"НАСИХАТТАҒАНДЫ ҰНАТПАЙМЫН": ТҰМАРДЫҢ РӨЛІН СОМДАҒАН АКТРИСА

Уақыты: 08.03.2021
Оқылды: 936
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ кино өнерінің кейінгі төрт-бес жылдағы табысының бірі деп «Томирис» тарихи-көркем фильмін атауға болатын шығар. Белгілі режиссер Ақан Сатаев түсірген бұл туындыда жарты әлемді дәргейіне қаратып, жеңілуді білмеген қызылбастың мың сан қолын талқандап, Кир патшаның басын алған Сақ патшайымы Томиристің ерлігі мен өрлігі шынайы бейнеленеді.

Біздің бүгінгі әңгімеміз осы көркем туындыда Сақ патшайымы Томиристің тұлғасын лайықты сомдап шыққан Альмира Тұрсын жайында өрбімек. Алматы қаласында дүниеге келіп, Құдайға қараған әжесі мен имандылық дәстүрін берік ұстанған анасының тәрбиесін көрген Альмира киноға түсуді, актриса атануды мүлдем мұрат тұтпаса керек.

Мектеп бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, одан кейін Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс алған ол психолог мамандығын меңгеріп шығады. Өзінің білімі мен қабілетін түрлі салада  сынап көрген Альмира адамдардың өз мүмкіндіктерін ашып, кәсібі мен жолын табуға ықпал ететін психолог-коуч қызметімен айналысып жүрген. Жұмыстан тыс кездері жары мен баласының жанында қарапайым әйел бақытына бөленіп жүрген Альмира аяқ- астынан танымал тұлғаға айналамын деп армандамаған.

Халқымыздың өткен даңқты дәуірін, ұлттық тарихымызды ұрпаққа жеткізу мақсатында Томирис  туралы фильм түсіруді ойға алған Ақан Сатаев ең алдымен басты рөлді сомдайтын бойжеткенді іздегені түсінікті. Осылайша, Тұмар ханымды бейнелейтін актрисаға кастинг жарияланады. Бұған 20 мыңнан аса үміткер қатысқан екен.

– Мен өмірде де, әлеуметтік желілерде де өзімді насихаттауды ұнатпаймын, – дейді Альмира Тұрсын өзінің таңдауға қалай іліккені жайында берген сұхбатында. – Университетте оқып жүргенімде өте белсенді студент болып, «Қыз сыны» байқауының жеңімпазы атанғаным бар еді. Ғаламтордан  сол кездегі суреттерімді көрген болуы керек, фильмнің кастинг-директоры Жайна маған хабарласып, кастингке қатысуға ұсыныс жасағанда екіұдай күй кешкенім сондықтан. Оның үстіне, бұрын киноға түсіп көрмегенім, тәжірибемнің жоқтығы, мінезімнің ұяңдығы да кедергі болды-ау деймін. Ақыры ойлана келе бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Бұл қадамымды жарым да қолдады. Сондықтан кастинг өз мәресіне жетер тұста, жұмыс күні аяқталып қалған кезде Нұр-Сұлтандағы Жастар театрының табалдырығын аттадым. Мына ғажапты қараңыз, ақыры сол 20 мыңға жуық үміткер арасынан Томиристі бейнелеуге мені таңдап алыпты.

Альмира өзінің осы рөлге бекітілуіне ең алдымен сыртқы фактурасының, бет пішіні мен түсінің әсері болуы мүмкін деп есептейді. Шынымен, Сақ патшайымының келбеті қандай болуы мүмкін? Біз ежелгі ата-бабаларымыз ұзын бойлы, көк көзді, ақсары түсті болған дегенді естіп жүрміз емес пе?! Сан ғасырлық жаугершілік заманда жаулап алушылар мен бағындырылған жұртпен ассимиляцияға түсіп, қазіргі кейпімізге енгеніміз рас болса, Тұмар ханым да бағзыдағы бабаларымыздай ашаң өңді, көк көзді көрінуі заңдылық. Қалай болғанда да режиссердың таңдауы Альмира Тұрсынға келіп тоқтайды. Дайын өнімді, атап айтқанда, «Томирис» фильмін бірнеше рет қызыға тамашалап шыққан біздер Ақан Сатаевтың жаңылыспағанын жария еткіміз келеді.

