Сүйінбай, Жамбыл жері осы

Уақыты: 06.10.2016
Оқылды: 2953
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақындар мен батырлар елінің Мәдениет күні орталық алаңда өзіне тән асқан сән-салтанатпен аталып өтті. Шат-шадыман көңіл-күйде мереке көрігін қыздырған жамбылдықтар Ұзынағаш аспанын әсем ән мен күмбірлеген күйге бөледі. Елін жаудан қорғаған жүректі батырлары ат ойнатып, арқалы ақындары телегей-теңіз жыр төккен киелі мекенде өмір сүріп отырған бүгінгі ұрпақ бұл күні мәуелі мәдениетімен ғана емес, толымды тірлігімен де мақтана алатынын паш етті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев қатысты.

Ақындар мен батырлар елінің Мәдениет күні орталық алаңда өзіне тән асқан сән-салтанатпен аталып өтті. Шат-шадыман көңіл-күйде мереке көрігін қыздырған жамбылдықтар Ұзынағаш аспанын әсем ән мен күмбірлеген күйге бөледі. Елін жаудан қорғаған жүректі батырлары ат ойнатып, арқалы ақындары телегей-теңіз жыр төккен киелі мекенде өмір сүріп отырған бүгінгі ұрпақ бұл күні мәуелі мәдениетімен ғана емес, толымды тірлігімен де мақтана алатынын паш етті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев қатысты.Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында «Егеменді елдігім – Тәуелсіздік теңдігім» айдарымен ұйымдастырылған Мәдениет күні ақындар аллеясындағы Жамбыл Жабаев бюстіне гүл шоғын қойып, туғанына биыл 170 жыл толған ақын рухына тағзым етуден бастау алды. Облыстық қазылар алқасы бастаған топ арнайы осы күнге орай әзірленген көрмені аралады. Жылдағыдай биылғы Мәдениет күні де аудан тұрғындарының рухани өміріне тың серпіліс әкеліп, ерекше ынта-жігер бергені байқалады. Көрмені тамашалау «Ақ әжелер» фольклорлық-этнографиялық халықтық ансамблінің тіккен отауынан басталды. Құрылғанына биыл 30 жыл толған өнер ұжымының мәдени-рухани өмірде алар орны айрықша. Ақ кимешекті апалар әніне көрерменнің ықылас-қошеметі қашаннан ерекше. Ұлттық өнеріміздің асылы мен тұнығын, көкірек түкпірінде көздің қарашығындай сақтап келген әдет-ғұрып, салт-дәстүрін халыққа өнер тілінде жеткізе білген асыл жандар қолөнерді қолға алып, ісмерліктерін де көрсетті. ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ауданның Құрметті азаматы, «Күміс алқалы» ана Күміс Кемелбекова жетекшілік ететін ұжым бойындағы өнерді жастарға жалықпай үйретіп келеді.
Айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай, жыр жампозы Жамбыл, өлеңнің қара жорғасы Үмбетәлі ақындардың әдеби-мемориалды мұражайларында тұрған жәдігерлердің біразы көрме керуенін байытқан. Тіпті, кезінде Жамбыл ақын мінген көк түсті көне автокөлік алаң шетіне «өз аяғымен» келіпті. Кейінгі жылдары оны ұлтжанды азаматтар күрделі жөндеуден өткізіп, жүргізіп қойған болатын. Сондай-ақ, аудан аумағында орналасқан «Таңбалы» табиғи қорық мұражайының таңбалы тастары бағзы заман мәдениетінен сыр шертеді. Көрмені тамашалаушыларды орыс, түрік, ұйғыр этномәдени орталықтары өз халқына тән қонақжайлықпен қарсы алып, салт-дәстүрін, қолөнерін көрсетті. Биылғы мерейтойлы жылғы атаулы даталарды қамтыған аудандық кітапхананың, «Ұзынағаш» жекеменшік медицина колледжінің, оқушылардың қолынан шыққан нешетүрлі қолөнер бұйымдарын ұсынған «Жас Ұлан» оқушылар үйі мен «Өнер» мектебінің көрмелері тиісті бағаларын алды. Сондай-ақ, спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудан спортшыларының республикалық, халықаралық, әлемдік жарыстарда қол жеткен жеңістері көрсетілді.
Жалпы бұл мереке өнердің ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстары мен жетістіктерінің де көрсеткіштері екенін айқын аңғартты. Көрмеде ауылшаруашылығы өркен жайған ауданның «Мыңбай», «Ранай», «Бейбіт» шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынды. Өнеркәсіп саласында табысты жұмыс істеп тұрған Қасымбек ауылындағы «Техсан Қазақстан инвест» электр бұйымдарын шығаратын зауыт, Таңбалытас ауылындағы «Жамбыл керамзит компаниясы» ЖШС, жұмыртқа өндіретін «Сұңқар Құс Алматы» құс фабрикасы, Үңгіртас ауылындағы пластикалық құбырлар шығаратын «Пласт Инвест» зауыты өкілдері өз кәсіпорындарының өнімдерімен таныстырды.
Негізгі той-думан Мәдениет үйінің алдындағы алаңда өтті. Мұнда облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев жамбылдықтарды облыс басшысы Амандық Баталовтың атынан мерекемен құттықтап, Жетісу өңірінде мәдениет саласында қолға алынып жатқан тың істермен таныстырды. 
– Ынтымағы сүттей ұйыған, берекесі селдей тасыған, еліне бақыт пен ырыс қонып, жеріне байлық тұнған, тамыры терең, өмірі өлең, қойнауы құт, қызырлы мекен – Жамбыл жеріне қош келдіңіздер! – деді  аудан әкімі Жандарбек Далабаев көпшілікке. – Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған тарихи тұлғалары және де әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтана алады. Сөйтіп, өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», – деп атап көрсетті. Біз елдік пен ерліктің туын әрдайым жоғары ұстайтын, татулығы мен бірлігі жарасқан, келешегі кемел елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз, – дей келе  аудан өнерпаздарына шығармашылық шабыт, сәттілік тіледі.
Мәдени бағдарламада «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Ақ әжелер» халықтық ансамблі, аудан өнерпаздары ән салып, би биледі. Бірнеше жүздеген адамның қатысуымен тарихтан сыр шерткен көріністер қойылды, ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілді. Бұл күн 150 мың тұрғыны бар, отыз ұлттан құралған аудандағы халықтар достығының, олардың болашаққа деген берік сенімінің, ынтымақ-бірлігінің айқын көрінісіндей болды.

Серік 
САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы.