БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ: «ВСТАНЬ! КРУГОМ! ШАГОМ МАРШ!»

Уақыты: 04.03.2019
Оқылды: 2326
Бөлім: РУХАНИЯТ

Белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбайдың  халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының жан дүниесін, мінез, ақыл-парасат ерекшелігін бейнелеуге арналған «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», екі кітаптан тұратын «Мен халқымның Бауыржанымын», «Мен қазақтың баласы» деген бес томы жарық көріп, талғампаз жұртшылығымыздан жоғары баға алғаны мәлім.  Бүгін танымал жазушымыз, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайды сексен жасқа толуы  құрметімен құттықтап, оқырман назарына оның Баукең туралы соңғы жазғандарын ұсынып отырмыз.

БАУКЕҢНІҢ МІНЕЗІ

Талап Сұлтанбеков аға бойшаңдау келген, кең жауырынды, аққұба өңді, сымбатты кісі еді. Есікті  ашып, сәлемімді алысымен:
– Шашың қайда? – деді күліп.
–  Алдырып тастадым. Алдыр­ғалы бері басым тынығып, рахаттанып қалдым.
 – Оның рас, біздің қазақ бұрын шаш қоймаған, оның зиянды екенін білген. Жаңа жылдан кейін мен де алдырып тастаймын.Ал, жақсы келдің, інім, төрлет.
Мінезі жайдары, жұмсақ көрінді.  Хал-жағдай сұрасып, біраз сөйлескен соң:
  – Осы үйді жақында ғана сатып алдық, – деп бөлмелерін аралатып, таныстырды. Үлкен залдың түстікке қараған  қабырғасының төрінде ілулі тұрған мойылдай қара шашты, қара мұртты, көркем жүзді  жігіт ағасының үлкен суретін көрсетіп:
 – Менің әкем. 1937  жылы «халық жауы» деген жаламен атылып кетті. Ілияс Жан­сүгіровтың немере інісі,  Пе­тер­бург университетінде Мұ­хамет­жан Тынышпаевпен бірге оқыған атақ­ты Әлімхан Ермековпен  қыз­меттес болған. Мына ақжаулық­ты кісі – анам, ақын Дәмеш Берсүгірова.
– О, сіз тіпті текті әулеттен екенсіз ғой?! – деп мен қуана таңғалдым.
– Мынау Алдияр деген кіші ұлым­ның бөлмесі. Непалда үлкен финанс компаниясының директоры. Құдай қаласа, бүгін кешке үйге келеді.
 Сөйлесе жүріп, көрші бөлмеге өттік.  Ортада ағаш төсек, терезе алдына  қойылған жазу столы, іргеде диван. Басқа мүлік жоқ.
  – Бұл менің жұмыс бөлмем. Мына есік-терезелердің бәрін өзім жаңаладым.
 – Құрылыстан хабарыңыз бар екен ғой?
 – Хабарым жоқ, талғамым бар. Мына ас бөлмедегі жиһазды Қытай­дан әкелдім. Жаңа сен теле­фон соғып, сізге жолықсам  дег­ен лебізіңе қуандым. 
 Екеуміз сөйлесе жүріп іргедегі диванға жайғастық. 
 – Баукеңмен, Бауыржан Момыш­ұлымен қалай кездескеніңізді айтып берсеңіз? 
 – Е, ол бір қызық кездесу. Баукең жеңіл шарапты ұнатады дегенді естіп, жанқалтама бір шөлмек шарап салып, үйіне бардым. Есікті өзі ашты. Бірден жақтырмай едірейді. Сәлем беріп едім, одан арман күжірейді. Кетіп қалайын деп едім, ар жағынан жеңгей шыға келіп:
  – Келе ғой, жаным, төрлет, – де­ді күлімсіреп. Мен бөгеліп қал­­дым. Баукең әлі едірейіп, кү­жірейіп тұр.Түсі суық, мені ұрып жығатындай. Бір кезде:
 – Қайдансың? – деді.
 – «Казахфильмнен». Сізді киноға түсірейін деп едім.
– Сен үйінде ел-жұртқа масыл боп жатқан жаман шалды  қайтесің? Ана ауылдағы күнге күйіп, арша еті арша, борша еті борша боп жүрген озат шопандарды, озат тракторшыларды, бір сөзбен айтқанда еңбек адамдарын түсір, – деді де бұрылып кетіп қалды.
Жеңгей ыңғайсызданып:
– Ас бөлмеге жүр, қарағым, шай іш. Баукеңнің мінезін білесің ғой, көңіліңе алма. Атың кім? – деді қипақтап.
– Талап.
Ас бөлмеге өтісімен:
– Тәте-е, ағамыз мынаған қалай қа­райды? – дедім қалтамдағы ша­раптың мойнын қылтита көр­сетіп.
– Әй, Бауке, Бауке! Талап інің келді, інің келді, – деп дауыстады жеңгей. Баукең бөлмесінен қайта шығып, ас бөлмеге енді. «Талап інің келді» дегенде босқа келген жоқ деген ұғым жатыр ғой. Мен шалт қимылдап, қалтамдағы шөлмек шарапты алып, ортадағы стол үстіне қойып едім, Баукең қабағын түйіп:
– Шыныңды айт, сен неге келдің?! – деді ежірейе қарап.
– Сізді киноға түсірейін деп кел­дім.
– Сен кімсің?! – деді қа­ту­­ланып.
– Мен –Талап Сұл­танбековпін.
Баукең қарқылдап күліп жіберді. Біраздан кейін күлкісін тыйып:
– Кімсің?! – деді қайталап.
– Мен сізбін, сіздің ініңізбін.
– Мен сені дәл бұлай жауап береді  деп ойлаған жоқ едім. Қасқыр көрген танадай үркектегеніңе ашуым келіп еді. Сізбін деген сөзді әркім айта алмайды, ініңізбін дегенді әркім айта алады.  Құрметті қонағым бол, – деді ықыластана.
Жеңгей ұсынған қырлы стаканға шарапты толтыра құйдым.
–  Өзіңе неге құймайсың?! – деді Баукең даусын қатайтып.
–  Мен ішпеуші едім, аға.
–  Өтірік! Ішетініңді көзің айтып тұр. Жалған сөйлеген адамды қалай жазалайтынымды  білмеуші ме едің?! 
Мен лып етіп, тез қимылдап, өзіме де шарап құйдым.
– Сізбін деген сөзің үшін алып қояйық, – деді Баукең стакан соғыстырып. Біраз сөйлесіп отырдық. Өмірбаяныммен танысып:
– Сау сиырдың боғы емес екенсің. Мен де сау сиырдың боғы емеспін! – деді жігерлене дауыстап. – Шыныңды айт, не үшін келдің?!  
– Сізді киноға қалай түсірсем екен деп ақылдасқалы келдім.
– Ақылдасқалы келсең, айтарым, шын киногер болсаң,  қарапайым еңбеккерлерді түсір, шын ақын болсаң, қарапайым еңбеккерлерді жырла.
–  Сіз де еңбеккерсіз ғой, аға.
–  Бір кезде шабандоз болғаным рас. Қазір, көріп отырсың, көтерем, арық қоймын.
Мен өзімді өзім ұстай алмай мырс ете қалдым.
– Әй, неге күлесің, мен жылап отырсам! – деп жекіді. Іле «қатын» деп айқайлады. Бүйірдегі бөлмеден жеңгей шықты.
– Үйге қонақ келді, қазан көтермейсің бе?
– Қазір, Бауке, қазір.
– Жеңгей, ештеңеге әуре болмаңыз. Мен Баукеңнен рұқсат сұрағалы отырмын.
– Әй, оттамағын!
Жеңгей бір шөлмек жеңіл шарап әкеп, Баукеңнің алдына қойды.
– Қарағым, өзің сөз білетін, сөздің төркініне түсінетін інім екенсің. Менің саған сойған қойым да, соғымым да осы – шөлмек. Өзің тығынын ашып, екі стаканға бөліп құйғын! – деді бұйырып. Жаппарқұлда жан барма, айтқанын тез орындадым. Екеуміз соғыстырып іштік.
– «Қонақ қойдан жуас» деген. Енді табаныңды жалтырат! Тек ескертерім, қарапайым еңбеккерлерді ұмытпа! – деді. Екеуміз күліп қоштастық.
– Шынында қызық кездесу екен.
– Іздеп келгеніңе ризамын, інім. Рухани леп деген бар. Біз өз заманымызда, өз тіршілігімізде ұрпағымыздың жан дүниесін желпіп, тазартып отыратын  рухани  лепке айналайық, – деп Талап аға құшағына қатты қысып, менімен қимай қоштасты.

