КІТАПХАНАҒА КЕЛ

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 1148
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Парасаттылықтың ең биік ғимараты» деп Әбіш Кекілбайұлы  атап өткендей, облыстық кітапхана әрқашан тағылымды да ғибратты шараларды ұйымдастырып, ақын-жазушыларға арналған әдеби кештердің өтуіне мұрындық болып келеді. Осы ретте С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында мамыр айында өтетін мәдени іс-шараларды оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық.

Атап айтсақ, сәуір айының 30-шы жұлдызынан мамырдың 2-сіне дейін «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты кітап көрмесі көрерменге ұсынылса, келесі күні «Қара қылды қақ жарған  Мәми» атты белгілі заңгер, саясаткер Мәми Әбдіразақұлының 65 жылдық мерейтойына арналған ғибратты кеш ұйымдастырылмақ. Ал 6 мамыр күні «Отанды қорғау  отбасынан басталады» атты библиографиялық шолу, 8 мамырда «Ұлы Жеңіске мың тағзым» тақырыбында виртуалды көрме және «Ұрпақтар ұмытпайтын ұлы Жеңіс» атты тарихи танымдық кеш өтеді деп күтілуде. Мамыр айының 14-ші жұлдызында Халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтің туғанына 135 жыл толуына арналған «Ән кемеңгері Кенен» атты еске алу кеші, сондай-ақ «Мақпалдың мөлдір жырлары» атты ақын Мақпал Мысамен кездесу өтпек. Балалар әдебиетінің бәйтерегі Әли Ысқабайдың 80 жастық мерейтойына байланысты «Зейіні зерек тұлға» ток-шоуы мамырдың 17-сі күні өтеді деп жоспарлануда. А. Затаевичтің туғанына 150 жыл толуына орай 23 мамыр күні «Қазақ ұлттық музыкасының майталманы» атты тұлғатану сағаты ұйымдастырылса, мамыр айындағы іс-шаралар тізбегін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай 31-і өтетін «Қасіреттен тағылым алу да қасиет» тақырыбындағы библиографиялық шолу түйіндейді.
Кітапханамен тығыз қарым-қатынас орнатқан әрбір зейінді оқырман осынау іс-шараларға белсене қатысуға болады. Кітапхана есігі айқара ашық.      

Жадыра ЕСІМОВА,
С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасы
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі