"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІ - ЖҮРЕГІМДЕ! ӨЗІ БІР КҮНДІК, СӨЗІ МЫҢ КҮНДІК БАСЫЛЫМ

Уақыты: 21.10.2022
Оқылды: 1593
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлем тарихына зер салсақ, зерттеушілер адамзат баласының баспасөзге деген қадамы осыдан 500 жылдың алдында француздардан басталғанын айтады. Шындығында, мұны да нақты тұжырым дей алмаймыз. Біздің ұлан-ғайыр даламызды мекендеген ата-бабаларымыздың да баспасөздің қалыптасуына қосқан үлесі бар. Тарихын, салты мен дәстүрін, тірлігін тас бетіне ойып салған Ұлы дала ұлдары бедерлеген бейнелер, таңғажайып жазбалар, сыры қазірге дейін ашылмаған сиқырлы сызба-белгілерді баспасөздің бастапқы қадамы деп санасақ, ешкім бізге артық кеттің дей қоймас.

Қағаз, сия, баспа машинасы болмаған бағзы заманда ата-бабаларымыз тау беткейлеріндегі тақта тастарға өздерінің өткені мен бүгінін, арман-мұратын, болашаққа қалдыратын аманатын өрнектеген. Қазақ даласындағы осындай баға жетпес жәдігерлердің Жетісу жеріне көбірек шоғырлануы жер ұйығы атанған өлкенің адамзат өркениетінің көш басында тұрғанын білдіреді. Сондықтан да бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары саласында тер төгіп жүргендерді, оның ішінде, қазақ баспасөзінің қарашаңырағы болып саналатын «Жетісу» газетіндегілерді сол өркениеттің бүгінгі мұрагері десек те болады.

Ең алғашқы газеттің жарыққа шыққанына бес ғасыр өткенімен бұл тұста да кеш қалыппыз деп бармақ тістеудің жөні жоқ.  Басқасын айтпағанда, әлемнің әр түкпіріндегі архивтерден табылып жатқан ғұламаларымыздың қағазға түскен еңбектері мен кешегі Қазақ хандығы кезіндегі хан-сұлтандардың көрші елдерге жолдаған хат-хабарлары, тілек-ұсыныстары бізде де жазу мәдениетінің, баспа өнерінің болғандығын айғақтайды. Өкінішке қарай, оның көбі кейінгі  ғасырларда жоғалып, тоналып, бүлініп, үлкен қиянаттарға ұшырап, аздаған нұсқасы ғана бізге жетті. Ал XIX ғасырдың соңында, ХХ ғасырдың басында қазақ даласында «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты» газеттері мен «Айқап» журналының шығуы сол тұстағы қазақ зиялыларының да бұл салада көш басынан көрінгенін көрсетеді.

Осынау қазақ баспасөзіндегі игі қадамдардың заңды жалғасы ретінде келер жылы алғашқы нөмірінің жарық көргеніне 105 жыл толатын өз газетімізді мақтанышпен айта кеткен артық болмас. Ата басылым 1918 жылдың маусымынан бері қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін, тарихы мен тағылымын, өнері мен өрлігін насихаттап келеді.

Қазақ даласын ғана емес, бүкіл әлемді үлкен дүрбелеңдер дүбірлетіп, біртұтас елдер өз ішінен бүлініп жатқан, Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісіннен кейін орыс жерін отқа ораған Азамат соғысының жалыны Қазақ даласын  шарпып тұрған алмағайып кезде Жетісу жерінде бірінші саны шыққан басылым сол кезден бері өзінің сара әрі дара жолынан жаңылған жоқ. Газетіміздің дәл қазіргі кезде қазақтың қарт басылымдары қатарында саналатын «Егемен Қазақстан» мен «Жас Алаш» газеттерінен бірер жас үлкендігін де орынды жерде айрықша атап өткеніміз жөн. Ғасыр асқан басылымда қызмет еткен, есімдері қазақ баспасөзінің, әдебиеті мен мәдениетінің тарихына айшықталып жазылған қаншама тұлғалар бар?! «Жетісудың» қара шаңырағында еңбек еткен, қаламын ұштаған ел азаматтарын, танымал түлектердің барлығын бөле-жармай мақтан тұтамыз.

