"ҚАЗАҚ" АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Уақыты: 10.01.2019
Оқылды: 2945
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Қазақ» атауы «қази-ақ» сөзінен шыққан. «Қазидың» түп мағынасы «қазы», «әділ сот» деген ұғымды білдіреді. Айтушылар бұларды татар-маңғұлдан, хандары Шыңғыс тұқымынан болған деседі. Алғаш мұсылман болған Береке, XVIII ғасырдағы Ғазан хандар иман келтіріп, дінге кіргеннен кейін екеуінен әр уәлаятта мұсылман хандары болған.

Осы әулеттерден атақтысы Өзбек хан еді. Мұның кезінде моңғолдардан да көп адам дінге кірген, Өзбек өлген соң ұлы Жәнібек хан исламға енген көшпенділерді үшке бөліп, Ұлы жүзге Үйсінді датқа қойып, Жалайыр атты кісіні оған наиб орынбасар етті. Орта жүзге Арғынды бек етіп, Найманды оған көмекші етті. Кіші жүзге Алшынды би қойып, Жаппасты оған көмекшілікке тағайындады. Билікті өздеріне тапсырып, жылына екі рет хан алдында есеп беріп отыруға шақырған. Олар әмірді қабыл алып, Еділ, Жайық, Есіл, Пурл, Жем, Арал орталарында көшіп-қона жүріп, хан жарлығына сәйкес бітірген істерін, ахуалдарын айтып, есебін тапсырып тұрды. Хан жанындағы ғұлама, қазиналарына осы істегендері қалай, дұрыс па деп сауал қойғанда, олар шешімдерін дұрыс деп тапқан. Хан бұлар кітап оқымаса, мәселе қарамаса, тек ақылға жүгініп, осынша іс тындырып жатыр ма деп сұрағанда ғұламалар істегендері ғажап екен дескен. Бұларға ешқандай мүфтидің керегі жоқ, өздері қази-ақ  екен дескен. Содан қазақ шығыпты.
«Ақ» сөзін қосу қазақ әдетінде бар. Мысалы, біреуді мақтаса кісі-ақ, жақсы-ақ, адам-ақ деседі. Бұл хабарға қарағанда қазақ үш жүзге шамамен 1300–1400 жылдары бөлінгендігі байқалады. Ал «Мустафадул-Ахбарда» бұлай бөлінуі 1680 жылдары деп автор тексермей, анығына жетпей жазып жіберген. Қазақ нассабшылары жүз, екі жүз жылғы істерге таласып отырмайды. Уақиға мың жылдан бері болса да, ішінде жүргендей біле береді. Үш жүздің бөлінуі мыңнан ары, тіпті қазақ атауынан да көне екеніне ишарат етсе керек. Егер хан сөзімен айтып, аты қойылған болса қазақтың «з» әрпі зат әріп таңбасымен жазылуы керек. Осы тарихи нұсқа шындыққа келетін дерек. Ең дұрысы, дәлелдісі осы деп ойлаймын.
Бір сыйлы адамның бірауыз сөзімен бір тайпа елдің аталып кетуі тарихи үрдіс. Тіпті, жай халықтың атауымен де солай болып кете барады. Мысалы, арабтар барбарларға: «Маһазиһил – барабира, бұл не деген көне сөз», – деп, содан түгел халық барбар аталып кеткен. Халық сыйлап әз Жәнібек деп дәріптеген ханның аузынан шыққан сөз, әрине, басқаларға өтімдірек болып, беделін де арттырады.

Құрбанғали ХАЛИД
XVIII ғасыр «Тауарих хамса» кітабынан