УАҚЫТ ТАЛАБЫ: ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ ТИІМДІ МЕ?

Уақыты: 28.07.2020
Оқылды: 1731
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елімізде орын алған коронавирус індетінің білім саласына да айтарлықтай өзгеріс әкелгені белгілі.  Өткен оқу жылының соңғы тоқсанында оқушылар қашықтан оқыса, індеттің өршіп тұруына орай жаңа оқу жылында да онлайн білім алу жалғасын таппақ.  Ұстаздарды, ата-аналарды  балалардың алдағы оқуы жайы толғандырып отырғаны сөзсіз. Осы орайда қашықтан білім алудың жай-жапсары төңірегінде ой қозғамақпыз. 


Қашықтан оқыту барысында ата-аналарға біршама салмақ түскені жасырын емес. Баланы компьютер немесе ұялы телефон және үздіксіз ғаламтор желісімен қамтуға барлық отбасының мүмкіндігі жете бермеді. Көпбалалы отбасылар тіпті қиналды. Өйткені, балалардың бәрінің қолында компьютер жоқ. Одан қалса әр баланың бір-біріне кедергі келтірмей жеке-жеке бөлмеде сабақ оқуына да мүмкіндік аз. Кейбір отбасына мектеп тарапынан компьютер, ноутбукпен көмек болғанымен бұл жалпы оқушылардың жағдайын шешіп бермеді. Алдағы оқу жылында мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында мектептерге компьютерлер сатылып алынуда.

Қашықтан оқытуда білім сапасы бола ма? Бұл көпшілікті алаңдататын сауал. Осы турасында ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Нұртай Тұмбаев былайша ой өрбітті.

– Қашықтан оқытуда білім сапасы болады деп айту қиындау. Өйткені, онда оқушы тиянақты білім алмайды. Мұғалімнің алдында отырып, жаңа сабақты ұғыну бір басқа да, теледидар немесе компьютер, ұялы телефон байланысы арқылы бағыт-бағдар алу бір бөлек. Бұл жерде көп салмақ ата-анаға түседі. Әке-шеше сол өтіп жатқан сабақтан хабардар болып, баласына түсінбеген жерін түсіндіріп, жан-жақты көмек көрсетсе, күткен нәтиже де дұрыс болады. Бірақ, қазіргі мектеп бағдарламасын білесіздер, күрделі. Ата-ананың бәрі бірдей балаларына көмек жасауға шамасы  жете бермейді. Әсіресе, математика сынды қиын пәндерді қашықтан меңгерту өте қиын. Оқушы сабақты дұрыс түсінбеген соң білім сапасы да ақсайды. Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге әріптер үйретіп, қаламды дұрыс ұстау, түзу жазу машықтарын меңгерту керек. Қашықтан оның бәрін үйрету мүмкін бе? Сондықтан қашықтан оқыту тиімді деп айта алмас едім. Бұл бүгінгі жағдайға орай амалсыздан қабылданып отырған шара.  

Ал Талдықорған қаласындағы №17 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Роза Мыңбаева қашықтан  оқытудың тиімділігін алға тартады. 

– Дәл қазіргі уақытта қашықтан оқыту тиімді. Өйткені, бала – болашағымыз. Баланың денсаулығы мен амандығынан артық ештеңе жоқ. Сол үшін бірінші кезекте сақтық шараларын сақтауымыз керек. Бұл орайда әр бала үйде қашықтан білім алғаны дұрыс. Осынау киын кезде ата-аналар тарапынан қолдау болып, бала оқыту мәселесіне жауапкершілікпен қараса алынбайтын қамал жоқ. Балаға әріп те үйретуге, білмеген тақырыбын ғаламтордан қарап меңгертуге де болады. Қазір әр пән, әр тақырып бойынша ғаламторға сабақтар салынған. Ұстазға хабарласып сұраса да түсінбеген жерін айтып береді. Бүгінгі уақыт талабы қашықтан оқытудың да тиімді тұсы бар екенін дәлелдеуде, – дейді.

Биылғы жылы балаларға қашықтан білім берудің маңыздылығы турасында ұстаздар қауымы министрге әлеуметтік желі арқылы Ұжымдық Үндеу жолдаған еді.  Онда: «Оқыта білетін мұғалім қандай жағдай болсын оқытады. Оқи білетін бала қандай жағдай болсын  оқиды. Кезінде майшаммен де кітап оқығанбыз. Бірақ денсаулық маңызды. Баланың денсаулығы – болашағымыздың денсаулығы», – делінген.   

