САЛҚЫН ЖЕРДЕ АЙРАН ҰЙЫМАЙДЫ

Уақыты: 12.10.2022
Оқылды: 1608
Бөлім: РУХАНИЯТ

Дала ділмарларыран қалған даналық ойдан дән іздесек, елді – бірлікке, татулыққа, берекеге шақырған қанатты сөзден көз сүрінеді. Осы бір ізгі жолды ұстанғандардың болашағы жарқын, жүзі жарық болатынын тайға таңба басқандай қылып айтып-ақ кетіпті жарқтық бабаларым. Амал не?! Көңіл құлазытатыны – сол аманатқа адалдықпен қараудан көрі қиянатты көп жасап жүргендейміз!

                                                                                                                     АЛТАУ АЛА БОЛСА...

Иә, ақиқаты сол «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді». Бұл тәмсілді есті қазақтың кәрі-жасы түгел білетініне күмәнім жоқ! Бірақ біле тұра, бұл кеселден арылудың орнына, алауыздықты табысы мол кәсіптей шебер меңгеріп алғандаймыз. Кінәні басқадан іздеп, өзімізді айдан ақ, сүттен таза көрсетуге тырысып, өзгені күнаһар жасауда алдымызға жан салмаймыз. Әлемді алақандағыдай көрсететін әлеуметтік желіде желдей ескен пікірлерді оқығанда еріксіз осындай ойға келесіз. Біреудің жөн сөзінен екіншісі көңнің иісін шығарып бықсытса, енді бірі оған май құйып, өртке айналдырып жатады. Жазбада көтерілген мәселе мен автордың нысанасына ілінген адам мен оқиғаға мүлде қатысы жоқ айдаладағы біреу дөйдала лағып, «бүйту керек, сүйту керек» деп данышпансиды. «Бір ит көріп үреді, бір ит еріп үредінің» кері. Дәл осы мылтықсыз майданда бірін бірі жерден алып, жерге салып жатқандардың қолына оқтаулы мылтық берсеңіз аянбай ата салатындай қатыгездік байқалады. Бір қазақтың екінші қазақты осынша жау көретіндей не күн туды басымызға?! Иә, Отанына опасыздық істеген, жемқорлық пен парақорлықтан елді тұралатқан, алаяқтық жасап, арандатып жүрген пысықайлар мен биліктің майлы жілігін ұстап, төбесі көкке тигендей төменге қарауды ұмытқандарға айтылсын. «Ашынғаннан шығады ащы даусым!», – деп өзімізді жұбатуға болады. Біздің көңілге көлеңке түсіріп жатқаны фейсбук парақшасын майдан даласына айналдырып, бірін бірі атуға оқ таппай, түгін қалдырмай боқтап, аузына келгенін оттап отырғандар туралы. Өкініштісі бәрі де өз қазағым! «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген дана Абайдың аманаты адыра қалған заман-ай!

Тар жол, тайғақ кешудің сан түрін көріп, тағдырында қилы кезең, қиын күндерді басынан кешірген ұлтпыз ғой. Ендеше сол қанмен жазылған, жаспен жуылған тарихымыздан неге сабақ алмаймыз?! Осынау ұланғайыр далаға қалай ие болдық?! Әлбетте, жұдырықтай жұмылған сәттерде Айымыз оңынан туған. Ал алауыздыққа жол беріп, ішімізден іріген кезде тағдырымыз талапайға түскен. Арғысын айтпағанның өзінде ұлтым деп ұмтылған, жұртым деп жұлқынған Алаш арыстарын «Халық жауы» атандырып, темір торға тоғытып, қорғасын оқ құшақтатып жібергенде ең алдымен сол алауыздықтың нәтижесі еді.

 

БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ АЛАР...

Ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін шындық сөз ғой! Бірақ осы: «Бөрінгенді бөрі алар, жарылғанды жау алар, бірлікте болсын назарың!» деген аталар өсиетін аяқ асты етіптік. «Қазақ – руға бөлінбейді, рудан құралады», деген тәмсіл тіл ұшында ғана айтылатын сөзге айналды. Бөлінгенде алдымызға жан салмайтын болдық. Әркім өзінің шыққан тауын биік көрсеткісі келеді. Аталарымыздың аруағын асқақтатамыз деп ат шаптырып, ас беруде де бәсекелестік сұмдық енді. Өліні разы қылудан гөрі, тірілердің пенделік тірлігі көп байқалып жатады мұндайда. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген қағиданы рулық шеңберден шығарып, ұлттық деңгейге көтермейінше алауыздықтың арбауымен күн кешкеніміз кешкен.

