ЖҮРЕГІН ЖҰЛЫП БЕРЕТІН ЖАН ЕДІ

Уақыты: 30.04.2019
Оқылды: 1521
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жарық дүние! Адам. Адамның тағдыры. Қоғам. Тұлға. Тұлғаның төл тарихтағы рөлі дейтіндер, күрделі философиялық санатқа жататын ұғымдар! Оларды ғылыми түрде зерттеп-зерделеу түбі жоқ тұңғиық мәселе. Бүгінгі көзқарастар бойынша, «Ғаламзат» жаралғанынан бастап 13.7 миллиард жыл өтті деп есептеледі. Әлем үздіксіз өзгеріс, даму үстінде. Егер осы уақыт аралығын шартты бір жыл деп алсақ, онда адамзат бұл жылдың желтоқсан айының 31-жұлдызының соңғы бірнеше секундында ғана өмір сүреді екен. Адам баласы бір-біріне етене жақын, жалпылама ұқсас болғанмен, әр адам жаратылысынан өзіне ғана тән, Алла еншілеп тайға таңба басып бергендей қасиеттерімен өзгеше.

Жер бетіндегі барлық 7 миллиард адамның ішінен ой-жүйе, сана-сезім, мінез-құлқын былай қойғанда, қарапайым параметрлері бірдей, тіпті, екі адам да табылмайды екен. Әркімнің саусақтарының таңбасы немесе көз жанары ойығының көлеңкесі де әртүрлі. Әр адам жеке-жеке, бір-бір Әлем! Ал, тіршіліктің өзегі – ұрпақ жалғастығы. Негізгі қағида – Адамзат легі жойылып кетпей, үзіліп қалмай, буын-буынға жалғасып, ілгері даму.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мәңгілік Ел” болудың бірден-бір шарты, ұлттық кодымызды сақтап, рухани жаңғыру», - деді. Әр лайықты азамат саналы өмірінде оған өз үлесін қоса білсе керек. Осыған қатысты абзал жан Абай Садуақасұлының өмірдегі орны, азаматтық келбеті, артында қалдырған мұрасы жайлы естелік ретінде не айтуға болар еді?! Оны ортасынан бөліп, ерекшелейтін қандай қасиеті бар еді?! Ол заманына сай бір адамдай тіршілік жасады. Аш-жалаңаш болмады, асып-тасып та кеткен жоқ. Өз елінде асықпай-аптықпай, кешенді өмір сүрді. Ұлы Абай Құнанбайұлы: «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» демекші, Абай Садуақасұлы киелі атамекен, бабалары өсіп-өркендеген жерде, тамыры терең, өзегі өлең елде, көпбалалы, береке-бірлігі жарасқан, әл-ауқатты жанұяда дүниеге келді. Ел арасында «Қасиетті қара шал» атанып кеткен асыл текті әке Садуақас Бигелдіұлы мен ақ ниетті ана Айсұлудың кенжесі еді.

Ол өз статусына сай, ағайын-туған, аға-әпкелерінің ортасында аунап-қунап, асыр салып, балалық шақтың бар қызық-шыжығын басынан өткізіп өсті. Есейіп ержетті, білім алды, жар құшты. Ұл-қыз өсірді, немере де сүйді. Бауырмал, көпшіл еді. Ел басқарды, әкім де болды. Егін егіп, мал өсірді. Шаруашылыққа жақын болды. Қолына қалам алып хат жазды, ақын болды! Ортасына сыйлы, зор бедел-абыроймен өнегелі өмір сүрді. Айтулы еңбектері Мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Әрине, тіршілікте қуаныш, атақ-абырой, даңқ осылай рет-ретімен келіп жатуы үлкен жетістік, зор бақыт. Алайда, Абайды ерекше жұлдызды сәтке жетелеген тұла бойын кернеген дарыны мен өмірге деген шексіз құштарлығы, зеректігі еді.

Халық: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады. Біреуіне болмаса, біреуіне жұғады...» немесе «Білімің – өзіңнің тергенің, ақылың – Алланың бергені!» деп жатады. «Адамның атын оның іс-әрекеті шығарады» демекші, бар жақсылық Абайдың нар тұлғалы бойында, іс-қимыл, кемел ойында болды. Білгісі де, көргісі де келді. Мен кіммін?! Біз кімбіз?! Қайдан шықтық, қайда барамыз деген сұрақтар тұрақты серігі болып мазасын алды. Ерекше толғандырды. Бұларға жауап іздеу келе-келе оның өмірінің басты мағынасына айналды. Әттең, дүние, нағыз кемеліне келгенде шарт үзілді.

