"МӘДИНАНЫ" ОҚЫҢЫЗШЫ: Әбен ДӘУРЕНБЕКОВКЕ - 80 ЖЫЛ

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 2158
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың дарынды ақыны  Әбен Дәуренбековтің 80 жылдығына арналып еске алу кеші ұйымдастырылды. Кешке Әбен ағаның бірге жүрген дос-жараны, әріптестері, өлеңін жаттап өскен өрендері қатысты.

Алғашқы сөзді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев алып, ақынның шығармашылығы, өлеңмен өрілген өмір жолы жайлы әңгімеледі. Дарын иесі «Таң», «Мөлдір тамшы», «Тамшыбұлақ», «Балконнан ұшқан көгершін», «Мамыр айы»,  «Белжайлау», «Құс тілінен тамған жыр» атты танымал жыр кітаптарының авторы. Ақын жастайынан «Қызықпай атаққа да, мансапқа  да, Өтсем дедім өмірден ән сап қана» деп өмірлік ұстанымын айқындап алған еді. Ешкіммен айтыспады, тартыспады. Мансапқа қызықпады, ақшаға құнықпады. Бірақ атақ пен абыройды сөзге адалдығы, періште көңілі арқылы иеленді. Ақын ағаның басын қадірлейтін азаматтар тіршілігінде қолдады, көтермеледі.

Бір кездері Панфилов ауданының әкімі болған Ермек Келемсейіт ақынның тойын өткізіп, Құрметті азамат атағын берген еді. Бүгінгі кеште облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып отырған Ермек Әбілмәжінұлы сөз алып, ағаның аңғал мінезі, сөз зергерлігі жайлы естеліктер айтты. Әкім кезінде ақынға жасаған қолдауына көпшілік ризашылық білдірісті.

Талдықорған өңірінде шыққан «Жерұйық» газетінде қызметтес болған Тұрсын Әбдуәлиев те көңілден кетпес күндер жайлы естелік өрбітті. Кеште белгілі ақындар Ахмет Кендірбекұлы мен Ерғазы Манапұлы да естеліктерін айтты. Ал көпшілікке енді танылып келе жатқан "Мизам" əдеби клубының жастары Әбен өлеңдерін мөлдірете оқып, шараның шырайын кіргізді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бақберген Асқарбеков бастаған филармония əртістері ақынның сөзіне жазылған əндерді шырқаса, шəкірттері жүрекжарды жырларын арнады. Кеште көзкөрген жанның барлығы сүйкімді, сырлы жанның періште көңілін әңгіме етті. Ақын інісі Қуат Қайранбаев: «Қашқан ойды қаумалап, құрықты сап» өлеңінің қалай жазылғаны жайлы тарқатып айтып берді.

Қашқан ойды қаумалап, құрықты сап,

Бір қораға қамадым ұрып, тұсап.

Бірікпеген бастары бәтшағарлар,

Бір-бірімен, сонда да қырық пышақ, – деп келетін өлеңі жиналған көпшіліктің көңілін тербеді. Ол көпшілікке өзінің «Әбен ағаны еске алу» атты өлеңін тарту етті.

Ақын ағаның шығармасының қай-қайсысын алып қарасаң да лирика, жеңіл қалжың, әдемі суреттеуден құрылған. Замандастары бас қосқан жерде ағаға «Мәдинаны» оқышы деп қолқа салатын. Сонда Әбен аға:

Тамағыңның астында мең бар еді, Мәдина,

Сол меңіңе көз тастап, нем бар еді Мәдина?!

Қайда жүрсең мен көрген қалпыңдасың, Мәдина,

Аман жүрсін әрдайым алтын басың, Мәдина, – деп әуен есіп тұрған даусымен өлеңдете жөнелетін.

Бүгінгі кеште жырсүйер қауым ағаны қайтадан сол қалпында көз алдымызға әкелді. Ол тіршілігінде: «Менің атым Әбен аға», - деуші еді. Бүкіл жұрт атын әспеттеген періште көңіл ағаның аты да, өлеңі де рухты ізбасарлары барда өлмек емес.

Гүлжан ТҰРСЫН