 БАУКЕҢНІҢ ҚҰДІРЕТІ

Ұзын бойлы, баяғының батырларындай ірі денелі, шашы да, қасы да сары, сексен бес жастағы әйгілі музыка зерттеушісі, ұзақ жыл Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық училищенің директоры болған,  Құрманғазы атындағы консерваторияда көп жыл дәріс оқыған, бүгінде ұстаздық еңбегін жалғастырып жүрген  Пердебек Момынұлы ағамен амандасып, хал-жай  сұрастым. Ол кісі сөз арасында:
– Ыстықкөлде демалдым, – деді  байсалды тіл қатып. – Кейде автобусқа мінеміз, түрегеп тұрудың өзі қиын. Адам ығы-жығы. Қалай екенін білмеймін, Алматыға қайтар кезім жақындағанда  машина жүргізетін куәлігімді жоғалтып алдым.
– Жат жерде қиын болған екен.
– Машинамды амалдап айдап, Алматыға жеттім.  Сәтін салғанда  ГАИ қызметкерлері жолда тоқтатып, күәлігімнің бар-жоғын тексермеді.  Алматыға келген соң  қалалық ГАИ-ға бардым. Барсам, орта жастағы орыс жігіті отыр. Шені подполковник.  Ол бастықтың орынбасары екен. Төлқұжатымды қолына алып, Пердебек Момынұлы деген аты-жөнімді оқып шығысымен:
– Сіз Бауыржан Момышұлының туысқанысыз ба? – деді.
–  Иә. Ол кісі менің әкемнің ағасының баласы, – дедім бөгелмей.
– Ой, қандай бақыт?!  Менің алдымда Бауыржан Момышұлының туысқаны отыр, – деді  орысшалап шаттана дауыстап. – Нендей мәселемен келдіңіз?  
– Машина жүргізетін куәлігімді жоғалтып қойдым. Соның көшірмесін алғалы келдім.
– Қазір. 
 Ол тез телефон нөмерін терді де:
– Менің алдымда Бауыржан Момышұлының туысы отыр. Профессор Пердебек Момынұлы. Он бес минут ішінде куәлігінің көшірмесін дайындап, қолына табыс етіңдер, – деді.  
  Рақмет айтып, куәлік беретін бөлмеге барсам, кезекте 30-40 адам тұр. Он минут өтпей жас лейтенант сыртқа шығып, куәлігімнің көшірмесін қолыма ұстатты. Баукеңнің құдіретін көрдіңіз бе?
 – Өзіңіз Бауыржан Мо­мышұлымен кездескен бе едіңіз?
 – Кездескен емеспін. Жасырып қайтем, сыртынан көргеніме мәз болып, жанына жақындауға жүрексінетінмін...