«Жетісу» газетінде Алаш зиялыларының ізі қалған және басылым солардың үнін жұртқа жеткізуімен де ерекшеленген. Кеңес билігі кезінде аты аталмай, еңбегі насихатталмаған Алаш қайраткерлерінің бірталай еңбегін қазіргі зерттеушілер осы басылымнан тауып, ұрпақ болашағы үшін қызмет етуде. Мұның өзі де баға жетпес байлық екені анық! Газеттің архивтегі тігінділерін қарап отырып, «Жетісу» қай кезде, қандай жағдайда болсын, қалың бұқарамен етене араласып, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұпайын түгендеп, мемлекет мүддесін бірінші орынға қойғанын байқайсың.

Әрине, дәл бүгінгі кезде ақпарат алудың сан түрлі жолы көп. Жеделдігімен жұрт назарын еліктіріп, баспасөздің, әсіресе, мерзімді басылымдардың дамуына кедергі келтіретіндері де бар. Алайда біз бір ақиқатты түсінгеніміз жөн. Интернет арқылы таралатын  түрлі әлеуметтік желілер, электронды басылымдар ақпарат таратуға қаншалықты ыңғайлы және жедел болғанымен, онда айтылатындардың, жазылатындардың дені шындықтан аулақтау және асығыс тұжырымдалады. Ондай  ақпараттарды кез-келген уақытта өз қалауың бойынша өзгертіп, түрлендіріп жібересің. Соған сай  олардың тарихи құндылығы да шамалы. Ал газет бетіне шыққан ақпарат арада ғасырлар өтсе де өзгермей, сол қалпында сақталады. «Тасқа басылғанды балталап кетіре алмайсың» деген осындайда айтылса керек. Демек, газет материалдарының архивтік құнына баға жетпейді.

Біз әрбір әрекетке болашақ тұрғысынан қарауымыз керек. Өйткені, өзіміз  өмір сүріп жатқан кезеңде не істеп, не қойып жатқанымызды дәл қазір бағалай алмаймыз. Аға буындардың ізгі істері мен болмыс-бітімі, ел мен жер үшін атқарған қызметі жайлы деректерді, құжаттарды өткен ғасырдағы газет түптемелерінен табатынымыз сияқты біздің де қоғамның дамуына қосқан үлесімізді келешек ұрпақ өздеріне жеткен басылым беттері арқылы  таразылайды. Халық арасындағы «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген қанатты сөздің төркіні де осында. Соған сай газетті болашаққа қалдыратын мұра деп қабылдаған жөн. Өйткені, ол – қоғамның айнасы. Айнаның бетіне шаң жұғып, кірлеуі мүмкін. Бірақ тазалап сүртсең, тағы да жарқырап шыға келеді.

Біз арзан жарнама, уақыттық дүниеге қанша ден қойғанымызбен, тағы да айналып келіп, газетке жүгінетініміз айдан анық. Сондықтан рухани өмірімізді қағазға түсіріп, оны келешекке аманаттайтын газеттерге ел тарапынан қолдау қажет.

Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз Қ.Тоқаевтың бастамасымен елімізде жаңадан үш облыс құрылды. Соның бірі – тарихи атауымен елді елең еткізген Жетісу облысының өз алдына енші алып шығуы. Осынау тарихи өзгеріс толқынында «Жетісу» газеті өз атауына байланысты Жетісу жұртшылығының ата басылымы ретінде қала беретін болып шешілді.

Ендеше, сіз біздің газеттің тұрақты оқырманы бола отырып абыз басылымға деген шексіз сый-құрметіңізді көрсетесіз әрі еліміздің ертеңіне деген зор сеніміңізді білдіресіз. Осыған орай, жетісулықтарды өздерінің туған жердің тарихы өрнектелген, ұлыларымыздың қолтаңбасы қалған, ғасыр жасынан асқан «Жетісу» газетінің оқырманы болуға шақырамын.

Болат АБАҒАН,

"Жетісу" газетінің бас редакторы

Жетісу облысы