Ұлттық құндылығының бастауы

Уақыты: 26.09.2023
Оқылды: 564
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әр тасына кие қонған қасиетті Күреңбел мекені тағы бір түрленді. Бауырына талай мықтыны басып, қыран құстай баптап, өнер көкжиегіне қанаттандырған Кербұлақ ауданында «Жұмақ өлке – Жетісу» атты Мәдениет күндері мерекесі өтті. Орталық алаңда ұйымдастырылған мәдени шараға халық көп жиналды. Сол күні олардың көңіл-күйі көтеріліп, бір-бірімен құшақ жая қауышты.   

Айшықты мерекеге жиналған үлкен-кіші алдымен арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Онда өңірге қарасты ауыл-аймақ тұрғындары өздерінде бар жақсы дүниелерін көрсетіп, таң-тамаша етті. Сөрелерге тағам түрлері де қойылып, әртүрлі заттар назарға ұсынылды. Мәселен, көрмеде аудандық кітапхананың кітаптары, Алтын-Емел ұлттық табиғи паркінде мекен ететін аң-құстардың сұлбасы, Айғайқұмның кереметі, қазақ, чешен, украин халықтарының ұлттық өнерлері, киімдері, тағам және нан түрлері, басқа да дүниелері көрсетіліп, Талдыбұлақ ауылының өнерпаздары ән-биден шашу шашты. Қол өнер бұйымдары мен құрақ көрпелер де көз жауын алып, көпшілікті өзіне қаратты.

Мәдени шара кезінде бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмыс іздеушілерді мәре-сәре етті. «Мансап» орталығының бөлім жетекшісі Анар Құдайберген «алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында аудандық қорғаныс істері, білім, электростанция бөлімдері, мектеп, балабақша, сатушы, кәсіпкерлік саласы мен пошта-байланыс торабы, «Күреңбел су» мекемесі, тағы басқалары бойынша әртүрлі жұмыс орындарының ұсынылып отырғанын айтты.

Шара барысында ел мақтанышы болар ұлы тұлғалардың есімдері де аталып өтті. Мәселен, биыл ғибратқа толы өнегелі өмір жолын келер ұрпаққа мұра қылып қалдырған өжет батырлығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ Қабан ақын атанған Қабылиса жыраудың 290 жылдығы, айтыс өнерінің ақиығы, өлең сөздің саңлағы – Сара Тастанбекқызының 170 жылдығы, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтың 120 жылдығы, Халық әртісі Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығы, Қазақ Республикасының халық әртісі, Бикен Римованың 100 жылдығы, сондай-ақ, журналист, жазушы, қазақ әдебиетіне шытырман оқиғалы детектив жанрын алып келген қарымды қаламгер қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығының кең көлемде тойланып жатқаны айтылды.

Бұдан соң мереке қонақтарын аудан әкімі Қанат Есболатов құттықтап, жүрекжарды ақ лебізін арнады.

Мәдениет – халықтың ең үлкен қазынасы, ұлттың рухани болмысы, салт-дәстүрлерінің сан ғасырлық жиынтығы. Ұлттық    құндылықтың бастауы – мәдениетте. Әр халықтың рухани байлығы, салт-дәстүрлері осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Киелі Кербұлақ жері тарихтың куәсі болған, атадан қалған мәдениетті сарқытындай сақтаған киелі мекен.     Ән мен жыры жарасқан Күреңбел өңірі көптеген өнер иелерінің қасиетті мекені. Талай тарихқа куә болған бұл өлкеде небір күміс көмей әншілер мен дүлділ күйшілер өтті, – деді.

Мерекеге сай безендірілген үлкен сахна төрінде өнерпаздар би билеп, домбырамен күмбірлете күй шертті, бұлбұл үнді, күміс көмей әншілер өнерлерін ортаға салып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

Айгүл Байбосынова
Кербұлақ ауданы
Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев