ҮШІНШІ СЫНЫП ОҚУШЫСЫ МҰҚАҒАЛИДЫҢ ЖЫР ЧЕЛЛЕНДЖІНЕ ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 11.03.2021
Оқылды: 1098
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мұқағали – мәңгілік ғұмыр. Оның өміршеңдігі жырларының әрбір жүрекке жетіп, адамның ішкі сезім қылын шерте білуінде. Қай тақырыпта жазған өлеңдерін алсаңыз да тебіренбей оқу мүмкін емес. Әсіресе, ақынның туған жер, Отан тақырыбындағы өлеңдері жас ұрпаққа таптырмас үлгі-өнеге.

Мұқағали жырларын жас ұрпақтың бойына сіңіру – ұстаздар алдында тұрған зор міндет.  Осы орайда «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы Мұқағали Мақатаевтің 90 жылдығына орай әлеуметтік желілерде ақынның шығармашылығын  насихаттау мақсатында челлендж ұйымдастырған болатын. Бір ай көлемінде өтетін жыр додасына №17 орта мектебінің оқушылары да белсене қатысуда. Аталмыш челленджге өзім жетекшілік ететін 3 «ә» сыныбынан Кәусар Болат қатысып, Мұқағали ақынның «Бабабаларым, рақмет сендерге» атты өлеңін нақышына келтіре, жүректерге жеткізе оқыды.

Мектебімізде де осындай челендж ұйымдастырылып, оған барлық сыныптар атсалысты. Мұнымен қатар ақынның 90 жылдығына орай әр сыныпта сынып сағаттары өткізілді.

Мұқағали ақынның туған күні қарсаңында басталып, бір ай көлемінде жалғасын табатын челлендждің қорытындысы Наурыз мерекесі қарсаңында шығарылады. Шара жеңімпазы арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Бұл ұйымдастырылған шараның жас ұрпаққа берер тәлімі зор. Оқушылар ақын өлеңдерінен адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіріп, отансүйгіштікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеленері хақ.

Мұқағали ақынның өлеңдерін сүйіп оқып, тыңдамайтын адам кемде-кем шығар. Әрбір өлең шумағынан адалдықтың, тазалықтың, шынайылық пен кеңпейілділіктің лебі есетіндіктен болар шығармаларын тұщына оқып, жадымызда сақтаймыз. Қазақ халқы барда ақынның сыршыл өлеңдері мәңгі жасай бермек. 

Айжан ТІЛЕУБЕКОВА,

№17 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан