ЖАҢАЛЫҚТАҒЫ МУЗЕЙ ҰЖЫМЫ ПОЛЬША, КОРЕЯ ЕЛДЕРІМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТТЫ

Уақыты: 22.10.2022
Оқылды: 2854
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасы Президентінің архиві Алматы қаласында халықаралық мамандардың қатысуымен «Ашық қоғамға – ашық архив» атты архившілердің конгресін өткізді. Конгрес жұмысының аясында Жаңалық ауылында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың заманауи тәжірибесі мен қиыншылықтары» атты халықаралық "дөңгелек үстел" ұйымдастырылды. Шараға Польша, Корея елдерінің өкілдері қатысты.

Польша елінің өкілі Ева Ковальски Кеңес замандында қуғынға ұшыраған поляктарды ақтау, қорымдарды анықтап, қазба жұмыстарын жүргізу бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтты.

Музей қызметкерлері өз тарапынан Алматы облысына күштеп көшірілген поляктарға қатысты материалдармен және де музейде сақталған тізіммен бөлісті.

Қиын-қыстау заманда көрген зардаптарды есте сақтап, қаралы тарихты жас ұрпаққа жеткізу мақсатында Польша елінде Сібір естеліктеріне арналған музей ашылған. Аталмыш музейдің директоры Войтцех Слешиньски осындай репрессия жылдарын көрсететін музейлердің маңыздылығын атап, өз музейлері шыққан каталогтарды «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің қорына сыйлап, алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс жасау туралы келісімге келді.

Мейіржан МҰСАБАЕВ,

«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі

Талғар ауданы,

Алматы облысы