Томирис – тарихи тұлға. Ол өмір сүрген, патшалық құрған кезең тірлік үшін тіреске, елдік пен еркіндік жолындағы күреске толы болғаны анық. Тебінгіге тер қатып, ат ауыздықпен су ішіп, арпалыспен өткен ғұмырда Тұмар ханым да ақ ордада мәслихат құрып отырмағаны белгілі.

Бала кезінде Алматыдағы М.Горький атындағы демалыс саябағында үлкендердің жетегіндегі атқа отырып көрген Альмира асауды ауыздықтауды киноға түсер алдында ғана меңгерген.

Тәжірибелі жаттықтырушылардың бақылауымен бірнеше ай бойы атбегіліктің, жауынгерлік өнердің, семсерлесу мен садақ атудың қыр-сырын меңгерген ол дайындық кезінде аяғын сындырып алып, екі айға белсенді жұмыстан шеттеп қалғанын да жасырмайды. Алайда алған бетінен қайтпайтын, мақсатына жету жолында тосқауылдарға торықпайтын Альмира жігерін жанып, өзіне сеніп тапсырылған істі, елінің аманатын адал атқарып шығуға бар күшін салады.

Томиристің 10 жасқа дейінгі бейнесін Лия Фомина, ал 15 жастардағы кейпін Салтанат Серкебаева сомдағанын жұртшылық жақсы біледі. Бұл кезең де тағдырлы тартыстарға, сатқындық пен қасіретке толы болғанымен айбынды әкесінің қамқорлығындағы болашақ ханшайым алаңсыз күн кешкен еді. Бойжеткеннің күрес жолы әкесінің жауыздықпен өлтірілгенінен кейін басталғаны анық.

Аз ғана жанашыр адамдардың қолдауымен ажалдан қашып құтылып, Сақтар патшайымы атануына дейінгі Томиристің өмірі шым-шытырық оқиғаларға толы. Қара күш пен озбырлық үстемдік құрған заманда нәзік жанды қыз баланың дұшпандарын тізе бүктіре отырып, алдымен өз тайпасының басына келуі, соңынан тарам-тарам Сақ тайпаларын қол астына біріктіруі фильмде шынайы бейнеленеді. Бұл жерде бойжеткен Томиристің, күрескер Томиристің, жауынгер жұрттың патшайымы атанған Томиристің тотемдік тұлғасын сомдап шығару үшін тек актерлік шеберлік жеткіліксіздеу болатын шығар. Осы тұста Альмира Тұрсынның өзінің өмірлік ұстанымдары, мінез-құлқы мен мақсатына жету жолындағы қайтпас қайсарлығы көмекке келді деп айтуға негіз бар.

– Фильмді түсіру барысында ең күрделі жұмыстардың бірі – көне түркі тілінде, парсы, шағатай диалектілерін қолдану арқылы сөйлеу болды, – дейді Альмираның өзі. – Тарих және филология саласының мамандары дайындаған мәтіндерді жаттап, жаңылмай айту, әр сөзге салмақ беру, эмоционалды жеткізу оңай шаруа емес екен. Бұл сынақтан да сүрінбей өткен сияқтымыз. Бүгіндері көшеде, қоғамдық орындарда жүргенімде кейбір адамдар айналып келіп: «Сіз Томирис емессіз бе?!» – деп сұрап жатады. Мен әдетте: «Жоқ, мен Томирис емеспін. Мен – Альмирамын!» – деп жауап беремін. Танымал болған, әрине, жақсы ғой, алайда мен өз келбетімде қалсам деймін. Қазір түрлі ұсыныстар түсіп жатқанымен өзімнің байырғы жұмысыма қайтып оралып, қалыпты еңбек етудемін. Шын мәнінде мені қызықтырар, лайықты рөлдер ұсынылып жатса, киноға түсуге, әрине, қарсы емеспін.

Иә, «Томирис» көркем фильмі қазақтың кино өнеріне, ұлттың өзін-өзі тануына, төл тарихымызды ақтаңдақтардан аршып алуға қосылған үлкен олжа екенінде дау жоқ. Ал, кинодағы басты кейіпкер – Тұмар ханымды сомдаған Альмира Тұрсын ұлтымыздың ғана емес, әлемдік киноиндустрия саласының жарық жұлдызына айналар сәт те алыс емес. Міне, қазақтың қарапайым қыздарының шын келбеті осындай болса керек.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы қаласы