расымен де ер- азамат табыс тауып, асыраушы. Ал отбасының берекесін кіргізетін, барды ұқсататын әйел. Бұл тұрғыдан келгенде Мұрат ағамыздың жолы болған. Жаманын жасырып, жақсысын асырып, азамат ретінде басын бағалап келгеніне туған-туыс та, дос-жаран да куә әрі риза. Берекесі мен бірлігі жарасқан үйден кісінің үзілмеуі де отанасының арқасы. Кей күндері таңның атысынан, күннің батысына дейін бала-шағаның қамымен отағасы сыртқа  кеткенде бар-жоғын білдірмей үйге келген мейманды күтіп алудан шаршаған емес. 
Бала тәрбиесімен бірнеше жыл үйде отырған ардақты ана жұмысқа енді ғана білек сыбана кіріскен. Қазір де балалары аяқтанып кете қоймаған. Бірақ оларға көңіл ғана бөліп отыруды қаласа да мына заман ананың еркіне көнер емес. Оның үстіне күн санап өсіп келе жатқан ер балалардың сұранысы тағы бар. Бір әкенің тапқан-таянғаны ішіп-жеуден артылмайды. Ауылдық әкімдіктен қайыр болар деген ниетпен барғанда «жыртық үйдің Құдайы бар» дегендей Маржан тәтейге жұмыс та табыла кетеді. Халық үшін жақсылық жасап, ел ертеңі үшін талпынып келе жатқан ауыл әкімі Жандос Жолдыханов мектеп асханасына көпбалалы ананы жұмысқа орналастырады. Бұл жаңалық отбасы мүшелерін шексіз қуанышқа бөлегені рас. Содан бері балалары үшін әке-шеше ертелі-кеш жұмыстан көз ашпайды. Олардың бұл тірлігін түсініп, үйін жинап, жылытып, сабақтарын оқып, ас дайындап отыратын балаларына жаратқан сана берген. 
Осылай кез-келген жұмысты істеуден бас тартпайтын балаларының сүйеніштері барға шүкір, жоққа сабыр етіп келеді. Осыдан біраз жыл бұрын жер үй болғандықтан тауық, сиыр асырап, балалардың аузын ақпен майлаған. Бірақ сол кезде мемлекеттен алып отырған азын-аулық көмектен қағылған. Он сегіз жасқа толмаған балалар үшін шаңыраққа кіретін қаржы көзін есептеп, жан басына шаққанда көзделген сомадан асып кеткендіктен тауықты да, сиырды да сатқан. Десе де, үйге кірген аз ақша болса берекеден айырмауын тілеген оларды Жаратқан өз нәсібінен қаққан емес. Жақсы адамдардың жақсылығын көп көрген отбасы жанашыр жандарды құрметтейді. – Шешем марқұм көзі тірісінде: «Халықта болсын. Ел бай болсын», – деп жиі айтатын. Қазір ойласам, елде болса сенде де болады дегені екен ғой. Жомарт жандар көп. Біздің үлкен отбасылы екенімізді естіп, біліп көмек қолын созып жатқандар да баршылық. Қос мешіттің бас имамдары Қанат пен Аман және ауыл әкімі Жандос інілеріме шын жүрегіммен алғысымды айтқым келеді. Олар менің отбасыма, балаларыма көп жақсылық жасады. Балаларымды түзу жолға салып, ақылдарын айтып отырады. Адамға бұдан асқан көмектің қажеті де жоқ. Абай атамыз «қанағат, рақым ойлап қой» – деп терең айтқан сөзі менің үнемі ойымда. Қанағатты, рахымды болсақ қана біз адами қалпымызды сақтап қала аламыз, –   деп ақтарылды асқар тау әке. 
Елдің бәрі дәулетті емес. Десе де, қайырымдылық жасасақ, қайыры өзімізге тиетінін де ұмытпағанымыз абзал. Құлыншақтарын мейірлене иіскеп, бауырына басқан Мұрат аға мен Маржан тәтейдің шаңырағының айрандай ұюының бір сыры – қанағаты мен сабырында екеніне көзіміз жетті. Кей күндері болмашы дүниеге бола шаттықты шаңырақты бір-ақ минутта шайқалта салатын отбасылар үшін бұл тұнып тұрған өнеге. Олар бір-бірімен ұрыспақ түгілі ауыр сөз айтып, жүректі жаралап алудан қорқады. Себебі ардақты жандар сөз айтылып, желге ұшып кететін ал жүрекке түскен салмақтың соңы жара боп, жазылмайтынын жақсы біледі.

Үйлер үлкейіп, отбасылар кішірейді, ақылымыз көбейіп, адамгершілігіміз азайды, космос жақындап, көршілер алыстады, байланыс құралдары артып, шынайы қарым-қатынас азайды, білім артып, сенім азайды, «МЕНДЕР» көбейді, «БІЗДЕР» азайып бара жатыр деп жүргенімізбен ҚАЗАҚ ЕЛІ үшін ортаймайтын, есесіне толысатын өз құндылығы мен қасиетін ешқашанда жоймайтын киелі де қастерлі мекен бар. Ол – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ. 
Баланың былдыры мен ойыншықтың сылдыры кетпейтін, берекесі мен бірлігі артып келе жатқан Айтмұхамбетовтер отбасына ата басылым атынан амандық тілеп, еліміздің бетке ұстар отбасы болыңыздар демекпіз. Ең бастысы, аз-кем әңгімеден шағын ғана үй болса да, шаңырағының киесін байқадық.

Сөз арасында:

АРМАН
...егер адам армандаудан қалса онда оның болашағы бұлыңғыр. Біздің отанасы екеуміз өмір бойы армандап келеміз. Бала күнімде мен он ұлым болса деп армандадым. Құдайға шүкір. Арманым мені адастырмады. Ендігі тілек, арман – еліміз бен барлық баланың амандығы, денінің саулығы.

ӨКІНІШ 
...өмір болған соң өкініштер көп болады. Бірақ салым суға кетіп, қайғы-мұңға батып, уайымдап көрмедім. 

БАҚЫТ
... өмірге келіп, алтын асықтай ұлдарым мен қызғалдақтай қыздарымның қамқоршысы, жанашыры, тірегі болғанымның өзі үлкен бақыт мен үшін. Осындай алтыннан да, тіпті су түбінде жататын жақұттан, маржаннан да қымбат менің ОТБАСЫМ. Шексіз де шетсіз бақытты бір басыма үйіп-төккен Жаратқанға айтар алғысым шексіз. 

БАЙЛЫҚ
...өмірдің өзі. Біреуге ақша, екіншіге зәулім үй мен қымбат көлік байлық, ал келесіге қызмет байлық. Бірақ денсаулығыңыз болмаса байлықтың көк тиынға да қажеті болмайды. Адам баласының шыр етіп жарық дүниеге келгендегі он екі мүшесінің сау болуының өзі Тәңірдің берген тәп-тәтті сыйы емес пе? Егер байлықты материалдық көзқараспен бағалайтын болсақ, біз ол тізімге ілікпейміз де. Есесіне қолым қысқа болса да мен ұрпағыммен бай адаммын. 

ТӘРБИЕ
...адамның таусылмас қазынасы. Ұлдан ұят кетсе ата-анаға сын, ал үкілеп өсіріп отырған қыздан ұят кетсе онда бір қауым елді қара жерге қаратқан болып есептелінеді. Баланы ұрумен, айқайлаумен, зекіп, нұқумен тәрбие беру мүмкін емес. Ол үшін ата-аналар өздерін түзесе болғаны.


Еңлік Кенебаева