МАХАББАТ ПЕН МАШАҚАТ: ТОЛСТОЙДЫҢ "АННА КАРЕНИНАСЫН" ОҚЫҒАННАН КЕЙІН

Уақыты: 23.01.2022
Оқылды: 1381
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әрбір өзекті дүниенің өзіндік құны, бағасы бар деп есептейтін таным-тағылымы терең оқырманның арасында күні бүгінге дейін талас туып келеді. Жалпы әлем оқырмандарын тұтас шарпыған осынау талас оты күн өткен сайын лапылдап  маздап, алаулай түсуде. Біреулер «Соғыс және бейбітшілік» романын маңызды шығарма деп есептесе, енді біреулері «Анна Каренинаны» жақсы көреді. Қалай дегенмен де 165 000 парақ қолжазбадан тұратын, 90 томды құрайтын Лев Толстойдың шығармалары өмірді сүюді, құндылықтарды құнттауды, адамзаттық қасиеттерді қастерлеуді үндейді.

Орыстың ұлы ақын-жазушысы Пушкин, Достоевский және Чехов сынды Толстой да орыс әдебиетінің символына айналған бірегей тұлға. Оның жоғарыда аталған шығармалары қазақ тіліне тәржімаланып, өз кезеңінде оқырманға ұсынылған болатын. Өткен жылы ғана қазақтың кемел тұлғасы Ғали Ормановтың аудармасы бойынша «Анна Каренина» шығармасы «Mazmundama» баспасынан жарық көріп, қазақ оқырманына жол тартты.

«Анна Каренина» романын оқып отырып кенересі көкжиекпен астасып жатқан шетсіз-шекіз айдында желкен керіп, өзіңнің айналасы тұтамдай көлшігіңде күн өткергеніңе, жыл жылыстатқаныңа таңданғандай күйге түсесің. Адамгершілікті, парасатты асқақтата суреттеп, өз қоғамын тамылжыта жырлаған жазушының аталмыш туындысынан өмірді анағұрлым анық түсініп, адамның ішкі жан дүниесінің соншалықты әркелкі болатынын пайымдайсың. Ауған елінің тауларындай ойық-кетік жан әлемінің тартыс-таласын, кем таланттар мен шын таланттардың өмірдің құндылығы  мен маңызы жоқ дүние үшін қызылкеңірдектене тартысқа түскенін қызықтайсың. Махаббат туралы ұлы роман әлем оқырмандарының санасына сілкініс алып келгеніне қайталай куә боласың.

«Бақытты семья біткен бір-біріне ұқсас та, бақытсыз семья өзінше бақытсыз», – деген сөзбен басталатын 40 баспа табақтан тұратын роман (аударма) өзінің ұйығына бірден тартып ала жөнеледі. Облонскийлер үйінің ырың-жырыңы көбейіп, күтуші әйелмен көңіл жарастырып жүрген күйеуінің сынық жүрісі әшкере болып, онымен бір шаңырақта тұра алмайтынын сезген Доллидің ішқұса толғамы сыртқа теуіп, Степан Аркадьичтен көңіл суыта бастаған тұсынан әлқисса таратар туынды жоғары деңгейде аударылған. Кесек тұлға Ғали Орманов тілдік, жазушылық стильді сақтай отырып, әлемдік шедеврді асқан жауапкершілікпен қазақша сөйлеткен екен.

«Серілік» қыламын деп сергелдеңге түскен Степан Аркадьич тағдырын түзеп, арасына сүйір сына қағылған отбасын жарастырған Анна қарындасының алғырлығы, жазушы тілімен суреттелген әсем тұрпаты жанды бірден жылытып салады. Орыстың көк көз аруына деген ішкі сүйсінісің бас көтере береді. Осылайша сан тағдырды арқалаған романның ұлы айдынына шөліркей бас қоясың.

Роман желісін желдірте айтар болсақ, мұнда бір ғана отбасының тағдырына телінген көптеген кейіпкердің шым-шытырық өмірі, шырғалаң шақтары, адами көзқарас пен ішкі жан дүниесі, тұрпаты түгелімен айшықталған. Тілерсекке жеткен омбы қарда шалдығып, ақсөңке жолда қамау терің төгілердей күйге түспейсің. Өйткені, әрбір кейіпкерді бір желі арқылы сөйлеткен Лев Толстойдың тілі жатық, көркем әрі бейнелі. Гөзәл қолынан шәрбәт сіміргендей сүйсіне оқи бересің.

Расында, «Анна Керенина» романында көптеген кейіпкердің тағдыры, махаббаты мен адами қалпы жырланған. Бір Облонскийлер отбасындағы Доли мен Степан Аркадьичтің өмірі мен сезімі адамға сан түрлі тағылым тарқатса, Карениндер отбасындағы Алексей Александрович пен Анна және Вронскийдің, жастық шақтық желбуаз күндерден серпілген Левин мен Китидің өмірі оқырман жанын бір ысынтып, бір суындырады. Мәселен, жастықтың, жарасымдылық пен тәкаппарлықтың жаршысындай сылаң қағып өскен Китидің тағдыр соқпағына тоқталайық.

Уылжыған інжірдей пісіп-жетілген Кити Степан Аркадьичтің балдызы, Долидің сіңлісі. Әкесі князь. Байлық буы аңқыған мансапты үйде жетілген Кити өзіне көзі түсіп, сұлулығына сүйсініп жүріп деревнядан арнайы іздеп келген Левинді менсінбей, сөзіне аударылып түспей, ұсынысынан бас тартады. Оған себеп – әскери шенді, жас та болса сымбаты мен сәні жарасқан әрі зор құрмет арқалаған Вронскийдің өзіне деген ынтықтығы барын сезгені еді. Вронский тұрғанда Левинді ойлап, ұсынысқа иек бермей, абыройлы әскери адамға үмітін үкілей түскен.

Анна Каренина ағасы Степан Аркадьич пен жеңгесі Доллиді татуластыратын жолы арнайы пойызбен келген болатын. Сонда анасын күтіп алмақ ниетпен вокзалға барған Вронский Аннаны көрген. Вронскаямен бір купеде болған сұлу келіншекке деген ішкі байламы, сезімі күн артқан сайын күшейген Вронский Китиге үміт сыйлап жүргеніне қарамай келіншектің ырқына ықтияттайды. Осылайша Петербургке бірге аттанып, ақырында Аннаның нақсүйеріне айналады.

Мәскеу мен Петербург зиялыларының бәріне таныс Алексей Александрович абыройына күйе жағылғандай болғанымен ерге тән байсалдылықпен әйелінің жеңіл жүріске түскеніне шыдап бағады. Білсе де, түк сезбегендей, ештеме естімегендей, жанары тән тоятын аңсаған қос күнәһардың жұптасуын-жарасуын көрмегендей тұрпат танытады. Осы тұста, яки романның орта шенінде оқырман ретінде Алексейдің жанкүй­еріне айналып, Аннаның аяр әрекетін күстаналай бастайсың. Соншама парасаттылық биігіне көтеріліп, шенді-шекпенді күйеуінің арқасында күйкі тірліктің алаң-құлаң шақтарына бой суытпай, сырғақтап қашып, сынықси күліп үйренбей, тұлғалығын көрсеткен Аннаны жазғырасың. Осындай теріс қылық көрсеткен әйелді бас кейіпкерлікке алған Толстойдың танымына таңданып, әй мұнымен не өнеге шашпақ деп қабағыңды қарс түйесің.

Степан Аркадьич пен Долли тату ғұмыр кешіп кеткенімен, жас жауқазындай Китидің қатты дертке шалдығып, өлім аузына түскені жанға батады. Ішқұсалықтан, кербездіктің кесапатына түсіп, «жас құрақтай жайқалған маған емес, ер көріп, етегі түрілген әйелге ынтықты» деп Вронскийді жазғырудан жүйкесін жұқартты. Шетелге емделіп, ақырында адам қалпына түсті. Дегенмен, сол аралықта Анна мен Вронскийдің жұптасуы ашық сипатқа көшіп, келіншек жүкті болып қалған-ды. Романның одан арғы сюжеттік көріністерін, мазмұнын суреттеп немесе баяндап жатудың керегі жоқ деп шамалап отырмыз. Бұл ретте, романның ең бір шарықтау шегіне жеткен тұсқа дейін аз-кем ақпар беріп, оқырманды осы бір ғажайып шығарманы өзі оқыса, одан арғы дүниелерді өз танымымен салмақтаса деген байлам жасадық...

«Қасыңызда болғанымды, ауырсынғаныңызды да аңлап отырмын. Соған көзім жетуі өз басыма қанша ауыр келгенімен, оның солайы солай, өзгеше болар орайы да жоқ екенін көріп отырмын. Өз басым сізді айыптамаймын да, өзіңізді ауыру кезіңізде көрген соң арамызда болған жайларды түгел ұмытып, жаңа өмір бастайын деп бекінгеніме де Құдайымыз куә. Істеген ісіме өкінбеймін де, өмір-ғұмыры өкінбекші де емеспін; бар тілегім бірақ сіздің игілік көріп, жаныңыздың жырғауы еді де, соған шарқым жетпегенін де көріп отырмын қазір. Өз басыңыз қайтсе шын бақытты болатынын, жаныңыз қайтсе жай табатынын өзіңіз айтыңыз маған. Өзімді-өзім ырқыңызға түгел беріп, әділет сезіміңізге жүгініп отырмын». (Романнан үзінді).

Жалпы адамзат санағы бойынша әлемдік үлесі 0,23 пайыз ғана көрсеткішті көрсеткен қазақ елінің әдебиетіне ана тілінде аударма ретінде қосылған «Анна Каренина» романы тек қана махаббатты ғана жырлап, құмарлық пен ләззатты бейнелейтін туынды деп қараған адам Толстой тағылымын түсінбеген болып саналатыны сөзсіз. Өйткені, осынау романда орыс классигі өз халқының психологиясын, танымын, тұрмыстық салт-санасын, әдет-ғұрпын да шебер бейнелейді. Өз елінің артықшылығы мен кемшілігін бірдей романға арқау етіп, адамзат баласының айуандық әрекетін, адамдық асыл қасиетін күрделі детальдар арқылы ашып көрсетеді.  Осылайша өзінен 20 жас үлкен Алексей Александрович Каренинге махаббатсыз үйленген Анна Каренинаның талайлы тағдырынан тамыр тарта отырып, Толстой өз тағылымын адамзатқа ортақ түсінікпен паш етеді.

Кемеліне келіп, талай сырғақты жолды өндірген, таным-тағылым дін мен ұстаным жөнінде Шәкәрім қажы Құдайбердіұлымен хат арқылы тілдескен орыс ойшылы, классик жазушы Лев Толстой «Анна Каренина» романын өз кезеңінде лаулаған отқа тастапты-мыс. «Соншама ғұмырымды сарыққан, қаншама уақытымды ұрлаған жазба» деп кейіс білдіріпті-мыс. Осынау жақұт шығарма жайлы, оның ғажайып көріністерін оқып-таныған соң ғана жазушы кейісінің түп-тамырына бойлай алуыңыз мүмкін.

Ендеше, қазақ руханиятына қосылған кесек аударманы, біз желісін үзген шығарманы таушалай оқып, тілшелей тауысып шығарсыз деген сенімдеміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