"СУДЫ АУЫЛДЫҢ СЫРТЫНАН ТАСЫП ІШЕМІЗ": 80-ДЕГІ ЗЕЙНЕТКЕРДІҢ ӨТІНІШІ

Уақыты: 27.07.2020
Оқылды: 1001
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Су – тіршілік көзі. Алайда дамыған мемлекетте өмір сүріп жатсақ та ауызсудың азабын әлі күнге дейін тартып келеміз. Бұл мәселенің мәнісі шешілсе деген ниетпен халықтың көзі мен құлағына айналған ата басылым «Жетісу» редакциясына хат жолдауды жөн деп таптым. 

Талғар ауданына қарасты Тереңқара ауылының тұрғынымын. Қарқара көшесіндегі №227 үйде ұлым, келінім, немерелеріммен тұрамын. Өткен жылы күз мезгілінде аудандық «Су құбыры» мекемесі біздің көшедегі үйлерге ауызсу жүйесін тартқан болатын. Тек 4 үй ғана сусыз қалды. Ауыз- суға жарымай қалған тұрғындар судың зардабын тартуындай-ақ тарттық. Көктем шыға келінім бірден аудандық мекемеге барып, өтініш жазып, төлейтін қаражатын төлеп қайтты. Бірақ қанша ай өтсе де аталған мекемеден ешқандай да хабар алмадық. 

Қазір ауызсуды ауылдың сыр-   тынан тасып ішіп отырмыз. Халықтың үніне құлақ аспай, мәселесіне нем­құрайдылықпен қарайтын мамандардың кесірінен қарапайым халық зардап шегуде. Сусыз тіршіліктің мәні жоқ екенін түсінетін жауапты мамандар біздің жанайқайымызға құлақ асса дейміз. 80 жастағы зейнеткердің өтініші аяқсыз қалмаса екен деген тілек бар. 

Б. ЧОБЧЕКОВА
Тереңқара ауылы,
Талғар ауданы
Сурет ғаламтордан алынды