Бір әңгіме қозғалды ауыл жайлы

Уақыты: 14.04.2018
Оқылды: 2712
Бөлім: РУХАНИЯТ

Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі бір-бірімен ұштасып жатқан осынау Ұлы Дала қазақ ұлысының атасынан баласына жеткен құтты қонысы. Қай қиырына барсаңыз да кеудеңізді кере мақтана, жан дүниеңізді ақтара айта аласыз. Десек те, әр перзент үшін төбелерде төмпешікке айналып ата-әжелерінің зираты жатқан туған жерінің қадірі бөлек-ау. Кіндігімізді кескен, қаз-қаз басып өскен, тұнық өзенін кешкен, мөлдір бұлағын ішкен қасиетті мекен – ауыл ғой, шіркін. 

Қарабайыр десем қадірін кетіргендей болармын, қарапайым ғана қоңыр тірлік кешіп, сүттей аппақ көңілі мен айрандай ұйыған берекесі өзіне тартып тұратын ауылымды сағынғанда ұшқан құстың қанатына жармасып, асқар-асқар тауды асып, дарқандығы даладай, аңғалдығы баладай ағайынның төріне топ ете түскім келеді. Оған еркіндігім аз, әр адымым есептеулі қаладағы өмірім мүмкіндік бере қоймайтыны тағы бар. Солай екен деп өсірген өлкені есірген көңілмен есімнен шығаруға болмайтынын жұдырықтай жүрегім ескертіп қояды. Ауыл жайлы ойлағанда сол жақ тұсым толқып сала береді. Бұл ауылға деген сағыныштың белгісі еді. Шынымен де:   
Сағынғанда бойда тулап, күш ағын,
Ебін тауып, елге қарай ұшамын.
Сол баяғы пейілімен даладай,
Қарсы алады айқара ашып құшағын.
Дәл осы шумақтағыдай сағыныш жанымды тербеткенде ауылдағы елдің ыстық құшағына ентелей барып, еркелей еніп кететінім бар. Ондайда жердің алыстығы мен жолдың ауырлығына қарамайсың. Көңіліңе байланған сағыныштың қанаты қағылғанда туған ауылыңның төрінен бір-ақ шығасың.  Біршама уақыт бұрын, сондай алып-ұшқан көңілмен сағынысқан елдің ортасында болып қайттық. 
Кездесуіміздің арнасы рухани әлемге бұрылғандықтан сол ауылдан қанаттанған төрт журналист туған өлкені бетке алғанбыз. Әуе толқыны арқылы әуезді үндерімен ауыл елдің құлағында дауыстары жатталып қалған Қазақ радиосы Алматы бөлімшесінің жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы мен “Шалқар” радиосының қызметкері Гүлбағыш Бостанова оңтүстік астанадан шықты. Жетісудың жүрегі Талдықорған қаласынан журналист інім Құралбек Сәбитұлын ертіп мен де тарттым. Төртеуміздің тоқайласатын жеріміз туған жердің төрі. Әліппені қолымызға ұстатып, ең алғаш әріп үйреткен алтын ұя мектебіміз. Жалпы жыл сайын ат басын бір бұрып тұратын ауылым болғанымен бұл жолғы сапардың жөні бөлек. Ауылдан шыққан қаламгерлер ретінде арнайы шақырылғандықтан сезім де басқа. Оның үстіне былтырғы қыркүйекте ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтіп, бұрынғы жұпыны келбеті заманауи түрге еніп, ажарланып қалғанын естігенбіз. Келбеті келісті күйге енген алтын ұяның алғашқы қонағы да біз екенбіз. Әшейінде ауылға барғанда дәл мұндай әсерленбейтінмін. Бұл жолы бойымда біртүрлі толғаныс бар. Сөйтсем, ол ауылға деген сағынышым екен. Кеудемді теуіп, өлең болып сыртқа шыққысы келіп тұрғандай.
Әлде жиі түсіме кіргендіктен,
Бәлкім қасиетіңді білгендіктен.
Анамның қолынан дәм татқандар мен
Әкем көзін көргендер жүргендіктен.
 
Әйтеуір, ауыл десе көңіл бөлек,
Аунап жатқың келеді төрінде көп.
Өйткені әкем айтып отыратын,
Шет жүрсең де жеріңнен жерінбе деп!
Шынымен де анама деген сағыныш пен әкемнің аманатын сезінгендіктен бе, әйтеуір, көңілімде бөлек күй. Былайғы уақытта көлікке отырсам көп ұзамай қалғып кететін әдетім бар еді. Бұл жолы бойым сергек, ойым ерек. Қасымдағы Құралбекке әңгіме айтып, тоқтамай сөйлеп келе жатырмын. Құдды ауылымды көрмеген қонақ балаға таныстырып бара жатқандаймын. Әйтпесе Сәбиттің ұлы екеуміз сол ауылда туғанбыз. Байқаймын, оның да көңілі ерекше күй кешіп келеді. Журналист ретінде туған жеріне алғаш рет сапарлап бара жатыр. Оқушылардың ортасында, ұстаздардың алдында өзін қалай ұстау керектігін де әңгімелеп қояды ара-тұра. Сөйтіп облыстық «Жетісу» газетінің ағалы-інілі қос қаламгері мінген “темір тұлпар” желмен жарыса асудан асуды артта қалдырып, ауылдың да шетіне іліктік. Алматыдан шыққан Бақыт пен Гүлбағыш та асқақтаған көңілмен алып-ұшып жетті. Олар мінген көліктің тізгігін ізімізден келе жатқан өнерлі ініміз Берік Рашидұлы ұстаған екен. Оның да қуанышы қойнына сыймай-ақ тұр. Жеке жортқан бөрідей әрқайсымыз ауылға әр кезде барып қайтатынбыз. Көптен бері басымыз бұлайша қосылмаған еді. Оларды көріп шабыттанған көңілмен өлең оқи жөнелдім. Анығын айтқанда жоғарыдағы өлеңнің жалғасы:
Ауылымнан кетсем де қанша қия,
Есімнен шыққан емес дарқан ұя.
Содан ба маған сонша қызық емес,
Ел барғыш Әбу-Даби, Анталия.
 
Олар менің мауқымды баса алмайды,
Көңілімнің сарайын аша алмайды.
Дубайда көк тіреген ғимараттар,
Менің Хантәңірімнен аса алмайды.
 