Бұл аз болғандай қара қазақ пен шала қазақ, қаланың қазағы мен даланың қазағы деп бөлінетінді шығардық. Шала қазақтың тірлігі анау – таза қазақ тілінде ашылайын деп тұрған білім ордасын аралас мектепке айналдырып, «өзге ұлт өкілдерінің талап-тілегіне құлақ асып, ұлтаралық татулықты сақтап жатырмыз», дегенді желеу етіп, өз қазағының жанайқайына селт етпейтін таскерең кейіп танытуда. Оған өзге ұлт өкілдерін айтпағанның өзінде қағынан жеріп, тілінен безген өз қазағымыз да үлес қосуда. Көшеде, аулаларда немересін жетектеген ата мен әженің өзге тілде шүлдірлеп бара жатқанын көргенде тілінен жеріген тағы бір буынның өсіп келе жатқанын сезіп, жаның күйзеледі. Қанша тіл білсеңізде өз еркіңізде. Тіпті ол – әр бала үшін үлкен жетістік, ата-ана үшін зор мақтаныш. Бірақ солардың алдында ұлттық болмысыңды айшықтайтын ана тілінде сөйлеу – ұлтыңды сүю мен оның құндылықтарын бағалаудың ең биік шыңы емес пе?!  Ал бізде бәрі керсініше. Ана тілімде жауап беруін талап етсең, сотқа сүйрей жөнеледі. Өйткені соттан салымыз суға кетіп, еңсеміз езіліп, өз елімізде өз тілімізді қорғай алмай қорланып шығатынымызды жақсы біліп алған. Қазақ тіліне қатысты дау туған жерде көрген құқайымыз осы! Оған себеп, Ата Заңымыздың тілге келгенде солқылдап тұрғанында. Тіліміз бір болмағаннан кейін, түбіміздің де біріге қоюы екіталай.

Имандылықтың асыл діңгегі болған асыл дініміздің де жай күйі көңіл алаңдатарлық. Біреуі әсіре діншіл болып, ата-баба дәстүрінен жеріп, барлығын бидағатқа балап, намаз оқымаған пендені кәпірдің қатарына қосса, екіншіміз 1000 жыл бұрын ата дініміз болып қабылданған исламнан ат тонымызды ала қашамыз. Енді бір бөлігіміз әліпті таяқ деп білмейтінімізбен шаруамыз жоқ, Құдайдың сөзі – Құранды жаттап, жақынымыздың жаназасын шығарып, Алланың аманатын тапсыратын молдаларды кекеп-мұқап, бір имамның жаңылысуына бола, бәріне бірдей топырақ шашып, тас атуда шеберміз енді. Ал өмірден өткен марқұмдарға ас бергенде, жаман түс көргенде немесе бір апаттан аман қалғанда құдайы тамақ таратып, құран оқуға молданы өзіміз іздеп кетеміз. Ондай кезде имам керек. Былайғы уақытта «әлхам» десе «арапқұл», сақал қойса «бахабис» қылып, көк есекке теріс міңгізіп, қаңғытып жіберуге дайынбыз! Бағамдай білсеңіз Алланың сөзін айтып, имандылыққа үндеп жүрген сол имам-молдалар да өз қазағымыз. Бабадан балаға мирас болған асыл дінімізді де діңгегіміздей берік ұстамасақ, ағымға бөліп арандатып кететіндер кездеспей қоймайды.

«ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА»

«Отан – отбасын басталады». Әсілі әр отбасының тату-тәтті өмір сүруі, Отанымыздың тыныштығының белгісі! Кейде туыстықтың тамырын тереңге жіберіп, татулықты ту қылып биік көтерген отбасыларды көргенде сүйсініп қаласың. Үлкені құрметті, кішісі ізетті, ағайыны тату, айналасы бақуатты. Аталарымыз мұндай әулетті «айрандай ұйыған» деп бағалаған. Олар жүрегіне ұялаған бауырлық сезімі мен жан жылуына бөлеп, жылағанын жұбатып, құлағынын сүйеуге дайын. Айрандай ұйыған татулықпен бірлігі бекем, тірлігі берекелі. Отанның іргетасының беріктігіне кепіл осындай жандар екені рас. Құдай тіл-көзден сақтасын деп іштей тілектес боласың мұндайда.

Дәл қазіргі уақытта бар қазақтың бір қазаққа айналатын кезі. Жұмылған жұдырықтай бірікпесек, өзгенің құрбаны болып кетуіміз бек мүмкін. Түсінген адамға қазақтың бірлігі сынға түсуде. Көрші елде болып жатқан дүрбелең біздің де тынышымызды алып жатқаны бәрімізге белгілі. Әлеуметтік желіде отырып алып, жаға жыртқандай жұлысатын емес, ұлт болып ұйысатын, бір бірімізді ұғысатын кезеңде тұрмыз. Құлқынға құрт болып түскен қу дүниеге алданып, оңай олжаға батамын деп қаракөз ұлдарымыз бен қыздарымызды пәтерінен қуып, қазағына қаны суып, ақшадан басқаны көзі көрмей жанталасып жүргендердің тірлігі бірлігімізге сызат түсіруде. Абай атамның «Пайда ойлама, ар ойла» деген ақылын осы тұста тыңдағанымыз жөн еді! Дәл осындай ұлттың тағдыры, мемлекеттің болашағы таразыға қойылған сәтте ақылымызға салайық, айналамызға қарайық, арымызға жүгінейік, жұдырықтай бірігейік, ағайын! Сабыр Адайша айтқанда: «Әр қазақ менің жалғызым!» ұстанымымен бір бірімізді жан жылуымызға бөлейік. Сонда ғана бірлігіміз бекем болмақ! САЛҚЫН ЖЕРДЕ АЙРАН ҰЙЫМАЙТЫНЫН ҰМЫТПАЙЫҚ, БАУЫРЛАР!

Жұматай ОСПАНҰЛЫ