БАУКЕҢНІҢ МӘДЕНИЕТТІЛІГІ

 Безілдеген есік қоңырауы әңгімемізді бөліп жіберді. Мен іштей өкініп,  көңілсіз қимылдап, есікті аштым. Қасына ерткен жас жігіт бар,  теріден тігілген қара куртка киген атақты жазушымыз Қалтай Мұхаметжанов ішке енді. Бауыржан ағамен амандасып, төрге өтті.  
Үйде Баукең екеуміз-ақ едік. Жәмила жеңгей жұмыста болатын. Мен шай әзірледім. Сәл өтпей дастарқан басына жиналдық. Қалекең орнынан тұрып, дастарқанға қолын соза бергенде түймеленбеген курткасының етегі стол үстіндегі тағамдарға бірде тиіп, бірде тие жаздайды. Бауыржан аға көз алмай қара-а-ап отырды да:
– Әй, сартшылама. Сендей «мәдениетті» жазушыны  көрсем көзім шықсын,  – деді. Баукеңнің бұлай дегені – курткаңды киім ілгішке іліп, адамға ұқсап отырмайсың ба дегені еді. Оны Қалекең түсініп, бір-екі кесе шай ішкен соң:
– Бауке, кешіріңіз, сізге сәлем бергелі ғана келген едім. Рұқсат етсеңіз, мен қайтайын, – деп еді:
– Өзің білесің, өмірде тегін ешнәрсе жоқ.  Ана үстіңдегі тері курткаңды қалдырып кетсең ғана менің рұқсатымды аласың, – деді Баукең қабағын жорта түйіп.
– Жақсы, айтқаныңызға  көндім, айдауыңызға жүрдім. Ертең: «Бауыржан Қалтайды жүнін жұлған тауықтай етіп, сырт киімін сыпырып алып, үйінен қуып шығыпты», – деген жұрт сөзіне қалмайсыз ба, Бауке?
– Ол жағынан уайым жеме. Бауыржанның сөзге қалмаған кезі бар ма? Абай: «Мен паң едім, бейқам едім. Еш нәрседен қайғысыз. Тез дерттендім, кейде өртендім, кейде мұз», – демей ме?
– Сіз айтқан Абай: «Қайғы шығып иыққа, қамалтпасын тұйыққа, сергі, көңілім, сергі енді» деген де ғой. Бауке, сергіңіз.
– Сөз таптың, енді рұқсат. Курткаң өзіңе олжа, – деп Баукең күлді.  Қалтай аға қоштасты. Мен аулаға дейін шығарып салдым. Өкініштісі – Баукең әңгімесі қайта жалғанбай қалды. 
– Байқаған шығарсың, әңгіме айту да ауа райына қарай өсіп, жетілетін өсімдік сияқты. Күн бұлттанып, қарлы боран соқса, берекесі қашады. Сондықтан ол қолайлы жағдайды талап етеді. Екінші ескеретін нәрсе, кім болса, ол болсын, ұнасын, ұнамасын, әңгіме айтқан адамның сөзін бөлмей аяғына дейін тыңдауың керек.  Ол сені тыңдайды деп айтып отыр. Ұнаған тұсын ал, ұнамаған тұсын лақтырып таста,  – деп сөз бітті дегендей  үнсіз қалды. 
21 жыл қоян-қолтық араласқанымда байқағаным, ол кісінің қанына сіңген әдеті –   әңгіме айтқан адамның сөзін бөлмей, аяғына дейін тыңдайтын. Содан кейін өзі әңгіме айтқанда  сөзін бөлгенді ұнатпайтын. Тіпті қайсыбіреулерді: «Встань! Кругом! Шагом марш!» – деп үйінен қуып та шығатын.
Мұны өз басым  үлкен сабақ, Баукеңнің мәдениеттілігінің бір түрі деп білдім.

Мамытбек Қалдыбай