Туған жер ақ сүт берген анамдай-ды,
Сондықтан сағынамын, алаңдаймын.
Тай мініп балалығым өткен жерді,
Тайландқа айырбастап ала алмаймын.
Осылай шабыттана жыр оқып тұрғанда ауыл әкімі Ғалым Жусанбаев інім мен ауылдық Мәдениет үйінің директоры Талғат Иманбаев досым екеуі келіп, құшақтарын ашып, бауырларына басып, аз-кем уақыт мәре-сәре болдық та қалдық. «Қой асығы демеңдер, қолыңа жақса сақа ғой, жасы кіші демеңдер, ақылы асса аға ғой» демеп пе еді данагөй бабаларымыз. Ғалым жас та болса елдің тізгінін ұстап, көшін бастап келе жатқан басшы. Асыға күтіп отырған алтын ұяға қарай көліктің басын бұрды. Бізге деген мынандай қошеметті көргенде ерекше толқып кеттік. Шынымен де осындай құрмет көретін жасқа келіп қалдық па деген сауал санамда қылаң ете қалды. Шіркін, ауыл елдің көңілі баладай, пейілі даладай ғой. Туған ауылымызға балғын шақтағыдай еркелеп келдік десек, бізді даралай бағалаған оқушылардың мына қарсы алуы көңілімізді толқытып жіберді. Мектептің қақпасынан өте бере екі қатарға қаздай тізілген балақайлар Көк байрағымызды жалауша қылып ұстап, самал желмен желбіретіп, тіпті өзімізді де елжіретіп жіберді. «Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін», – деген көңілмен балалығымыз қалған ауылға  келіп едік, аға буынға айналып кеткенімізді сездік. Бірінші қыркүйекте жаңаша келбетімен есігін ашқан алтын ұя мектебіміздің де босағасынан аттадық. Алдымен «Елі іші – өнер кеніші» дегендей, білім ордасындағы қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары мен болашақ суретші жеткіншектердің салған суреттерінен ұйымдастырған көрмені тамашаладық. Мектеп ішінен ашылған мұражайға кіріп, өткен күндерге шолу жасап, тарихқа айналған тәтті кезеңдерді көріп толқыдық. Ал енді негізгі шараға келгенде «Бір әңгіме қозғайық ауыл жайлы» деп сахнаның маңдайшасына жазылып, рухани кештен хабар беретін залға кірдік. Зал болғанда кәдімгі мектептің спортзалы. Білім ордасы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынғандықтан мәжіліс залы қарастырылмаған. Барға ырза, жоққа сабырмен келе жатқан елдің пейілі кеш өтетін жердің қолайсыздығын елеген де жоқ. Кештің шымылдығын Шалкөде орта мектебінің директоры Райхан Оралқызы ашып, елдің жағдайы, жанданған білім ордасының жаңалығымен бөлісіп, ауылға арнайы ат басын бұрған біздерге де ақжарма тілегін арнады. Ауылдың алты ауызы болсын деген ниетпен мектеп оқушылары дайындаған жыр шашумен әдеби-сазды әдемі кешімізді бастап берді. Ауылдық Мәдениет үйінің өнерпазы Нұрбақыт Мамытқанов «Ауылға барам» әнін шырқап, біздің көңіл пернемізді дөп басты. Осылай бастау алған кездесу үш сағатқа созылып, көңіл толқынысын басып, жан сарайымызды ашып, тау өзеніндей тасып, мәртебеміз асып қайттық. Кештің соңында мектеп мұғалімдеріне азын-аулақ сый-сияпатымызды жасадық. Республикалық «Алаш ұстазы» журналының бас редакторы, жазушы Дархан Бейсенбектің Білім және ғылым министрлігімен бірлесе жасаған «Алаш ұстазы» медалін үш ұстазымыздың кеудесіне тағып қайттық. Отыз жылдан аса уақыт сол мектепте табан аудармай еңбек етіп, елімізге елеулі көптеген шәкірт шығарса да аудан әкімінің Алғыс хатынан артық атақ алып көрмеген қос ана, ұлағатты ұстаз Әмина Әлімжанова мен Райгүл Әміреева ерекше қуанды. Тіпті, шәкірттерінің бұл тосынсыйы билік тарапынан берілетін ешқандай да марапаттан кем болмайтынын айтып, керісінше, осы құрметтің өзі ұстаздық жолға арналған саналы ғұмырына берілген сый деп қабылдады. Үшінші медальдің иегері Мәулен Өмекеев ағамыз біздің осы жолды таңдауымыз үшін барын салып, жанын беріп тәрбиелеген ұстазымыз. «Сендердің кез келгеніңнен жақсы маман шығатынына сенімім мол. Бірақ ең бастысы – адам болу», – дегенді санамызға сыналай сіңірген ағайымызға алғысымыз шексіз. Ауданымыздағы алдыңғы қатарда келе жатқан дара ұстазымыз, физика пәнінің білгірі, осы сала бойынша талай шәкірттің бағын ашқан Сырым Сүгіров ағайымызға «Алтын адам» статуясын сыйға тартып, алтын ағамызға құрмет көрсеттік. Осылайша әсерлі әңгіме әуезді әнге ұласып, арасында ауылға деген сағыныш жырлары оқылып, бір ақтарылып қалдық. 
Біреулер шетелді аңсап отырады,
Маған қымбат тауымның шоқылары.
Біреуге құмға күю арман болса,
Маған ыстық туған жер топырағы.
 
