NIS-ТА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

Уақыты: 22.09.2021
Оқылды: 1192
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Жасампаздық пен даму жылдары» атты ашық сабақ өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Сабақтың басты мақсаты - Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін ұғыну арқылы оқушылардың патриоттық сезімін күшейту.

Зияткерлік мектеп оқушылары Елбасының әлемдік аренадағы бейбіт бастамаларын талқылады, оның ішінде, Еуразиялық экономикалық одақты құрудың рөлі туралы сөз болды.

Ашық сабақта балалар Еуразиялық экономикалық одақ құрудың саяси-экономикалық, технологиялық маңыздылығын, сонымен қатар, оның әлеуметтік маңыздылығын талдай алды. Атап айтқанда, зияткерлер ЕАЭО құру мақсаты, оның одақ ішіндегі жетістіктері және қатысушылар санының өсу себептері туралы көбірек білді.

- Тәуелсіздік сабағынан біз көптеген қажетті ақпарат алдық. Қазақстанның экономикалық дамуының болашағы туралы сұрақтарды талқыладық және де әлемдік экономикада бәсеке қабілеттілігін арттыру үшін не ұсына алатынымызды айттық. Сонымен қатар, қосымша энергия алудың жолдары, білім саласының дамуы, қолжетімді медицина, ресурстарды оңтайлы пайдалану мәселелерін қозғадық, - деді өз сұхбатында 12-сынып оқушысы Әмір Қуатұлы.

Қиын да сындарлы қалыптасу жолынан өткен Қазақстан бүгінде әлемдік кеңістікте маңызды орындарды иеленетін табысты, серпінді дамып келе жатқан жас мемлекет. Ал өз елімен бірге 30 жастағы құрдастары да көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі физика пәнінің мұғалімі Қайсар Нұрбек - солардың бірі.

Ашық сабақта Қайсар Нұрбек өзінің өмір жолы, мұғалімдік мамандыққа қалай келгені туралы айтып берді, сонымен қатар, табысқа жету формуласымен бөлісті.

- Табысқа жету үшін сіз үнемі дамуыңыз керек деп ойлаймын, өйткені, прогресс бір орында тұрмайды. Жаңа нәрселерді үйрену қажет. Мысалы, тілдерді үйрену және сіздің жүрегіңізге жақын аймақта күш-жігеріңізді аямай жұмыс істеу, - дейді Зияткерлік мектептің физика пәні мұғалімі Қайсар Нұрбек.

Барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Тәуелсіздік» ашық сабақтары өткізілді, оған әр аймақтағы серіктес мектептерден 50 мыңға жуық мұғалім қатысты.

- Сабақ жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еуразиялық одақ тақырыбы толық ашылды. Бізге топтағы жұмыс ұнады, әр оқушы өз көзқарасымен бөлісе алды. Бізді қызықтырған нәрсе – ұстаздың сабақты жоспарлауы. Тақырыпты адам өмірімен байланыстыра отырып өткізуі таң қалдырды. Еуразия одағы адамдар достығымен, ал тәуелсіздіктің 30 жылдығы адам жасымен байланыстырылды, - деп Кеген ауданы М.Орманов атындағы орта мектеп мұғалімдері өз пікірлерімен бөлісті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"