ЕРТЕҢГІ ЕЛ ШЫРАҒЫ

Уақыты: 04.09.2018
Оқылды: 1491
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Алдында отырған шәкірті қатарынан оза шапса, ұстаздың бір марқайып қалатыны сөзсіз. Бәйгеге баптаған жүйрігі сында сүрінбей, үкілеген үмітіне қанат бітірсе, одан асқан мәртебе бар ма? Кеше ғана білім сарайында тәй-тәй басқан құлыншақ мәреде топ жарса, еңбектің еш кетпегені емес пе?

 

   Әрбір ұлттың қилы кезеңдерде ұрпақ тәрбиелеудегі талғамдары әртүрлі болғанымен бәріне ортақ бір түпқазық  ертеңіне деген асқан жауапкершілікпен түйіседі. Жас ұрпақ  жеке  адамның ғана емес, ұлт пен елдің ертеңі, болашақтың мұрагері. Сондықтан тәрбие барысында тағылымды ойларға жол салған дұрыс. Шәкірт қабілетін анықтап, жас бұлақтың көзін ашып, бағын жағу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Осы орайда Қадырғали Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының ұстаздары дарынды оқушы тәрбиелеуді үнемі алға қойып отырады. Онысы келешектің жүзі жарқын, қабілеті қарымды болсын дегені. Тіпті, сол үдеден шығып жүрген шәкірттері де бар. Соның бірі – аталмыш білім ордасының 10-сынып оқушысы Жансая Даниял. 
   Ол республикалық Абай оқуларының «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша  І дәрежелі дипломды иеленді. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 245 өлеңін  жаттап, республикалық кезеңде жиылған қауымды таңдай қақтырды. Жансаяны шыңдап, жетістікке жетуіне қомақты үлес қосқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аруна Даутованы айтпай кеткеніміз ағаттық болар. Бала күнінен өнерге құштар дарынды қызды бауырына басып, бар білгенін бойына сіңірген ұстаздың еңбегі еш кетпеді. Өзінің айтуынша шәкіртінің көзіндегі отты байқаған ол бірден өлең жаттатып, үлкен додаларға дайындаған.
– Жансая өте елгезек қыз. Айтқаныңды бірден қағып алады. Күніне 10-11 өлеңді жаттауға бар. Абайдың жырлары ауыр ғой. Әрі поэмалары өте ұзақ. Сонда да Жансая ешқашан мүдірген емес. Бұл жеңіс қос тараптың талмай ізденгенінің арқасы, – деді Аруна Сәрсембайқызы.
   Иә, талантты жас тәрбиелеу кез келген ұстаздың арманы. Себебі, олар ертеңгі елдің шамшырағы. Қашанда елдің мүддесі үшін білек сыбана қызмет ететін жастардың көбейгені көңілге қуаныш ұялатады. Лайым ұрпағымыз Жансаядай алғыр болғай!

Қабыл ИСА