ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ БІЗГЕ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Уақыты: 03.12.2021
Оқылды: 2256
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік күні – маңызды тарихи дата. Себебі, Тәуелсіздік – бабаларымыз аңсап, біздің қолымыз жеткен Тәңір берген тәтті сый.

Осы 30 жыл ішінде Қазақстан күш-қуаты нығайып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар. Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі", - дейді бір сөзінде.

Елбасымыз өзінің еліне, Отанына, отандастарына 30 жылдай адал қызмет ете отырып, Отанына деген махаббатын дәлелдеді. Бүгінде біз де еліміздің тәуелсіздік алған жылдарымен қатар өсіп келеміз, яғни, тәуелсіздік атты өшпес ұғымның құрдасымыз десек қателеспеймін. Қазіргі жастар бақытты, себебі, олар тәуелсіз елдің ұрпақтары.

Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Қазір қазақ ұлттық нақыш белгілері, өзінің қолданысқа кіретін салаларын түгел қамтып дамуда. Ол ең алдымен сәулет, мүсін өнерінде, қолөнердің барлық саласына енді. Өндіріс өнімдерінде ұлттық нақыш белгілері көрініс табуда.

Қазақстан қалаларында жаңадан бой көтеріп келе жатқан әсем де әдемі сәулетті ғимараттар ұлттық нақыш бейнесімен көркемделіп, ұлттық дизайн негізінде салынуда. Қазақстан халықтарының күнделікті игілігіне қызмет етіп жүрген ұлттық валютамыз - теңгенің  нақыштары – ұлт болмысын, ұлт қасиетін паш еткендей әсер қалдырады.

Қазақ жері қандай кең болса, халқы да рухани жағынан өте бай, шетінен қонақжай, жомарт жандар. Түркістан қаласындағы Ахмет Иассауи кесенесінің көріністерінде өрнек дизайны басты нақыш белгілері болып табылады. Оған дәлел Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақорданың  төбесі  күмбез  пішінді болып ұлттық ерекшелігімізді айқындайды. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.

Тәуелсіз Қазақстанның егеменді ел болғанына - 30 жыл! Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған Ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Алла Тағала бізді осы бақытымыздан айырмасын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Орынгүл ТОРҒАЕВА,

"Сарыөзек орта мектебі" МДШО бастауыш сынып мұғалімі

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан