ТӘЖІБАЕВ ОҚУЛАРЫ ТҰРАҚТЫ ӨТКІЗІЛЕДІ

Уақыты: 11.03.2019
Оқылды: 1782
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Әбділдә Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толуына орай, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Тәжібаев оқулары» атты жастар байқауы өтті.

Облыс бойынша жиналған жас таланттар ақын өлеңдерін жатқа оқып, пьесаларынан үзінді қойып, актерлік шеберліктерін сынады. Әділқазылар алқасы қатысушылардың дайындықтарын бағалап, Тәжібаев оқуларын жыл сайын тұрақты өткізіліп тұратындығын жеткізді. Өнерпаздарға төрелік еткен  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмар бұл байқаудың қазақ жастарын тәрбиелеуде үлкен маңызға ие екенін айтты.

Байқаудың кітап оқуға деген адамдардың талпынысты арттыру жолында рөлі зор. Қатысушылардың тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр, себебі, әр ауданда іріктеу турлары өткізілген болатын. Жалпы 20 оқушы қатысты. Соларға қарап, ертеңгі қазақ театр өнерінін болашағы бар екені және Әбділдә Тәжібаевтың шығармашылығы әлі де жастар арасында кеңінен насихаттала беретіндігіне көзіміз жетті, – деді Төлеужан Нүсіпжанұлы. 

Қазылар алқасының шешімімен Ақсу ауданының үмітін арқалап келген Молықбай атындағы Мәдениет үйінің әдіскері Еділ Нурахыман бас жүлдеге ие болып, жеңіс тұғырынан көрінсе, Талдықорған қаласы №2 мектептің 10-сынып оқушысы Сая Саят бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орынды Кеген ауданынан келген дарабоз, ЖМУ студенті Әділет Чукенов пен Сарқан ауданынан келген жас талант, Ақын Сара атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Құндыз Есбол бөлісті. Ал жүлделі үшінші орынды Қаратал ауданының бәйгеге қосқан тұлпары, Ж. Молдағалиев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Ертанов, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универститеті, өнер және мәдениет факультетінің 3-курс студенті Айжан Гаппарова және С. Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің студенті Аида Болат иеленді. Райымбек аудандық Мәдениет үйінің режиссері Қадыржан Сабырақынға үздік актерлік шеберлігі үшін арнайы марапат ұсынылды. Байқауға қатысқан барлық қатысушыларға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

Әсем ЖҰМАҚАН