Мұғалімдердің басым бөлігі қашықтан оқытуды қолдаса, оған қарсылық танытып жатқан ата-аналар да баршылық. Әсіресе, биыл баласы бірінші сыныпқа баратын ата-аналар қалай әріп танытып, оқу мен жазуды үйретеміз  деп алаңдаулы. Бала әріп танып, оқып, жаза білсе, қашықтан оқыту да сондайлық қиындық тудырмас па еді?

Бұл жағдайды да ескерген министр Асхат Аймағамбетов: «Қашықтан оқытуға қиындық туғызатын негізгі пәндер бар. Мәселен, математикадан есеп шығару, әсіресе, жаңа тақырыпты алып кету оңай емес. Сонымен қатар 1-сынып оқушыларына әріп таныту керек. Мұндай маңызды сабақтарды қашықтан оқыту өте қиын. Сондай негізгі пәндерді мектепке қатынап оқиды. Ал музыка, еңбекке баулу секілді жаңа тақырыптарын алыстан үйретуге бола-тын пәндер қашықтан оқытылады», – деген еді жаңа оқу жылында білім берудің үш нұсқасын ұсына отырып. 

Бірақ, министрдің ұсынған бұл нұсқасы қолдау таппады. Себебі, Үкімет отырысында коронавирус инфекциясына қатысты жағдай туралы есеп берген баяндамасында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Карантин кезінде балалар мен ұжымдық топтар арасында вирусты жұқтыру деңгейі төмендеді. Күздегі тұмау мау-сымын, оған қоса коронавирус инфекциясының таралуын есепке алсақ, балалардың сабаққа баруы олардың арасындағы ауруды өршітіп жіберуі мүмкін. Сондықтан оқу жылының бірінші тоқсанында аз қамтылған мектептерден басқа барлық орта мектеп оқушыларын қашықтан оқытуды ұсынамын», – деді.

Осы орайда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Барлық мәселені қарастыра отырып, бүгін тиісті шешім қабылдадық. 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтан оқу форматына көшеді. Әрине, бұл өте күрделі шешім. Қазіргі уақытта қоғамда осы мәселеге қатысты бірнеше ой, ұсыным бар. Осы шешімді қабылдамас бұрын сарапшылармен сөйлесіп, пікірлерін тыңдадық. Ата-аналардың да пікірін тыңдап, халықаралық тәжірибені зерделедік. Ең бастысы – бүгінгі күнгі ахуал. Бізге керегі – балалардың, ата-аналардың, педагогтардың денсаулығы. Сондықтан осындай шешім қабылдап отырмыз. 1 қыркүйектен бастап 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Оларға барлық тиісті жағдайды жасап беруіміз керек», – деді.

Егер эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, балалар мектепте оқитындай болып жатса, ата-аналар баласына мектеп формасын сатып алмадым деп қапаланбауына да болады. Биыл балалар сабаққа классикалық үлгідегі қарапайым киіммен де қатыса алады. Демек, оқушылар үшін алдағы оқу жылында мектеп формасын кию міндетті болмайды. Бұл ретте: “Мектеп формасы” ұғымы мен оның қағидаты және оған қойылатын талаптар мүлдем жойылмайды. Тек, біз жаңа бұйрыққа төтенше жағдай мен карантин немесе шектеу шараларына қатысты арнайы ескертулер енгіземіз. Яғни, осындай кездерде балалар мектепке ұқыпты классикалық киіммен келуіне мүмкіндік беруіміз керек”, – деген еді министр.

Колледждер жаңа оқу жылын қашықтан бастайды. Ал дәстүрлі формат өндірістік оқыту мен кәсіби іс-тәжірибе кезінде болады. Оны жеке кесте бойынша, көбінесе, бірінші және соңғы курс студенттері үшін ұйымдастырылмақ.

Жоғары білім беру саласында оқыту шаралары қашықтан жүргізіледі. Ал дәстүрлі формат жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар үшін ұйымдастырылады. Мысалы, докторантура, өндірістік оқыту мен кәсіби іс-тәжірибе үшін жасалады. 

Міне, жаңа оқу жылы осындай өзгерістерге толы болмақ.  Қашықтан оқыту мектепте білім алумен тең болмаса да бүгінгі таңда жас ұрпақтың амандығы, ұстаздар саулығы үшін жүзеге асуы тиіс қажетті шара. Осы орайда ұстаздар қауымына ата-аналардың түсіністігі мен қолдауы ауадай қажет. Қашықтан оқытуда баламыздың сапалы білім алуынан бастап, қажетті нәрселермен қамту сынды көптеген мәселе бар. Оның оңды шешілуі сіз бен бізге байланысты аяулы ұстаз, ардақты ата-ана!

Алма ЕСЕНБАЕВА
Сурет ғаламтордан алынды