БОЯУЛАР ӘЛЕМІ

Уақыты: 19.02.2018
Оқылды: 2234
Бөлім: РУХАНИЯТ

     Аудандық кітапханада қылқалам шебері Әуелбек Ысқақовтың «Бояулар әуені» атты сурет көрмесі өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына жеке шығармашылығымен үн қосқан суретші көрермен назарына 25-тей картинасын ұсынды.

 

     Ойларын кенеп бетіне бояумен үнсіз әуен етіп өрген қылқалам шебері ақындар мен батырлардың бейнелерін, жастарды рухтандыратын символикалық тақырыптарды шығармаларына негізгі арқау етіп алған. Акварельмен ақындар бейнеленген «Кәрібай ата», «Үмбетәлі», «Кенен», «Әсімхан» портреттері, графикалық тәсілмен салынған «Көкбөрі», «Қарасай батыр», «Қызырлы жолбарыс», «Бөрілі байрақ» суреттері көрерменді бірден баурап алады. Майлы бояумен аса ыждағаттықпен орындалған «Бүркітші», «Сақ қыздары», «Тау асуында» атты туындылары да тартымды. Ел мен жердің әсемдігін паш етіп, қазақ халқының тұрмысынан сыр шертетін көркем дүниелер келушілер назарына екі апта бойы ұсынылды.
     Осы орайда Әуелбек Мұсаханұлының кәсіби суретші екендігін айта кету керек. 1980 жылдары қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің көркемсурет-графика факультетін бітірген ол студент кезінде-ақ жас суретшілер көрмесіне қатысып, кейіннен есімі суретшілер каталогына енген. Ол «Сұраншы, Саурық», «Қарасай батыр», «Даңқты диқан Қасымбек» кітаптарындағы және оннан астам ақынның жыр жинақтарындағы суреттердің авторы. Ақын әрі Үмбетәлі Кәрібаев музейінің меңгерушісі ретінде өңірге жақсы таныс болғанымен, оның кәсіби суретші екенін аудан жұртшылығы біле бермейді. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, бұл көрме жырдың қара жорғасы атанған Халық ақыны Үмбетәлінің немересі Әуелбекті көпшілікке осылайша тағы бір қырынан таныта түсті.
– Ақындыққа баса ден қойып, өзімнің кәсіби мамандығымды ұмытыңқырап қалыппын. Бірақ бойға біткен өнер тыныш жатқызбайды екен. Кейінгі кезде бос уақытымды тек қана сурет салуға арнап жүрмін. Сурет деген нағыз текті өнер, одан ерекше бір ләззат аласың, – дейді Әуелбек Ысқақов.
     Ол тек өзінің шеберлігін шыңдап қана қоймай, Үмбетәлі музейінің жанынан «Жас суретшілер» үйірмесін ашып, 2016 жылдан бері талапкерлер тәрбиелеп келеді. Соның айғағы ретінде көрмеден шәкірттері, Үмбетәлі орта мектебінің оқушылары Марлен Дәулетхан, Айерке Мұхитқызы, Маржан Қуатбергеннің салған суреттері де орын алды.
    Қылқалам шебері бүгінде Астананың 20 жылдығына орай шығармашылық ізденіске шәкірттерімен бірге кірісіп кетті. Соның алғашқы нәтижесі ретінде жуырда Үмбетәлі атындағы орта мектепте «Жаса, жайна, Астана» атты көрме ұйымдастырылды. Оның салтанатты ашылуында үйірме жетекшісі: «Ару қалам, Астанам, Аппақ қардай ақ қалам. Бар әлемге өзіңді, бас қалам деп мақтанам» деген өлең жолдарымен сөз бастап, шәкірттерінің салған суреттерімен таныстырды. Туындылардан бала қиялының ұшқырлығы байқалады. Бірі биік Алатаудың баурайындағы Алматыны бейнелеп «Астанаға Алматыдан сәлем» деп тақырып қойса, бірі кең жүректің ішіне Отанымыздың туын  енгізіп «Сүйікті қалам – Астанам» деп атапты. Енді бірі елордадағы «Бәйтеректі» салып, оның маңайына бейбітшілік құсы көгершіндерді ұшырған. Өз ойларын жеткізуі, қолданған әдістері, композициялық шешімдері де сан алуан.
     Көрмеге қойылған жиырмадан астам жұмыстың ішінен 5-6-сынып оқушылары Аружан Жансерік, Алина Сұлтанова, Рамазан Жалғасбек, Аяужан Тұрсын, Жарқынай Оразбаева, Бақдәулет Амангелді, Ділназ Жанысбаеваның салған суреттері бояуларының қанықтығымен ерекшеленді. Енді алдағы күндері жоғары сынып оқушыларының елорда мерейтойына арнаған сурет көрмесін өткізбек ниетін білдірді үйірме жетекшісі Әуелбек Мұсаханұлы.

Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы.