ДҮНИЕ. ДӘУІР. ДОМБЫРА.

Уақыты: 18.02.2023
Оқылды: 2027
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазіргідей жаһандану дәуірінде халқымыздың бет-бейнесі, дүниетанымы, құндылығы жалғыз домбыраға байланысты болып тұр. Ол әлемге қаншалықты танылса, соншалықты қазақтың аты кеңінен таралады. Қадыр Мырза Әлінің: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» – деген өлеңінің айтар ойы осыны меңзесе керек.

Әлем жұртшылығын ерекше дауысымен тәнті етіп жүрген  Димаш Құдайбергеновтың жұлдызының биіктеуіне домбыраның ықпалы барын бәріміз көзбен көріп, құлақпен естідік. Сондықтан қазақтың жанын домбырадай ашқан, танытқан аспап жоқ деп айтуға қақымыз бар.
Ғасырлар бойы басқыншылықтың зардабын тартқан халқымыз тағдырдың сынағына ән мен күйдің арқасында төтеп бергені анық. Көкірегін ашытқан ащы зарды домбыраның шанағынан күй қылып төгіп, өзекті өртеген ауыр мұңды әннің қайырмасымен тарқатты. Талайды тамсантқан дәстүрлі әндеріміз бен күйлеріміз зарлы, мұңды болып келетіні сондықтан шығар?! Екі ішек, тоғыз пернеден әуен шығарған домбыраның шанағы, мойны ағаштан жасалады. Онда да әбден құрғаған, жеңіл, мықты, қарағай, арша сынды өзегі асыл ағаштан құралады.
Жалпы, домбыра жасаудың өзі үлкен шеберлікті, қабілет-қарымды қажет етеді. Еліміздегі домбыра жасаушылардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Солардың қатарында Алакөл ауданының орталығы Үшарал кентінде тұратын Ертай Байжалғас та бар. Былтыр «Хабар» арнасында өткен «Асыл домбыра» тележобасындағы бас жүлдеге тігілген домбыраны осы Ертай жасаған. Негізгі мамандығы суретші. Толқынды Алакөлдің қайталанбас сәттерін тап басып, кенепке түсірген суретші соңғы кездері музыкалық аспап жасауды қолға алған.
– Қазір дүниежүзі жұртшылығы домбыраны түркі әлемінің аспабы деп есептейді. Соған байланысты ұлттық аспап жасаумен айналысқаныма біраз болды. Көбіне балаларға, әншілерге, шертпе күйге арналған домбыра жасап жүрмін. Солардың арасында Сарыарқаның, Ақтөбе өңірінің дәстүрлі әншілері тапсырыс беріп жатыр. Жылына жоқ дегенде 200-ге жуық домбыра жасаппыз. Қасымда екі шәкіртім бар, – деген Ертай Өміртайұлы өз ісінің құпиясымен бөлісіп, домбырасының бағасын атап өтті. – Балалардың домбырасы 35 мың теңгеге бағаланады. Үлкен немесе кәсіби домбыралар 60 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты 1 миллион теңгеге өткен. Белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеевтің тапсырыс беруімен «Асыл домбыра» жобасына жасалған домбыра жұмсалған шығынының қымбаттығына байланысты 6 мың долларға бағаланған. Алтынмен қапталған «Асыл домбыра» 10 күннің ішінде жасалды. Осының өзі біз үшін үлкен тәжірибе әрі зор мәртебе болды. Себебі, еліміздің айтыс өнерін алға сүйреген жүйріктердің үздігіне домбыра жасау шынында оңай емес.
Енді биыл өтетін «Алтын домбыра» байқауына қатысуды ойластырып отырмыз. Онда дауысы, пернесі үлкен саралаудан өтіп, белгілі музыка шеберлерінің бағасы беріледі. Әйгілі домбырашы, ұстазым Жолаушы Тұрдығұловтың бағасын алған домбыралар ғой. Дегенмен, нағыз күйшілердің көңілінен шығу біз үшін үлкен көрсеткіш.
