"АЛТЫН ТҰҒЫР"

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 1347
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Онда халықтың руханиятына қосылған үш томдық «Алтын тұғыр» кітабының таныстырылу рәсімі орын алып, аталмыш жинақтың шығу барысы кеңінен сөз етілді.

 

   Шығармашылық адамдарын  төл туындысы арқылы насихаттап, берекелі елді мекендердің абыройын асқақтатып, тірлік-тынысы мен жетістігін сөз өнері арқылы тарихта қалдыру, сондай-ақ, оқырманды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жыл сайын дәстүрлі «Ауылым – алтын тұғырым» онлайн әдеби байқауы ұйымдастырылып келеді. Қуанарлығы сол, аталмыш дода шара ретінде өтіп қана қоймай, байқауға қатысқан қаламгерлердің тың туындысын үш томдық жинақ етіп шығаруды қолға алған. Баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеген «Ауыл» партиясы «КазКонтент» АҚ-ның облыстық филиалының төрағасы Қанат Бекиев  аталмыш игі іс жайлы кеңінен ақпар беріп өтті. 
   «Ауылым – алтын тұғырым» байқауы «Ауыл» партиясы «КазКонтент» АҚ-ның «Әдебиет порталымен» бірлесіп ұйымдастырып келе жатқан жобасы. Бұл әу баста республикалық деңгейде өрбігенімен, бүгінгі таңда өзге мемлекет қаламгерлерінің қатысуымен халықаралық деңгейге ұласқан. Бұл дегенеміз алақандай ауыл тынысы мен тарихын бедерлеуге жарқын жол ашылды деген сөз.
Өз кезегінде сөз алған аталмыш партияның облыстық филиалының жетекшісі Қаламқас Исаева «Алтын тұғыр» үш томдық жинағының мазмұны жайлы әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, кітап поэзия, проза және драматургия жанры бойынша жарық көрген. Өйткені байқауда қаламгерлер әдебиеттің осы үш тармағымен сынға түсіп келеді. Биылдан бастап аталмыш додаға қатысушылар қазақ тілінде жазылған туындыдан өзге орыс тілінде бедерленген шығармаларын да жолдай алмақ. Ал негізінде бұл «Алтын тұғыр» кітабына байқауға түскен 530-дан астам туындының ең жақсы дегендері еліміздің көрнекті қаламгерлерінің іріктеуімен сұрыпталып енгізілген.
   Аталмыш жиын барысында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шара қонақтарына бірқатар көкейкесті саулдарын жолдап, тұшымды жауап алды. Айта кетерлігі, үш томдық жинаққа жетісулық бірқатар қаламгерлер мен жас ақындардың да туындылары енген-ді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.