Ақын рухы асқақтады

Уақыты: 27.09.2016
Оқылды: 2949
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қазақ поэзиясының дамуына зор үлес қосқан аса көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік және бүкіл түркі дүниесі жазушыларының Физули атындағы сыйлығының лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің жауһар жырларын ұрпаққа өнеге ету, оның мол мұрасы арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, өлең құдіреті мен мемлекеттік тілдің  мәртебесін көтеру мақсатында «Жүрегі жырдан жаралған» атты республикалық жазба ақындар мен әншілер байқауы өтті.

 

Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған өнер додасының шымылдығын облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов өз құттықтауы­мен ашты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арналған Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», – деген сөзін тілге тиек ете келе ол тілдер мерекесі аясында өткізіліп отырған ақындар мен әншілер байқауының маңыздылығына тоқталып өтті. Өнер додасын тамашалауға келген жұртшылыққа Тұманбай ақынның жары Күлтай апай, ұлы  Дәурен мен қыздары Жазира және Жаннаны таныстырып, Лаззат Махатұлы әйгілі лириктің зайыбын сахна төріне шақырып, халқымыздың салты бойынша сый-сияпат көрсетті.

Марапаттау шаралары мұнымен аяқталған жоқ. Атап айтқанда, осы күні Лаззат Тұрлашов Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Күлпаш Байтаеваға, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы Ермек Ақшабаевқа облыс әкімінің грамотасын, «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Сарыбаевқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасын, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Болысбай Момбаевқа, Қапшағай қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бибігүл Шәйкеноваға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Құрмет грамотасын салтанатты түрде табыс етті. Сол сияқ­ты облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысы Ахмет Кендірбекұлы экология департаментінің бас маманы Сейдалы Сариевті, Ақсу ауданы Қапал ауылдық округі әкімінің жетекші маманы Владимир Чепельді, Панфилов аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исламғали Үркімбайұлын, Қаратал ауданына қарасты Б. Римова атындағы мектептің әдіскері Динара Қыдырбаеваны басқарманың Құрмет грамотасымен марапаттады.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Әдебиет порталымен» бірлесіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттау, ақын мұрасы арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, өлеңге таласы бар жас ақындардың жолын ашу және өлең құдіреті арқылы мем­лекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында дәстүрлі «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты жазба ақындардың республикалық онлайн- мүшәйрасын өткізген болатын. Осы байқаудың қорытындысы да Тіл мерекесінде шығарылды. Еліміздің барлық аймағында тұратын жырсүйер қауымның дауыс беруі арқылы анықталған  жыр додасында үшінші орынды жерлесіміз Мағрипа Сандуғаш, екінші орынды ақтөбелік Ақылбек Мырзабай, бірінші орынды Шығыс Қазақстанның ақыны Нұржан Байтөс жеңіп алды. Ал бас жүлде Астана қаласында тұратын Ұмтыл Зарыққанның үлесіне бұйырды. Жеңімпаздарға арналған дипломдар мен ақшалай сыйлықтарды Ахмет Кендірбекұлы табыс етсе, осы байқаудағы «Әдебиет порталының» Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығын «Қазконтент» акционерлік қоғамы «Әдебиет порталы» интернет жобасының жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы Шығыс Қазақстан облысының ақыны Алтынғадыс Күнтуғанұлына өз қолымен ұсынды.

Жыр мерекесіне келген жұртшылық Тұманбай Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығы жайлы түсірілген деректі фильмді тамашалағаннан кейін сахнаға еліміздің әр шалғайынан келген ақындар мен әншілер шақырылды. Бұл жерде Қазақстанның 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 16 ақын мен талапкер әншілер өздерінде өткен іріктеу сайысында оза шауып, ақтық жарысқа жолдама алғанын айта кету керек. «Алуан- алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» дегендей, үміттерін үкілеп келген жастарға ұлтымыздың жезтаңдай әншісі, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрғали Нүсіпжановқа, көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, ақын, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің екі мәрте лауреаты, «Әдебиет порталының» жетекшісі Бауыр­жан Қарағызұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Алматы облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев, ҚР мәдениет қайраткері, Мемлекеттік қызметтің үздігі, Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Ахмет Кендірбекұлы  әділқазылық жасады.

