БЕСІК ПЕН БОКС

БЕСІК ПЕН БОКС

Өткен жолы "Қарекет" хабарында бесікке бөлеу мәдениеті жайлы сөз қозғағанбыз. Соны Тілеуқабыл Мыңжасар ағам көріпті. Бірер күн бұрын жұмыстан асығыс шығып келе жатсам, "Хабардың" тілшілері біреуден сұқбат алып жатыр екен. Тілекең мені көре салып қасына шақырды.

- Сен қазақтың боксшылары неге Олимпиада сайын алтын алып келеді, білесің бе? - деді.

- Білмеймін, - дедім асығыс екенімді сездіре алмай қипақтап.

- Бәрі бесіктен, - деді. Сосын қолымен көрсетіп, тілімен бейнелеп түсіндіре бастады.

- Бала бесікте шалқасынан жатады. Белден төменгі жақ байлаулы, тек қолы бос. Екі көзі жоғарыда. Ал ол жерде көретіні не? Көретіні ұзыннан жатқан белағаш (арыс). Оған іліп қойған түрлі сылдырмақ ойыншықтар. Іші пысқан бала ойыншықтарды алдымен түртеді, онан соң ұра бастайды. Міне былай,- деп Тілекең қолымен груша ұрғандай көрсете бастады.

- Онан соң,-деді менің ықыласымды аңғарып. - Бесікті біз ары бері тербетеміз, баланың басы оңға-солға шайқалады. Бұл дегенің орысша айтқанда "уклон" ғой.

- Ой, аға, қатырасыз. Мынауыңыз күшті екен, сізді хабарға шақыруым керек еді,-деп кетуге ыңғайлана беріп едім.

- Мен мұны Ермахан Ыбырайымов чемпион болып келгенде өзіне айтқанмын. Жүрген жеріңде айта жүр дегенмін,-деді де тағы бір сұрақ қойды.

- Ал, сен қазақ неге футбол ойнай алмайды білесің бе?-деді.

- Білмеймін, - дедім тағы да.

- Бұл да бесіктен. Ойбай-ау, баланың екі аяғын байлап қоямыз ғой біз.

- Ой, сіз де айтасыз-ау. Шынымен де солай-ау,- деп әңгіменің соңын күлкіге жеңдіріп, кетуге ыңғайлана бердім.

- Егер бар ғой, баланың аяғын бос қойып, төмен жаққа тебетін бірдеме іліп қойсақ біздің балалар каратэ мен футболдан чемпион болар еді,-деп Тілекең қала берді.

Кеше сондай бір қазақтың баласы жұдырықтасудың "қазақы стилін" көрсетті. Жәнібек едәуір өсіпті. Бабы келіп тұр, енді бағы жана берсін!

Есболат АЙДАБОСЫН

"Facebook" парақшасынан алынды

Оқи отырыңыз