МҰҚАҒАЛИ-90: ҚАРАСАЗДАН ҰШҚАН ҚАРЛЫҒАШ ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕ ЖҮР ҚАЛЫҚТАП

Уақыты: 03.07.2021
Оқылды: 2570
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қарасаздан ұшып, қазақ даласында қалықтап жүрген қарлығаш қанат қара өлең әп-сәтте түркі әлемінің көгін шарлап кетті. Өзі айтқандай: «Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрған» ақын жауһар жыры арқылы туған халқының ғана емес, тілі басқа болғанымен тілегі ортақ бауырлас елдердің де төріне озды. «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» деп айтқаны айдай келіп, үшінші мыңжылдықтан басталған жаңа ғасырдағы ұрпағының құрдасы һәм сырласына айналып кеткенін әр жыл сайын ақпанның ақ таңымен бірге келетін туған күнінде көріп жүрміз. Енді, міне, 90 жылдық мерейтойына орай Анадолының жерінде Мұқағали ақынның алты тілге аударылған таңдаулы өлеңдер жинағы «Қайтқанда соңғы тырналар» деген атпен жарық көрді. Атажұртқа ақжолтай хабарды сүйіншілей жеткізген халықаралық Түрксой ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлының сауын айтып, ақынның туған өлкесіне жіберген шақыруын қабыл алған облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы арнайы өкілдерін жіберген еді.

НАРЫНҚОЛДАН АТТАНДЫМ ҚҰСҚА МІНІП

«Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» дегенді берік ұстанған елдің ұрпағы үшін дәл мынандай ерекше басқосуға шақырылған топтың ішінде болу – түсінген адамға үлкен құрмет. Ақынның жыр-мұрасын бүге-шігесіне дейін зерттеп, мұқағалитану іліміне өлшеусіз үлес қоспасам да сол топырақта туып, ақынның бар ғұмыры мен өткен тағдырына қанық жерлесі ретінде менің қуанышымда шек болмады. Соғыстан кейінгі сұрқай жылдары Қарасудың бойындағы қарапайым ғана Қарасаз деп аталатын ауылдан арман қуып аттанған ақынның қара өлеңі Қара теңіздің жағасындағы елге жеткені жанымды қалайша тебірентпесін! Соны сезінген сәтте Мұқағали ақынның «Алтай – Атырау» атты поэмасының алғашқы жолдары еріксіз есіме орала берді. 
Адастырмас алдыма ұстап үміт, 
Нарынқолдан аттандым құсқа мініп.
«Ал енді өзіңді-өзің ұста, жігіт», –
дегендей қарап қалды ауыл маған.
Ауылдан аттандым мен құсқа мініп.

Бұл поэма жырмен жазылған жеріміздің шежіресі екені де даусыз. Хантәңірінің қия шыңынан қиял құсына мініп алып, қазақтың байтақ даласын, Атырау – Алтай арасын шарлап шыққан осынау жауһар жырды оқыған адам дәл осылай баға берері сөзсіз. ХХI ғасырдың құрдасы екенін айтқан ақын: «Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын» демеп пе еді? Күн орнымен шығып, Ай уақытымен туып, өмір-керуен өз көшін тоқтатпаса, Мұқағали жыры да ғасырлармен жалғасып, өзі айтқандай «одан әрідегі туыстарымен» қауыша беретіні де ақиқат. Сол туыстықтың арнасы кеңіп, ақын жырының түркітілдес бауырлардың тілінде сөйлей бастағанының өзі Мұқағалидың мәңгілік ғұмыр екенінің айқын дәлелі!

