«Жетісудың» қаранары немесе жазудан жалықпаған Жылқайдаров

Уақыты: 06.07.2018
Оқылды: 1278
Бөлім: РУХАНИЯТ

Дәл бүгінгі күні ғасырлық белеске шығып отырған Алматы облыстық «Жетісу» газеті – еліміздегі тарихы терең, ақпарат кеңістігіндегі алатын орны ерен, өз оқырмандарына айтар салиқалы ойы мен зерделі пікірі  кенен байырғы басылымдардың бірі. Қарап отырсақ, осынау жүз жылдың ішінде ата басылым қазақ халқымен небір зұлмат замандарды бірге өткеріп, елдің жоғын жоқтап, қайғысын бөлісіп, қуанышына ортақтасып, уақыт көшінен қалмай келеді екен.

Бірақ, қандай қоғамдық формация болмасын, қандай бір саяси  оқиғалар болмасын, алғаш жарыққа шыға бастаған күннен алған бағытынан таймай,  өз тағдырын халық тағдырымен өзектес еткен «Жетісудың»  өзінің насихатшылық және ұйымдастырушылық міндетінен айныған емес. Сонымен бірге, «Жетісудың» қазақ журналистикасы тарихында қойындәптерін етігінің қонышына салып жүріп, қара қарындашпен елінің жақсылығын паш етіп, басынан кешірген ауыр күндерде көпке рухани қолдау көрсеткен алғашқы қазақ журналистерін  тәрбиелеуде көш басында болғанын айта кету керек. 
Міне, жер жаннаты Жетісудың ақпарат айнасы болған   облыстық газетте табан аудармай отыз бес жылдан астам уақыт жұмыс істеген ойы сергек, қаламы ұшқыр, жайсаң жандардың бірі Мұғалімбай Жылқайдаров ағамыз еді.  Қайратты шашын бір сілкіп, қайыра тастап, қарымды қаламын көлбей ұстап, оң иығына қарай қисайып барып жазуға отырғанда «өрге салса төске озған» сүлікқарадай жазылып сала беретін. Жұмысқа берілгені соншалық, құлақ түбінен  зеңбірек атсаң да селт етіп басын бір көтермейтін. Әбден айызы қанып «Жазғаным діттеген жеріне жетті-ау!» деген шақта барып: «Әй, не болып жатыр? Неғып шулап кеттіңдер?» деп, басын көтеруші еді. 
Сонау сексенінші жылдары Қазақстанда қой басын елу миллионға жеткізу жөнінде бастама көтеріліп, оны іс жүзіне асыру жолында қыруар жұмыс атқарылды. Жекелеген аймақтарда тек қой өсірумен айналысатын жаңа совхоздар құрылды. Алматы облысы негізінен аграрлы аймақ болғандықтан бұл бастамаға жетісулықтар үлкен қолдау көрсетті.  Аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылдар ірілендіріліп, жаңадан ұжымшарлар құрыла бастады. Міне, дәл осы кезеңде жазудан жалықпайтын Мұғалімбай Жылқайдаров ағамыз облыстық «Жетісу» газетінің ауылшаруашылығы бөліміне жетекшілік етті. 
Қашан көрсең  қолынан бір түспейтін қара портфелінің  бүйірі тойған қозыдай томпиып тұратын. Ал, жұмыс бөлмесіндегі сөрелерде аузы буылған қағаз папкалар қыздың жиған жүгіндей рет-ретімен сақтаулы жататын. Бірдеңе сұрай қалсаң: 
– Тоқта, бала,  мынаны бір қарап жіберейік, – деп сол жинақталған папкаларды ақтара бастайтын әдеті бар-ды. Солардың ішінен Шеңгелді алқабын суландыру,  Бартоғайдан басталатын Үлкен Алматы каналы іске қосылғанда   суармалы жер көлемі қанша болмақ,  Күрті ауданында мал шаруашылығын  өркендетудің мүмкіндіктері, айта берсек, облыстың ет, сүт, жүн, бидай, арпа, күріш, қант қызылшасы және көкөніс түрлерінің көлемі жөніндегі деректерді қиналмай табуға болатын еді. 
Редакция табалдырығын жаңадан аттаған жас журналистерге ақыл-кеңесін айтып, қолдау көрсетуді әсте ұмытпайтын. Кейде кіріп келіп:
– Не сүйкетіп жатырсың? Көлемді мақалалар жазу керек. Қазір жазбағанда қашан жазасыңдар? «Ерінбеген етікші болар» деген. Барған жерден жиған-тергеніңе құнтты болу керек. Цифрыңа сақ бол! – деп, жазғаныңа бір үңіліп кетері бар-ды. Шығып бара жатып: «Бір көрсетіп аларсың» дейтіні және бар. Риза болып қалар ек. Мені жерлес ретінде іштартып, өзіне жақын ұстайтын.  Ол кісінің  қолынан шыққан мақалаларға редакцияда ешкім қарсы шығып, көлденең пікір айта қоймайтын.
Міне, үлкенге сыйлы, кішіге қамқор, журналистика айдынына терең бойлап, соның қаранары атанған Мұғалімбай Жылқайдаров 1928 жылы 16 шілдеде Алматы облысы, Қаратал ауданы, Қаңғай ауылында (қазіргі Алмалы ауылы) дүниеге келді.   
Сұрапыл соғыс басталып, оның нағыз қызған шағында ауылдағы мектептің 7-сыныбын жаңа бітірген 15 жасар жасөспірім Мұғалімбай колхоздың білдей есепшісі болып шыға келген. Бірақ, жүйрік көңіл ұжымшар мүшелерінің еңбек күндерін есептеуден гөрі өлең жазуға ауа береді екен. Қолы қалт еткенде  аудандық газетке ауыл өмірі туралы хабар-ошар жазып машықтанған.  
Жасынан білімге құштар жігіт 1949 жылы Қазақтың Мемлекеттік университетіне түсіп, оны 1954 жылы ойдағыдай бітіреді. 
Университетті бітіргеннен кейін Мұқаң Талдықорған облыстық «Советтік Жетісу» газетінің ауылшаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болып қызметке келеді. 1959 жылы Талдықорған облысы Алматы облысына қосылғанда «Советтік Жетісу» газеті жабылып, Мұғалімбай Жылқайдаров Алматыдағы республикалық «Теміржолшы», одан кейін «Социалистік Қазақстан» газеттерінде ойдағыдай қызмет атқарады.
1965 жылдың наурызынан  бастап М. Жылқайдаров бірыңғай Алматы облыстық «Жетісу» газетінің ауылшаруашылық бөліміне меңгеруші қызметіне келеді. «Жетісуда» табан аудармай 35 жыл еңбек еткен жылдары ол кісінің ауылшаруашылығын, оның мәдениетін өркендетуге арналған көкейкесті мақалаларында сала бойынша көтермеген мәселелері  қалмаған десек те болады.  
Ауылшаруашылығы мәселелерін жетік білетін және оған жан-жақты талдау жасай алатын қарымды қаламгер колхоз-совхоздарда шешімін таппай қордаланып қалған маңызды істерге  білек сыбана кірісіп, олардың барынша оңтайлы шешілуіне ұйытқы болып та жүрді. Ісі кері кетіп, шаруасы шатқаяқтап тұрған ұжымдарды біріктіру арқылы рентабельділігі жоғары шаруашылықтар құру жөніндегі ұсыныстары жергілікті партия және жергілікті атқарушы органдардың тарапынан үлкен қолдау тауып жататын. 
Мұғалімбай Жылқайдаров журналистика саласындағы өзінің мол тәжірибесі мен терең білімін жас журналистерге үйретуден жалыққан емес. Бұл орайда, кезінде қазіргі әль-Фараби атындағы Қазақтың Мемлекеттік университетіндегі  журналистика факультетінде өзінің журналистік өмірінде жинақтаған тәжірибесі негізінде ұстаздық етіп, жас журналистерді баулуда үлкен еңбек сіңірді. Бұл жерде «Мұғалімбай Жылқайдаровтың проблемалық мақалалары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғалып, рефераттар жазылғанына ерекше тоқталған жөн.  
Мұғалімбай аға қаламгерлердің, кейінгі толқын жастардың, туған-туыс, бауырларының жадында өте еңбекқор, сабырлы, артық-ауыз сөзі жоқ, кішіпейіл, туғандарына мейірімді, мұнтаздай болып киініп жүретін, қолынан қара портфелі түспейтін қарапайым қалпында сақталып қалған екен.     
– Жаны жайсаң, мінезі дарқан, көңілі көлдей Мұғалімбай аға біреудің басына түскен ауыртпалығын бөлісіп, қуанышына ортақтаса білетін жан еді. Мен 1988 жылдары «Қазақ тілі» қоғамдары құрыла бастағанда өлең жазып, өлеңдерімді Қарасай аудандық (бұрынғы Қаскелең аудандық) орысша-қазақша газетіне жариялай бастадым. Түпкі мақсат – аудандық орыс тілді газетті қазақша мақалалар беріп, өлеңдер жазып қазақшалау еді. Өлеңді Мұғалімбай ағадан жасырып жазып жүрдім. Себебі, Мұғалімбай аға сияқты қарымды қаламгердің қасында жүріп мен өлең жазушы едім дегеннен, шынымды айтсам, қорқатын едім. Тоқсаныншы жылдардың іші, бір мерекеде жеңгем екеуін үйге қонаққа шақырып, тамақ үстінде «Атама» деген өлеңімді оқып бердім. Бұл өлең Жылқайдар атама арналған еді. Өлең ағаға ұнаған болуы керек, өлеңді қалтасына салып алып кетті де бір аптадан кейін «Азия» газетіне жариялаттырды. 
– Сондағы ағаның айтқаны әлі есімнен кетпейді: «Бауырым, 40 жыл қалам ұстап жүріп, өзімнің әкем туралы 4 жол қалам тартпаған екенмін, сен менен оздың», – деп еске алады бүгінгі күні еңбегінің зейнетін көріп отырған інісі Шырақбай Жылқайдаров. 
Шәкең де кезінде облыстық партия, кеңес, әкімшілік  органдарында ұзақ жылдар қызмет етіп, ел тәуелсіздігінің қалыптасуына бір кісідей еңбек сіңірген абзал азамат. Әңгіме арқауы тағы да Мұғалімбай аға туралы өрбігенде: 
– Бәйтерек бабамыз: «Е, Құдай! Малымды, жанымды алсаң да қыдырымды алма!» – деп үйіне үш күн қонақ келмесе жылайды екен. Сол сияқты, Мұқаңның үйінен қонақ үзілмеуші еді. Қонақтың реті келмей жатса: «жеңгелерің бір нашар түс көріпті, жеті нан пісіріп, тамақ асып жатыр, келіп жеп кетіңдер» – деп біздерді сенбі, жексенбі күндері шақырып алушы еді. Қайран менің ағатайым! – деп, зор тебіреніспен ойын жалғастырады Шәкең. 
Мұқаң өзінің өмір жолында қазақ журналистикасының тарихында бедерлі беделі бар майталмандары, осы кәсіптің құлагерлері атанған  Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан журналистика академиясының мүшесі Қамал Смайылов, Сүлеймен Ақтаев, Сұлтанғали Қадыров, Кенжебек Есімов, Өтеміс Қонашев сынды азаматтармен үзеңгілес болды. Туған-туыстай араласты. Оларды былайғы жұрт «Алматының алтауы» деп сүйсінетін де.   
Мұқаңның негізгі тақырыбы ауылшаруашылығы, ауыл өмірі болғанымен өмірінің кейінгі жылдары тарихи тақырыпқа да бетбұрыс жасап, танымдық мақалалар жазып кетті. Мысалы: «Қазақтың түп атасы – батыр түрік», «Қазақ қайдан шыққан, Жетісу кімнің жері?», «Қадырғали Жалайырды білеміз бе?», Бақай батыр туралы тарихи мен танымдылығы құнды мақалаларының орны ерекше әрі ол ұлттық інжу-маржандарымызды зерттеуші ғалымдар  мен ғылыми ортаның   назарын аударарлық үлкен дүние. 
Жазудан жалықпайтын журналист Мұғалімбай Жылқайдаровтың еңбегі елеусіз қалған емес. Ол «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, сегіз медальдің, толып жатқан мәртебелі мекеме, ұйымдардың Құрмет грамоталарының иегері. Кеңес заманында Бүкілодақтық көрменің екі күміс, бір қола медалімен марапатталған. «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақтың иегері.
Әрқашан елінің қуанышына ортақ болған, қарапайым еңбегі мен мерейге толы мінезінің  арқасында халықтың зор құрметіне бөленген қаламгердің ғибратқа толы ғұмыры мен жарқын бейнесі газет оқырмандары мен саланың жас қызметкерлерінің жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз.

Ғалым Жазылбеков,
республикалық «Президент және халық»
газетінің Алматы облысы бойынша
меншікті тілшісі