Өнерпаздың айтуынша, өскелең ұрпақтың арасында қолөнершілікке құмартатындары баршылық. Тек дұрыс бағыт беріп, қабілетін ұштап жіберсе, шеберлер қатарын толықтырары анық. Орта мектепте оқытылатын «Көркем еңбек» сабағынан көп нәрсе үйреніп шығуға болады. Бірақ қазір еңбек жеке пән ретінде оқытылмайтыны өкінішті. Сондықтан аудан орталығында тұратын жоғары сынып оқушыларына ара-тұра дәріс беріп тұрады екен.
Домбырашы қазіргі өнерпаздарға мемлекет тарапынан қолдау керек екенін айтады. Әрине, кәсіпкерлік нысаны ретінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан грант алуға болады. Бірақ оның өзі аздық етеді. Сол үшін қолөнер шеберлеріне мемлекеттен арнайы қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлік нысандарынан бөлек бағаласа деген ойын айтады. Әйтпесе, азық-түлік немесе күнделікті керек-жарақ дүкені ұлттық құндылықтардың орталығы емес. Тауар саудалаумен ұлттың болашағын қалыптастыра алмайтынымызды алға тартқан Ертай Өміртайұлы көршілес Өзбекстан мен Қырғызстандағы қолөнерге деген құрмет пен ықыласты мысалға келтіреді. Оның айтуынша, өзбек және қырғыз шеберлері еліміздің базарларын музыкалық аспаптармен толтырып тастаған. «Олардың орнына отандық қолөнерді қолдау керек емес пе?!» деген өзекті сауалды ортаға тастаған Ертай Байжалғас қазақтың домбырасын, қылқобызын жасайтын жалғыз орын Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы шеберхана екенін алға тартты. Сол шеберханадан оқып, білімін жетілдірген шеберлер Алматы қаласының маңында жұмыс істеп, қазақ қол-өнерінің дамуына атсалысып келеді. Ондай өнерпаздар жасағанын саудалап, өз күнін өзі көргенімен мемлекеттен нақты қолдау таппай отырғаны ащы да болса шындық.
Отандық туризмнің маңызды аймағы саналатын Алакөл ауданының орталығында тұратын қолөнер шебері ұстаханасын әр жерден жалдайтын орынға көшіруден жалыққан. Себебі, өзіне тиесілі ғимарат жоқ. Соның кесірінен бірталай құнды затқа залал келіп, жоғалып барады. Мысалы, көне музыкалық аспаптар жинаумен де айналысатын шебер осы уақытқа дейін жинаған жәдігерлерін жаңа туындылармен толықтырып, көпшіліктің тамашалауы үшін арнайы көрме жасағысы келеді. Алайда оған қоятын орын жоқ болса, қажетті ақпараттық қолдау қомақты қаржыны талап етеді. Бұл – бір. Екінші, шипа сулы көлден шығып, аудан орталығына түстенетін шетелдіктер естелікке алатын зат таппай жүргенін талай көрген Ертай шебер бірқатарын өз орталығына шақырып, жұмысын таныстырып жіберіпті. Ұлттық нақышта кескінделген музыкалық аспаптарды көрген еуропалықтар қайта айналып соғып, таныстарына айта жүреді екен. Осыған орай әлеуметтік желілерде парақша ашып, насихаттауды қоса жүргізіп келеді.
Аядай ғана шағын шеберхананың таршылығын тартқан қолөнер шебері алған бетінен қайтпай дауылпаз, шылдырмақ, қылқобыз, нарқобыз, прима қобыз, жетіген сынды аспаптарды, астау, ожау, кесе сияқты ыдыс-аяқ жасаумен де айналысады. Бәрінің алушысы бар. Кейде арнайы тапсырыс беретіндер шығады. Соның бәріне үлгеріп, қарбалас тіршіліктің көрігін қыздырған қолөнер шеберінің жұмысына сәттілік тілеп қайттық.

Мәди АЛЖАНБАЙ
Алакөл ауданы