Осы сапардағы ресми жетекшіміз облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев болғанымен биылғы мерейтойдың иесі, асылдың сынығы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен ақынның келіні Бақытгүл Қыдырбайқызын жолбасшымыз ретінде құрметтеп, алдымызға оздырдық. Анадолы көгінде шайырдың әнге айналған қара өлеңі де қалықтасын деген ниетпен халықаралық «Мен қазақпын» жобасының бас жүлдегері, облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының бұлбұл көмей, жезтаңдай әншісі Бейбіт Мұсаев  та қоңыр үнді домбырасын ала шықты. Ауыл арасындағы шағын жүздесу емес, атажұрттан ат арытып бара жатқан соң, ақынның рухын асқақтатқан шараны тасқа басқан таңбадай сақтау үшін облыстық «Жетісу» арнасының операторы Мәди Байбосынов та қосылды. Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбай Елордадан шығып, қатарымызды толтырды. Осылайша, ақынның: «Нарынқолдан аттандым құсқа мініп» дегеніндей Жетісудың жерінен Анкараның төріне темір қанат құсқа мініп, жеті адам аттандық. Зау көкке көтерілген алып ұшақ бізге құшағын айқара ашып, күтіп отырған түрік ағайындардың төрін бетке алды. Ақынның өзі бармаған, көзі көрмеген жерге сөзі жетіп, сол бір керемет сәтті бөлісудің біздің тағдырымызға жазылғанын сезініп, ерекше күйге бөлендік. Қыдырып бара жатсақ, басқа көңіл-күйді кешер едік. Бұл сапардың жөні бөлек, жауапкершілігі жоғары. Содан ба, түн мезгілі болса да ұйқы қашқан. Зеңгір аспандағы жұлдыздар арасына сіңіп кеткен ұшақ ішінде Мұқағали ағам жайлы сан түрлі ойға беріліп, ішімнен өлеңін оқып, өзгеше әсерде келемін.  

Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясына құбылыс болып келген Мұқағали ақын мынау жарық дүниенің жамалында 45 жыл ғана өмір сүрді. Қазіргі менің жасымда мәңгілік мекеніне кеткен екен. Қара жер құшағына алғалы да тура қырық бес жыл болды. Алдаспан ақын өзінің өмірден өтер күнін анық білгендей.
Өзімнің есебімде,
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге
Ұмыт болып есебің, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде,
– деп айтқаны айдай келіп, қырықтың бесеуінде, көшеде, далада емес, емханада өзінің төсегінде мәңгілік ұйқыға кетті. Бірақ, өшпес ізіндей болып, артында өлмес өлеңі қалды. Осыдан қырық бес жыл бұрын қара жер құшағына алып, ай маңдайлы, нұрлы жүзін топырақ жапқанымен «қазақтың дәл өзіндей қарапайым» қара өлеңі жыр-ғұмырын жалғап әкетті. Ақын күнделігінде: «Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!», – деп жар сала айтып кеткеніндей, жан жүрегімен сүйген, өзі шексіз ғашық болған туған халқы жырларын жаттап, жарқын бейнесін жүрегінде сақтап келе жатқанына да қырық бес жыл. Ақын перзентіне деген халқының да шексіз махаббаты жылдармен бірге жылжып, келер ғасырдағы ұрпақтың санасында жаңғыра бермек.

ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ

Тарихының тамыры тереңде жатқан Кастамону қаласы шынымен де көне ғасырлардан сыр шертеді. Византия дәуірінен қалған қамалдар дала мұражайының жәдігеріндей. Түркия елінде ең тарихы бай ежелгі Константинополь, бүгінгі Стамбұл қаласындағы Сұлтан Ахмет мешітін салған ортағасырлық сәулетші Мимар Синанның қолтаңбасы ірі қалаларда ғана емес, он шақты үйі бар ауылдарда да сақталған. Ұшталған қарындаштай мұнаралы мешітті бұл елдің барлық жерінен көруге болады. Қырат-қырат, жота-жотаның үстіне орналасқан Кастамону қаласы байырғы үлгісін бұзбаған екен. Салыстырмалы түрде қарағанда біздің елде ескі ғимараттарды бірден күреп тастап, орнына жаңасын салу үрдіске айналса, ол жерде адам тұрмаса да ескі үйлер тарихи мұра ретінде сақталып, мемлекет қорғауына алынған. Таудың ең биігіне орналасқан мұнаралы сағатты көргенде жастығымның куәсі болған, бұл күнде орны да қалмаған Алматыдағы бұрынғы «Саяхат» автобекеті түбіндегі биік сағат еріксіз ойыма орала кетті. Әсілі, сол қоғамда өмір сүрген біз үшін кейбір нысандар өткен жылдарды еске түсіріп тұратын жәдігер болып қалатыны сөзсіз.

