МҰҚАҒАЛИДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ОНЛАЙН-БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ

Уақыты: 18.08.2021
Оқылды: 1269
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай "Үш бақытым" атты республикалық онлайн-байқау жарияланды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Байқау өнер саласында жүрген танымал тұлғалардың ұйымдастыруымен қолға алынды. "Үш бақытым" байқауынан үздік шығып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар арнайы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, жеңімпаздардың жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, радио, телевиденияларда көрсетілетін болады.

Онлайн-конкурс төмендегі үш номинация бойынша өткізіледі:

1.«Жыр арқауы – Мұқағали» аталымында ақынға арналған жырлар оқылады. Мұнда қатысушы ақынға арнап жазған өз өлеңін мәнерлеп оқып беруі тиіс.

2.«Шекпен жауып өзіне қайтарамын» аталымы әуесқой сазгерлерге арналады. Бұған М.Мақатаев өлеңдеріне шығарылған әндер қабылданады. Сондай-ақ, ақын рухына бағышталған авторлық әндер де жарай береді.

Байқауға арналған әндер аудио, видеоклип, бейнеүзінді (видеоролик) түрінде қабылданады. Бұрыннан ел ішінде, сахна төрінде айтылатын, көптеген байқауларға қатыстырылып жүрген танымал әндер жіберілмейді.

Байқауға 18 жастан асқан өнер иелері қатыса алады.

3."Жазылар естеліктер мен туралы" номинациясында Мұқағали Мақатаев туралы бұрын жарияланбаған  естеліктерге басымдық беріледі. Қарасаздың егіз ұлдары Мұқағали, Еркін туралы ортақ естеліктер де жарайды. Естеліктерді жазбаша, аудио, видео түрінде де жіберуге болады.

Онлайн-конкурс 9 шілде мен 31 қазан аралығында өтеді. Онлайн-конкурс туралы қосымша ақпараттарды төменде көрсетілген телефон нөмірлерінен алуға болады. 8 777 281 22 23 Майгүл, 8 747 542 21 05 Кенжегүл.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды