Серік ӘБІКЕНҰЛЫ: «ҚАЗАҚТЫҢ ЖҮРЕГІ»

Уақыты: 05.02.2019
Оқылды: 1959
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алты Алашқа алақайлап «Мизам» әдеби клубының құрылғанын жеткізген едік. Міне, қазақ әдебиетіне жаңаша рең беріп, жастардың талантын танытатын клубтың кезекті кеші көрерменге жол тартты. Осы кезекте қаламы қарымды жазушы әрі журналист, «Парасат» журналының бас редакторы Серік ӘБІКЕНҰЛЫНЫҢ шығармашылығы сахналанды.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің бас ғимаратында әдебиетсүйер қауымға арналып «Ұлыма хат» атты театрландырылған кеш өтті. Жазушының қалың оқырман жастанып оқитын «Жегі», «Жолбарыс жымы» жинақтары театр тілінде сүйінтіп, сүйіндіріп сөйледі. Ұлттың темірқазығы іспетті «Қазақтың жаны», «...жүрегі», «...тәні», «...өмірі», «...Тәңірі» тақырыбындағы «Қазақ. Бітеу жара» циклі көңіл тербеді. Оқу бір басқа, ал сахнадан көрудің жан толқытар ләззаты мен жүрек шымшыр шынайылығы тағы бір басқа. Қазақтың салт-санасы, ұлттық ұстыны, ұлағаты бірінен соң бірі көрерменді толқытып, терең тағылымға шомдырды.

Мысалы, «Қазақтың жаны – нәзік, гүл сынды үлбіреп тұр. Қату қолдар қанша жұлса да тереңде жатқан тамырынан нәр алып, езілген сабағындағы жарасын шырынмен емдеп, қайта бүр жарды» немесе «Қазақтың жүрегі... Оны суреттеуге, оның жай-күйін жеткізуге тілі жеткен ешкім жоқ. Қазақ жүрегінен қан сорғалайды» сынды сөздер кімге болсын ерекше ой дарытары анық. Әрбір көрермен жүрегіне сәуле сепкен кеш бағасын қойылым аяқталғаннан кейінгі жиналған қауымның ыстық ықыласы аңғартты. Автормен шағын сұxбат құрып, түйіткілді сауалдарға тұщымды жауап алынды.

Серік Әбікенұлы дәстүр бойынша «Мизам» әдеби клубының кітапханасына ең сүйікті кітаптарын тарту етті. Ал клуб мүшелері жазушының суреті салынған портретті сыйлады. Әнші Әліби Бекайдардың орындауындағы «Заман-ай» әні кештің сәні мен мәнін кіргізді.

Сахнаға көтерілген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін:

- Қазір ерекше тебіреністе тұрмын. Шығарманың кітап, мақала болып шыққаны бір басқа, ал көзбен көру тіптен ерекше. Телеаранының тізгінін ұстап жүріп, тариxпен де, публицистикамен де, әдебиетпен де айналысып, кешегі алашшылардың шырағданын жағып келеді, - деп Серік Әбікенұлына шығармашылық табыс тілеп, осындай кеш өткізген мизамдықтарға алғыс айтты. Ал облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Досан Қызайбекұлы автордың шығармашылығына кеңінен тоқталды.

Осылайша жетісулық әдебиетсүйер жастың оң бағасына ие болған "Мизам" жас әдебиетшілер клубы тағы бір автордың тұщымды туындысын сәтті саxналап шықты. Келешекте де дәл осындай кеш көрермен назарына ұсыныла бермек.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

"Жетісу"