Әлқисса, Мұқағали ағамның атын асқақтатып, түркітілдес бауырларға сауын айтып шақырған рухани басқосу дәл осы тарихи қаланың қақ төрінде өтті. Халықаралық Түрксой ұйымының шешімімен 2018 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Кастамонуда Мұқағали ақынның «шекпен жауып өзімізге қайтарған» қара өлеңінің салтанат құруы қазақ елінің рухын асқақтатып тастағаны ақиқат. Тасына тіл бітсе дәуірлерді сөйлететін қалада қазақ ақынының жауһар жырлары алты тілде оқылып, тілі басқа болғанымен тілегі бір түркітілдес ағайынның ортақ мұрасына айналуы шынымен де ерекше қуаныш. Сөз орайы келгенде Мұқағали ақынның осылай дәріптелуіне ұйытқы болған Дүйсен Қорабайұлына туған елінің атынан алғыс айта кетсем, артық бола қоймас. 

Табиғат аясында, дала сахнасында ұйымдастырылған игі шара Түркия мемлекетінің Гимнімен басталды. Шырайлы басқосудың шымылдығын ашқан Халықаралық Түрксой ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза соңғы үш жылда бұл қалада түркі әлеміне қатысты көптеген игі бастамалар қолға алынып, іске асқанын ерекше атап өтті. Соның бәрінде қолдау көрсетіп, баурымалдық танытқан Кастамону облысының губернаторы Авни Чакыр мен қала мэрі Рахми Галип мырзаларға алғыс айтып, мұндай рухани кездесулердің жалғаса беретінін де атаусыз қалдырмады. Бір жылдан аса уақыттан бері әлемді дүрліктірген індеттің көп бастамаға тосқауыл болуына қарамастан, түркітілдес елдердің мәдениетінен сыр шертетін тарихи-мәдени шаралардың өтуі аталмыш ұйымның түркі әлеміне ортақ рухани шаңырақ екенін көрсетеді. «Қазақ топырағында туып, қазақтың қарапайым қара өлең әлеміне ерекше құбылыс болып келген Мұқағали шығармалары шынымен де халықтың рухани қазынасы. Оның өлеңдерінде Отанға деген перзенттік сезім, туған жерге, өскен елге деген шексіз махаббат бар. Адамдық пен арамдықтың, адалдық пен қараулықтың аражігін ажыратып беретін өлең жолдарынан ақынның жан-дүниесінің тазалығын көруге болады», – деген Дүйсен Қорабайұлы Мұқағали Мақатаевтың тек қазақ халқының ғана емес, түркі дүниесіне ортақ тұлғаға айналғанын айтты. Мұқағали түркітілдес елдерге аударылып жатқан алғашқы қазақ ақыны емес, Түрксойдың қолдауымен өткен жылы дана Абай бабамыздың 175 жылдық мерейтойына орай хакім шығармалары да түркі тілінде сөйлеген. Қазақтың алдаспан ақыны Олжас Сүлейменовтың да өрнекті өлеңдері түркі әлемінің төріне озғанын естідік. Халықаралық конференцияда Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы да сөз алды. Анадолыны мекендеген түрік ағайындардың атажұрттағы қандастарына, яғни түбі бір қазақ халқына деген пейілі ерекше екенін жеткізді. Екі ел арасындағы достық пен бауырмалдастықтың берік екенін, соның нәтижесінде қай салада болмасын тығыз байланыс орнағанын атап өтті. Елшінің де тілге тиек еткені Мұқағали ақынның жырларындағы отансүйгіштік пен жалпы адамға ортақ қасиеттердің мөп-мөлдір бұлақтай тазалығы болды. Кастамону облысының губернаторы Түрксойдың әр жұмысына баға беріп, соның нәтижесінде Мұқағалидай қазақтың ғажайып ақынымен танысып отырғанын сөз етті. Қала мэрі 1991 жылы жұмыс сапарымен Алматыға келіп, алты ай тұрғанын, түбі бір жұрт екенімізді сол кезде терең сезініп, қонақжай қазақ халқының еркін ел атанғанына асқақ Алатаудың төрінде куә болғанын тебірене айтты. Түрік ағайындардың тілінде айтылған осындай жүрекжарды сөздерді бірден аударып, екі ел арасында алтын көпір болған Шехназ қарындасыма да сөз орайы келгенде алғыс айта кеткенді жөн көрдім. 

Әлқисса, салқын самал соққан, жан жағы Мұқағали ағам айтқандай «жасыл кілем өрнектеген» табиғат аясында ақын ағамның алты тілге аударылған кітабының тұсаукесер кешінде Жұлдыз Мұқағалиұлын, Бақытгүл Айдарбекованы, министрдің кеңесшісі Ерлан Жұрынбайды құрметтеп ортаға шақырып, Дүйсен Қорабайұлы мен елші Абзал Сапарбекұлы және облыс губернаторы мен қала мэрі, сонымен бірге түрік тіліне аударған ақын Кенан Чарбоға мен қырғыз тілінде сөйлеткен Қожагелді Құлтегін кітаптың лентасын қиып, қара өлеңнің сыбағасын сол жердегі оқырманға ұсынды. Осы сәтте сөз алған Жұлдыз Мұқағалиұлы әкесі жайлы әсерлі естелігімен бөлісті: «Біз әкеміздің терең білімді, жан-жақты ақын болғанының арқасында кеңестік қоғамда өмір сүрсек те, түрік ағайындар жайлы бала кезімізден естіп өстік. Қайдан келгенін білмейміз, біздің үйде келбетті, сұсты бір адамның портреті болды. Әкем бізге «бұл бүгінгі Түркия елін жаңа белеске көтерген Мұстафа Кемал Ататүрік деген аталарың болады. Соны біліп жүріңдер», – деді. Тілмаш арқылы осы сөздің аудармасын естігенде түрік ағайындар шатырлата шапалақ ұрып жіберді. Бұл әрекетінен бауырлас елдің Ататүрікке һәм сол адамды ұрпағына таныстырған Мұқағали ақынға деген құрметі деп білдік. «Мұқағали» Қорының төрайымы Бақытгүл Айдарбекова құшақ жая қарсы алып, ерекше ілтипат білдірген  Кастамону облысының губернаторы Авни Чакыр мен қала мэрі Рахми Галип мырзаларға ақын бейнеленген төсбелгі мен куәлігін табыстады. Облыс әкімінің сәлемін жеткізген Марлен Қапашұлы Авни Чакыр мырзаға қазақы дәстүрімізбен шапан жауып, жерұйық мекеннің ғажайып табиғатын көрсететін «Жетісу жауһарлары» кітабын сыйлады. Осындай алыс-беріс сый-құрметтен кейін Бейбіт Мұсаев Мұқағали ақынның сөзіне жазылған, Тұрсынжан Шапайдың «Аққулар, қош болыңдар» әнін әуелетті. Сағыныш пен мұңға толы әнді тылсым табиғат, тұнық ауада тыңдағаннан ғанибет нәрсе бар ма екен десеңізші?!

Өнерде шегара болмайтыны рас-ау. Бейбіттің әуелете салған әніне біз ғана емес, тілі басқа ағайындар да сілтідей тына қалды. Ән аяқталғанда риясыз соғылған шапалақтан «тағы, тағы» деген емеурінді біле қойған Бейбіт екінші шумағы «Білім алдым Стамбұл қаласынан» деп басталатын Алаштың аймаңдай ұлы, жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болып, айдалып кеткен Қапез Байғабылұлының «Үш Меркісін» шырқай жөнелді. Осы тұста айта кетпесіме болмас, Бейбіттің дауысы шырқау көкке жеткенде жүргізуші жігіт ортаға жүгіріп шығып, әнді тоқтатты. Алғашында «бағдарлама бойынша бір-ақ ән болатын, екіншісін айтпа» дегені ме деп аңтарылып тұрғанда, тілмаш қарындасымыз кешірім сұрап, екінті намазының уақыты келіп, азан айтылып жатқанын ескертті. Дінге деген құрметі ерекше халық қой, Алланың есімі ұлықталып, азанның үні жеткен жерде бірден тыныштық орнатып, у-шуды баса қоятыны әсер етпей қоймады. Жаратушысына осылай бойсұнған елге Хақ тағаланың да берері мол болсын! Бодандық көрмеген рухы асқақ елдің еркіндігі мен ғаламат даму жолын қиын заман, қилы кезеңді бастан кешірген біздің елге де нәсіп еткей! Азан аяқталғандағы іштей жасаған дұғам осы болды. 

