Жамантастағы жақсы бастама

Уақыты: 07.08.2018
Оқылды: 1352
Бөлім: РУХАНИЯТ
Алакөл ауданында елімізде тұңғыш рет ұзақ қашықтыққа салт аттылар серуені ұйымдастырылды. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған салт аттылар серуенінің басты мақсаты – көпшілікті салт атпен серуендеуге үндеп, салауатты өмір салтын қалыптастыру және отандық туризмді дамыту. Табиғатымызды аялап, туған жеріміздің көрікті жерлерін танымал тұлғалар арқылы насихаттау. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма кеңесінің төрағасы Сауат Мыңбаев, «ZHERSU» ИӨК» бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен елге танымал спортшылар қатысты.
 
Алакөл өзінің шипалы көлімен әлемге танымал. Жыл сайын көлге келіп, ем алып, демалып қайтатын туристердің қатары арта түсуде. Өткен жылы 500 мыңға жуық турист қабылдаған Алакөлде биыл миллионға жуық адам демалады деп болжануда. Инфрақұрылымы нығайып, демалушыларға жайлылық сыйлайтын пансионаттардың қатары көбейген сайын келушілердің қатары артты. Оның үстіне өткен жылы Алматы – Алакөл бағытына пойыз қатынап, Үшарал қаласындағы әуежайдың жұмыс істегені туристерді алаңсыз жеткізуге сеп болды. 
Алакөл тек көлімен ғана белгілі емес. Аң-құсы жыртылып айырылатын тау-тасы, аспанмен бой таласқан биік шыңдары мен қарағай, қайың, шыршасы кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Алайда, осы тұнып тұрған табиғи байлықты әлемге танытып, шетелдіктердің қызығушылығын арттырудың, экотуризмді дамытып, табысты молайтудың ұтымды жолы қалыптаса қойған жоқ. Енді ел азаматтары осы бағыттағы жұмыстарды қолға алып, үлгі көрсетуге кірісіп кетті.
Жалама жартасты беткеймен, көкорай шалғын көмкерген жазықпен атпен жүру әркімнің-ақ арманы.  Осыны ескерген Бауыржан Оспанов ұлттық құндылықты ұлықтап, экотуризмді дамыту мақсатында танымал тұлғаларды өскен жері Лепсіге шақырып, «Лепсідегі салт аттылар серуенін» бірінші рет ұйымдастырды. Оның сан түрлі артықшылығы бар. Алдымен ұлттық құндылық насихатталса, екіншіден, салт атпен тауға серуен құру кәсіп көзіне айналып, жергілікті тұрғындардың қаржы табуына жағдай туады. Бұл бастама туризмді өркендетуге өзгеше леп әкеледі. 
Шараға қатысушылар алдымен Лепсі ауылының маңында кездесіп, жаңа бастаманың мәні мен маңыздылығы туралы әңгіме өрбітті. Осыдан кейін Жоңғар Алатауының баурайымен Жамантас жайлауына көтерілді. Тау жолының қиындығы көп болса да жүргіншілер жалыққан жоқ. Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, ММА аралас жекпе-жегімен айналысатын Арман Оспанов, 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев, Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев сынды ел мақтанышына айналған спортшылар бірде шауып, бірде желіп отырып, бірнеше асудан асты. Олар жол-жөнекей Жетісудың керемет табиғатына тамсанып, әр жерден күтіп алып,  қошемет көрсеткен алакөлдіктердің достық пейіліне ризашылығын білдірді.
Жол бойындағы тұмса табиғат, тұнып тұрған көркемдікті көріп көңілденген Арыстанбек Мұхамедиұлы: 
– Шараны ұйымдастыру жайлы сөз болғанда осындай нәтижелі болады деп ойламап едім. Шынында тұнып тұрған көркемдікке қарап, ата-бабаларымыз бізге қандай қасиетті жерлерді еншіге қалдырғанына тәнті болдым. Ендігі мақсат  – осы көркемдікті әлемге паш етіп, шетелдіктердің қызығушылығын арттыру үшін жұмыс істеу. Бүгін сол игі іс басталды.  Осы ретте шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Бауыржан Оспановқа шынайы ризашылығымызды білдіремін. Бұл бастаманы басқа елжанды азаматтар іліп әкетеді деген сенімдемін, – деді.
 Лепсі ауылынан таңғы сағат 8.00-де атпен шыққан топ түскі 2.00-де теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан, ауылдан 50 шақырым шалғайдағы Жамантас жайлауына жетті. Иір-қиыр тау жолы аттарды қара терге шомылдырып, шаршатқанымен қонақтардың көңілі көтеріңкі.
Биыл Бауыржан Кеңесбекұлы қаржы бөліп, Лепсі ауылынан Жамантас жайлауына баратын 80 шақырым жолды жасатыпты. Бұл жолмен жеңіл автокөлік іркіліссіз қатынай алады. Осыны көріп, кәсіпкер азаматтың туған ауылына деген сүйіспеншілігіне тәнті болдық. 
– Экотуризмді дамыту Алакөл ауданында көптен бері қолға алынуда. Енді Бауыржан Кеңесбекұлы жаңа бастаманың шымылдығын ашты. Алдағы уақытта оны ары қарай жалғастыру үшін аудан әкімдігі жағынан қолдан келген бар көмекті көрсетуге дайынбыз, – дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев.
 
Қажет АНДАС