Байқаудың шарты бойынша үміткерлер алдымен қазақ поэзиясының төрінде жұлдыз­ды орны бар, асқан талант иесі Тұманбай Молдағалиевке, содан кейін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған өлеңдерін оқыды. Ал әншілер Тұманбай ақынның сөзіне жазылған бір әнді орындады. Ұлылығы қарапайымдылықпен көркемделген, адамдығы сыпайылықпен өрнектелген, тектілігі адамдықпен суғарылған Тұманбай жайлы қалай айтсаң да ақиқаттан алыс кете қоймасың белгілі. Осы орайда жас ақындар тұлғаны қалай айшықтар екен деген ой әркімді де мазалаған болар. Өзінің поэзиялық ғұмырында 500-ге тарта әнге сөз жазған Тұмекеңнін қазақ даласын тербеген тамаша әндерді ойлы шумақтармен әрлегенін жақсы білеміз. Сондықтан әншілеріміз үшін өз өнерлерін барынша ашып көрсетуге мүмкіндіктері мол еді. Жер жаннаты Жетісудың кіндік қаласы жаңарған, жасарған Талдықорғанға кең-байтақ Отанымыздың әр шалғайынан келген үміткерлер осы үдеден шыға білді де. Жыр мерекесіне келген жұртшылық алдымен өзі – өлеңіне, өлеңі – өзіне айналып кеткен сүйікті ақыны Тұманбай Молдағалиев турасында ақындардың толғауларын тыңдап, мәңгілік жыр ғұмыры басталған тұлға жайлы тамаша өлеңдерден ләз­зат алды. Ата-бабаларымыз талай ғасыр арман еткен тәуелсіздік тақырыбы да ақындардың ақеділ жырларында асқақтай түсті.

Өз өлкелерінде оза шауып, жүзден жүйрік шығып келген ақындарға баға беру қашанда  қиын шаруа. Десе де, қазылар алқасы көл түбінде жатқан маржандай шынайы өлеңдерді теріп алып, әділ шешім шығаруға тырысқаны анық. Осылайша жүлделі үшінші орынды Батыс Қазақстанның ақыны Талғат Мықи, алматылық Балтабек Нұрғалиев, астаналық Ажар Ерболған иеленді.  Екінші орынды облысымыздың ақыны Динара Мәлікова, ал бірінші орынды Павлодардан келген Айбек Оралқанов еншілесе, бас жүлде атыраулық Серік Қойшығұлов­тың қанжығасына байланды.  Жеңімпаздарға дипломдармен бірге тиісінше 60, 70, 80 және 100 мың теңге ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал ән байқауында ақмолалық Гүлнұр Аймахан, қарағандылық Амангелді Ахметжанов, маңғыстаулық Нұрперзент Жүсіпбекұлы  үшінші орынды, павлодарлық Жібек Айтбаева, қостанайлық Жарқынбек Дерипсалдин екінші орынды, облыс өнерпазы Гаухар Ермекқызы бірінші орынға көтерілсе, бас жүлде Астананың әнші қызы Әнел Смаилованың еншісіне бұйырды. Байқауға қатысқан барлық үміткерлер  өнер додасынан бос қайтпады. Олардың барлығына арнайы дипломдармен бірге ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Халқының жүрегінде сыршыл өлеңдерімен, кіршіксіз ақ көңілімен, мейірімге толы жүзімен, қамқор мінезімен мәңгілік орын алған Тұмаш ақын бұл күні тағы бір биікке көтерілді. Ол өзінің ізімен поэзия әлемінде есімдерін айшықты жырмен жалғағысы келіп, сөз маржанын теруге ұмтылған жастарды рухымен демеп тұрғандай. Еліміздің ән әлемінен ойып тұрып орын алған, әсем әндерін әуелете шырқап, өнерлерін ел талқысына салған әншілерге аппақ қанат арман сыйлап жатқандай әсерде болдық. Алатаудың ақша бұлттарындай көкке өрлеп кеткен өнерін пәни жалғандағы бізге, яғни туған елінің ортасында қалдырып, мәңгі өмірдің даңғылына түсіп кетіпті Тұмаш ақын, Тұманбай Молдағалиев! Ақын сонысымен мәңгі, сонысымен ұлы.

Қуат Қайранбаев