Бейбіт салған әуезді әннен кейін сахнаға сол қаланың ұлттық аспаптар ансамблі шығып, өз өнерлерін паш етті. Арасында Мұқағалидай ақыны бар қазақ халқына құрмет ретінде халық әні «Қамажайға» салды. Өз елімізде өзге ұлттың бір-екі ауыз қазақша сөйлегеніне әжептәуір риза болып қалатын «жалпақ шешей» көңіліміз бұл жолы да елп ете қалды. Ұлы Дала төсінде көптен бері естімеген әннің алыстағы ағайынның төрінде орындалғаны әрине, басқаша әсер еткені анық. Екі сағаттай уақытта өткен Аспантаудың ақиығына көрсетілген құрметтен кейін, Түрксой ұйымының тағы бір шарасының лентасы қиылды. Ол түркітілдес елдердің мәдени астанасының фотокөрмесі еді. Көлемді кең залда кеңестік дәуірдің бұғауынан бірге шығып, тәуелсіздікке бірге қол жеткізген бес мемлекеттің рухани әлемінен сыр шертетін көрмеден де былайғы уақытта атын білгенімізбен не істеп, не қойып жатқанынан беймәлім Түрксойдың атқарып жатқан істерінің ауқымды екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Табиғат-ана осы тұста ерекше тосын сыйын ұсынды. Дарқан пейіл, дала көңіл қазақ халқының құрметіне Жаратқанның шашқан шашуындай қабыл алдық. Дала сахнасында майда самал соғып, шуағын шашқан күннің астында өткен шара аяқталған тұста аспан аяқасты алабұлттанып келді де, нөсерлетіп келіп ақ жаңбырын құйды дерсіз. Көктем өтіп, жаз басталғалы дәл осындай сіркіреген жаңбырды көрмеген біз үшін шынымен де Жаратқанның сыйындай әсер етті. Ырымшыл халықпыз ғой. Аталарымыз мұндай сәтті «нұр жауып тұр» деп жақсылыққа балаған. Шариғатта әр тамшыны періштелер алып түсетіні жайлы да анық айтылған. Періштелер жеткізіп жатқан Алланың нұры жауып тұрған сәтте тағы да жеріміз бен еліміз үшін, бауырластығымыз бен татулығымыз үшін дұға жасадым. Ойыма еріксіз мына қара өлең жолдары орала кетті.
Жаратқан бізге берген сыйың қандай,
Сол сыйды сезген көңіл күйім қандай.
Мұқағали ағам келіп көрмеген жер,
Біздің маңдайымызға бұйырғандай.
Өлеңдерін аударып алты тілге,
Түркі әлемі түгелдей жиылғандай.
Мұқағали ақынның қара өлеңі,
Қара теңізге келіп құйылғандай. 

Кастамону қаласы қара теңізден жырақтау болғанымен менің қиялымда жаңа ғана сіркіреп өткен ақ жауын Мұқаңның қара өлеңі болып төгіліп, жылғалардан бұлақ болып ағып, қара теңізге құйылып жатқандай әсер етті. Қиял дегенді қойсаңызшы!

ДАМУДЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

Жер бетіндегі қай ел, қандай жер болмасын өрісін кеңітіп, өсіп өркендеуі үшін туризм саласын барынша дамытуға күш жұмсайды. Былайғы жұрт Түркияның тереңде жатқан тарихына терең зер салмаса да, туристер ағылып келіп, кетіп жататын Анталия сынды қалалары арқылы туризмі дамыған ел екенін жақсы біледі. Оған Стамбұлдан қара жолмен де, көк аспанмен де тынымсыз жүріп жатқан сауда-саттығын қосыңыз. Осы екі бағыт Түркияның даму жолының күретамырын екені рас. 

Сапарымыздың екінші күнін ұйымдастырушылар атажұрттан барған ағайынға сұлу табиғаты мен тарихи орындарын көрсетуге арнады. Жоғарыда айтқанымдай қаланың тарихи жәдігерлерімен танысқаннан кейін далаға шықтық. Кастамону облысының тұмса табиғаты тура өзіміз өмір сүріп келе жатқан жер жаннаты Жетісудан аумай қалған. Бірде Арқарлы асуынан асып бара жатқандай сезінсең, сәлден кейін Қапал өңірінің ғажайып табиғатына ұқсап кетеді. Енді бірде биік асуларды бетке алғанда Мұқағали ақынның сан мәрте із қалдырған Бартоғай мен Кеген асуынан асып бара жатасың. Ал жап-жасыл желекке оранған асқақ таулары Мұқаңның кіндік қаны тамған Елшенбүйректен өрлей созылып, түбі Айғайтасқа тірелетін Шәлкөде жайлауын көз алдыма алып келді. Жаратқанның шеберлігі-ай дейсің, түбі бір түркі жұрты қылып қана қоймай, жерімізді де соншалық ұқсатып қойғанын көрмейсіз бе? Ашығын айтқанда дәл осы сұлулығы көздің жауын алатын ғажайып табиғат маған таңдай қақтыра алмады. «Мұндай жер менің де Ұлы Даламда бар» деген тоқмейілсу байқалды көңілімде. Бірақ, «шіркін-ай» дегізіп, асқақ арманыма ұласып кеткен жері – сол табиғат тамашасын көруге барлық жағдай жасалғаны. Дамыған елдің экономикасын даңғыл жолынан-ақ білуге болады. Таудың биік шыңына дейін кез келген көлікпен бара алатындай жолдары сайрап жатыр. Біздің елдегі бір кем дүние, осындай Жаратқанның өзі берген жердің берекесін келтіре алмауымызда болып тұр ғой. Шетелге қызықпай-ақ, ақын жырлаған Атырау – Алтай арасындағы қазақтың байтақ даласындағы кез келген жер туризмге сұранып-ақ тұр. Біз барған Пынарбашы ауданының Хорма шатқалындағы жартасқа қабырғалай жапсырып, орнатып тастаған аспалы көпірмен ары-бері ағылып жатқан туристерді көрдік. Төменнен де, жоғарыдан да ешқандай көлік келе алмайтын құз жартасқа аспалы көпір салып тастауы таңдай қақтырды. Бір қызығы, бұл жобаны арнайы сәулетшілер емес, аудандық білім бөлімінің басшысы, мектеп директоры және аудан әкімі ғана жасай салған. Ұзындығы үш шақырым болатын қабырға жолды үш жылда аяқтаған екен. Табысын ауданы, қызығын халық көруде. Ал Аздабай ауданындағы Чатақ шатқалындағы әйнек көпір де барды ұқсата білгенінің жемісі. Табаныңдағы әйнектен төмен қарасаң құзар шыңнан төмен қарай құлап кететіндей басыңды айналдырады. Бұл жер сонысымен де қызық әрі әсерлі. Біз көрген қос аудандағы осы бір екі-ақ көрініс, соны тамашалауға жасалған жағдай шынымен де қызықтырды. Біздің елде түк жоқ деп қу шөппен ауыз сүртпейін, кенжелеп болса да, туризм саласы қолға алынуда. Бір жылдары көрікті Көлсайға жету үшін жол азабын көріп баратын жұрт қазір Алматыдан шыққаннан үш сағатқа жетер жетпес уақытта табан тірейді. Көлсайдың түбіндегі шағын ғана Саты ауылы күн сайын түрленіп келе жатыр. Алакөлге қызыққан ел бірнеше жылдан бері бітпей жатқан күре жолдың қиындығына қарамастан баруға құмар. Түрік ағайындардай шың басына дейін тақтайдай жол салмаса да, Жетісудың жауһарына айналған жақұт жерлерімізге халық еркін бара алатындай жағдай жасап, туризмнің тамырына қан жүгіртсе ғой деген оймен оралдық. Ол күн де болар, оған да жетерміз.