Баспаса да санамды ауыр қайғы,
Көрмесем сағынышым қалыңдайды.
Ерекше шабыттанып, есіп кетем,
Бір әңгіме қозғалса ауыл жайлы.
Ал енді мұндай шара неге мектептің спортзалында өтті? Жауап бере кетейін. Ауылдық Мәдениет үйі он шақты жыл болып қалды есігіне қара құлып салынып, аудан прокурорның қолы қойылып, мөрі басылған қағаз жапсырылып, ашуға тыйым салынған. Жаман ойлап қалмаңыздар. Бұл ғимараттың да салынғанына жарты ғасырдан асып кеткен. Қарағайдан салынған ғаламат ғимарат болғанымен тоза бастағаны рас. Электр сымдары да сын көтермейді. Аяқасты сол сымдардан от шықса, соңы қызыл өртке ұласып, жермен-жексен болуы да мүмкін. Ауыл жұрты сол мөр басылған сәттен бастап, облыстық мәдениет архивтер және құжаттама бақармасына өтініш жасап, сметалық жобасын да өткізіп қойған. Сол кездегі басқарма басшысы неге бейжай қарады екен, әлде кезегі келмеді ме, әйтеуір, ауыл жаққа орталықтан жайдарман хабар жетпеді. Соңғы екі жылда сол басқарманың басшысы болып, жыршы-термеші, бір кездегі айтыскер ақын Ақан Әбдуәлиев келгенде ауылдағы ағайынның қуанышында шек болмады. Оның да өз себебі бар еді. Ақан Жылқышыбайұлы дәл сол Мәдениет үйінің сахнасында 1991 жылдың мамыр айында Шарғын Алғазыұлының туғанына 90 жыл толуына орай өткізілген облыстық оқушылар айтысына қатысып, жүлде алып қайтқан. Арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де Ақан мырзаның бала бейнесі біздің ауылдағы ақеділ ағайынның жадында әлі тұр. Сөйтіп, Ақан Жылқышыбайұлының алдына сметалық жобамыз барды. Оны ары қарай жеткізіп, тосқауылдардан өткізіп, шалғайдағы Шалкөде деп аталатын ауылдың аманатын орындайтын шығар деген үмітпен елеңдеп отыр ел-жұрт. Үкілі үміт үзілмегей. Осы сапарымда ауыл үлкендері: «Әй, Жұматай, Ақан Жылқышыбайұлының қасында жүрсің ғой, арман-тілегімізді айтсаңшы. Бір кезде өзінің де өнерін қалың жұртқа жеткізген Мәдеиет үйі еді ғой. Келсін, көрсін. Елу-алпыс түтінді шағын бөлімше болса жарайды. Құрамына бір үлкен бөлімше кіретін іргелі ауылда Мәдениет үйі болмау ел басындағы азаматтарға сын емес пе? Елбасы айтқан Рухани жаңғырудың бір тармағы осы ауыл елдің өнері мен мәдениетін көтеруден басталса керек. Сен осы сөзімізді жеткіз!», – деп бұйыра сөйледі ауыл ақсақалдары. Өзімсінгені ғой. Ақан мырзаның құлағына алтын сырға. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, күні кеше ғана Райымбек ауданы қайта құрылды. Жаңа ауданды жандандыру тек орталығын ғана жаңарту емес шығар. Жан-жағына да назар салғанымыз жөн. Ауданға барған үш-төрт айдың ішінде аймақ басшысы Жолан Ыбырайақынұлы іскерлігімен көзге түсті. Бөлініп, қайта құрылған ауданның жұрты Жолан Омаровты әкім етіп тағайындағанда ерекше қуанды. Сол қуанған елдің ішінде біздің ауылдың тұрғындарының қуанышы тағы да өзгеше болды. Жайдарман жаңалық болып жақсылықтың келуімен жақсы үміттің де орындалып қаларына деген сенім ғой. Біздің де бір тілек сол – жаңарған ауданмен шалғай ауыл Шалкөдедегі Мәдениет үйінің де шырағы қайта жанса. Ел басқарған азаматтар аман болса, бұған да дұрыс қадам жасалатынына еш күмән жоқ. Тек сол қуанышты еселей түсетін жағымды жаңалықтың тезірек келіп, еңсемізді көтергені өте жақсы болар еді!

Ауылдағы той 

Әз Наурыз – Самарқанның көк тасы жібіп, Табиғат-ана құшағындағы тұтас тіршілік қайта түлейтін, бүкіл өкпе-реніш сейіліп, көктеммен бірге дүние тегіс жаңаратын жарқын шақ. Сондықтан бұл күнді сән-салтанатпен атап өту бабаларымыздан жалғасқан асыл мұра іспетті.​

 

Биыл осынау айтулы мереке біздің өлкеде айрықша атап өтілді. Іркес-тіркес жатқан Шалкөде мен Талас ауылдарының қақ ортасына тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мерекенің ажарын аша түсті. Соңғы жылдары бір әкімшілікке бағынатын екі ауылдың адамдары ынтымақ пен бірлікті ту етіп, бір-бірімен етене араласқан бір атаның ұрпақтары. Сондықтан болар, Наурыз мерекесін тойлауға екі ауылдан ағылғандардың қарасы қалың болды. 
Ұлттық ойындар ұлықталып, арқан тарту, теңге ілу, бағанға өрмелеу, көкпар, қошқар кір тасын көтеру, күрес, сияқты ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Алтыбақан құрылып, ауыл жастары әсем ән шырқады. Ат бәйгесі делебесі қозатын ауыл тұрғындарын ерекше шабыттандырды. Ақсақалдар жас өрендерге ақ батасын беріп, жұртшылыққа ізгі тілегін арнады. Мерекелік шара арнайы құрылған сахнада өз өнерін ортаға салған ауыл жастарының мерекелік концертіне ұласты. Өткен тарихымыздан сыр шертіп, Наурыздың қасиетін ұлықтайтын танымдық қойылымдар жұртшылық назарына ұсынылды. Жеті түрлі тағамнан дайындалған наурызкөже, дәмі тіл үйіретін ұлттық сусындар жас пен кәріні тегіс қуантты. Жеткіншектер асық ойнап, алтыбақан тепті.  
Мерекелік құттықтау сөзінде ауыл әкімі Ғалым Сәлімұлы: «Наурыз мерекесі – жаратылыстың өз заңымен үйлескен, табиғатпен біте қайнасқан мереке. Бұл күн бәріміздің жан дүниемізді шұғылалы шуаққа бөлейтін күн. Сондықтан, ынтымағымызды жарастырып, аталар жолын жас ұрпаққа үлгі ету осы күннен бастау алады. Осы мақсатпен Наурыз күні екі ауылдың тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлауға, айрықша мерекенің рухын сезіндіруге қал-қадіріміздің жеткенінше тырыстық», – деген еді. Расында да, дәл осы мерекеде ақеділ ағайынның ынтымақ пен бірлігін, тату тірлігін көріп төбеміз көкке жеткендей әсерге бөлендік. Оның бір себебі, аядай ауылдан арман қуып қалаға аттанған ауыл жастары ізгі мерекеде туған жеріне келіп, жаңа жылды жұртшылықпен бірге қарсы алуы еді. Ауыл азаматтарының қолдауымен қолжетімді бағада Алматыдан арнайы автобус қатынағаны жастар мен зейнеткерлерге үлкен қолдау болды.
Ата-бабамыздан жалғасқан ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, салт-санамызды сақтауда бұл күннің маңызы зор. Наурыз еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі.
 
Баудынбай АЙТАҚЫН,
Шалкөде ауылдық округі 
ақсақалдар алқасының төрағасы
 
 
Жұматай ӘМІРЕЕВ