ҰЙЫТҚЫ БОЛҒАН ҰЙЫМ

Түркі әлемінің рухани қазынасын түгендеп жүрген халықаралық Түрксой ұйымы жайлы бірер сөз айта кетейін. Тәуелсіздігін алып, орақ-балға оранған қан қызыл түстес ту көтерген Кеңес өкіметінің бұғауынан шыққаннан кейін түбі бір түркі жұрты Алматыда бас қосқан. Ол 1993 жылдың шілдесі болатын. Асқақ Алатаудың етегіндегі әсем қалада Түркия мемлекетін бөлек, тәуелсіз ел атанған қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түркімен елдерінің Мәдениет министрлері бас қосқан алқалы жиында құрылған ұйымға биыл 28 жыл болды. Алғаш құрылғанда әзербайжан мемлекеті басшылық жасаған. 2008 жылдан бері қазақ халқының өкілі Дүйсен Қасейінов төрағалық етіп келеді. Содан бері де бір мүшел уақыт өтті. Дүйсен Қорабайұлы басқарып отырған ұйым түркітілдес елдердің рухани-мәдени, тарихи-әдеби әлемін түгендеп, насихаттауда ауыз толтырып айтарлықтай, ұялмай көрсетерліктей іс атқарып келеді. Мұқағали Сүлейменұлының алты тілге аударылған кітабының екінші мәрте тұсаукесері Анкара қаласының нақ төрінде орналасқан осы халықаралық Түрксой ұйымының ғимаратында өтті. Қазіргі індет жағдайына байланысты адам саны шектеулі болғанымен алты құрлыққа жетпесе де, жоғарыда аталған ұйымға мүше елдердің қаламгерлері бас қосып, түркі әлеміне түгелдей жар салды. Бұл жерде де ақын шығармасы жайлы баяндама жасалып, қаламгерлер Мұқағали мұрасының бәрімізге ортақ құндылық екенін айтып жатты. Сөз кезегі келгенде Мұқағалидың туған тілінде «Қара өлеңін» асқақтата оқып, Анадолы төрінде атажұрттың сәлемі деген ниетпен кәсіби әнші болмасам да Бейбіт ініме сүйемелдетіп, Нұрғиса ағам әнін жазған «Сарыжайлау» әнін шырқай жөнелдім. Ақынның «Қара өлеңі» сілтідей тыңдаған жұрт бұл кезде әннің ырғағына еріп, шапалағын соғып, қолпаштай жөнелді. Дәл осы көрініс те қайталанбас, қайта оралмас сәттердің бірі болып қала берді.

Төртінші күні Түркия Президентінің симфониялық оркестрінің орталығында түркітілдес елдер тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әр елдің елшілері және Анкарадағы әдебиет пен мәдениет саласындағы тұлғалардың қатысумен концерт өтті. Пайдалануға жаңадан берілген су жаңа ғимаратта өткен концерттің шымылдығын қазақтың қара домбырасымен Бейбіт Мұсаев ашты. Артынша түрік ансамблі Дәулеткерейдің күйі «Көрұғлыны» орындағанда да ерекше күйге бөлендік. Бағдарламаның көшін бастатқаны қазақ халқына деген құрметі деп сезіндік. 

Әлқисса, «Біз түркіміз, ұқсас әдет-ғұрпымыз. Ұқсас тіл мен дініміз, бөлек болғанмен ұлтымыз. Сөзіне еріп бөтеннің, бұзылмасыншы шырқымыз. Ішімізден жау алмас, бүтін тұрса сыртымыз. ТҮРКСОЙДА бас қосқан, мәңгілікке достасқан, біз түркі жұртымыз!»деп дәл осы кештің шымылдығын ашқанда Бейбіт Мұсаев айтқан арнаудың түйінімен төрт күндік сапардағы көрген-білгенімді мен де тамамдайын!

Жұматай ӘМІРЕ