Абай Садуақасұлы «өзін-өзі танудың» алғашқы қадамын әке-шеше, бауырлары, ауыл-аймақ, туған-туыстарының өмір жолын зерделеп, бар-жоғын түгендеуден бастады. 2009 жылы алғысөзін өзі жазып, ғылыми монография деуге тұрарлық, нақты деректерге толы «Қасиетті қара шал» атты естелік кітап, әулет шежіресін түзіп шығарды. Мұнда атасы Бигелді Иманұлы жайлы да мол мағлұмат бар. Ол кісінің бірнеше әйелі болған екен. Қиын-қыстау заманда жесір қалған келіндері мен жеңгелерін балаларымен, қаңғырып кетпесін деп, ата-баба салтымен өз қамқорына ала берген екен. Атадан тараған үрім-бұтақтары баршылық. Өзі тау денелі, өте қайратты, темірден түйін түйген, ел арасында беделі зор, атақты ұста болған.

ХХ ғасырдың Гомері атанған, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» деп жырлаған Жамбыл Жабаев бауыры Бигелдінің адал тіршілігіне риза болып: «Батамды бердім балаңа, еңбегіңді бағалап. Өмір жасы ұзақ боп, жақсыны жүрсін жағалап», - деп қасындағы бала Садуға (Садуақасқа) ақ батасын берген екен. Саду елден шыққан алғашқылардың бірі болып, жағары білім алып, журналистика мамандығын иеленіп, қолына қаламын ұстап, ел аралап, халқына аянбай қызмет жасаған. Қазақстанның Құрметті журналисі, айтулы ақын, жазушы Орысбай Әбділдаұлы: «Қаламы – қайла, көңілі – айна», деп бағалап, Саду ағасын аса қадірлеп, ерекше сыйлаған. Садудың қаламынан туған біраз еңбегі екшеленіп, кейіннен, 2014 жылы шығармалар жинағы болып, «Биіктік бедері» деген атпен жарық көрді. Әке мұрасының бөлек кітап болып басылып шығуына балалары Махаббат, Абай мұрындық болып тер төксе, іні әріптестері ақын, ҚЖО басқарма хатшысы Бауыржан Жақып пен жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы алғысөз, пікір жазды. Әкелерінің жарқын келбетін мәңгілік ету мақсатында, балалары өз қаражаттарына туған ауылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Бұрған елді мекенінде мектеп салып, атын бергізді. Мектеп алдында күн сәулесіне шағылысып, киелі жердің иесі Садуақас Бигелдіұлының мүсіні тұр. Мектептің ашылу рәсімінде: «Ауылдарыңыздың «Бұрған» деп аталатыны, бабаларыңыз кезінде тоған құрып, таудың суын бұрып, ауылға су жіберіп, ел-жұртын өмір нәрімен қамтамасыз еткен екен. Олардың ұрпағы Ғабиден, Махаббат, Абай Садуақасовтар енді бүгін мектеп салып, білім бұлағын ашты», - деген едім.

Бұл – Қасиетті қара шалдың ұрпағының мемлекетіміздің білім саласына қосқан зор өз үлесі. Келесі қадам көп жылғы ізденістер мен зерттеулердің нәтижесі болды. Атам қазақ жеті атаға дейін білуді талап етеді. «Жеті атасын білмеген жетесіз», деп жатады. Жеті ата аралығы, шамамен екі, үш ғасырдай уақыт. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, ар жағы бұлыңғыр, көбіне ертекке айналып кетсе керек. Нақты деректердің көзін ашып «Шежіре» түзу, тарихтың ауқымды, құнды тармағы. «Шежіре» – сакральды ұғым-түсінік, қазақ халқының құрамдас тарихының «уық-кереге» сипаттас асыл қазынасы. Арқалы әнші, жыршы, термеші, саналы ғұмырын өнер саласына арнап, жастайынан бас болып жүрген, бауырымыз Ақан Әбдуәлиевтің 2004 жылы жарық көрген «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» диск альбомы соның ақиқаты. Ол тұнып тұрған тарих! Осы айтыста Сүйінбай Аронұлы қазақтың 92 руын жеке-жеке талдап, Д. Менделеевтің белгілі атомдар кестесі секілді, әрқайсысына өзіне тән ерекше сипаттама беріп, өз ұясына қондырған екен. Сол кезде Сүйін (Сүйінбай) 33 жаста! Ең кереметі, осыдан 171 жыл бұрын Сүйін асқан көрегенділікпен «Шапырашты елім бар, асқар таудай белім бар. Шапырашты еліне, қалың жұрттан сенім бар» дейді. «Шапырашты ішінде, Екей деген біздің ел. Айтысқанда қиналсаң, өлең сұрап бізге кел» деген жолдары да бар. Сүйінбай Аронұлын «Қазақ қоғамы құрылымының Менделееві» деуге әбден болар еді.

Төрткүл дүниеге танымал, ғұлама орыс ғалымы Дмитрий Менделеев те сол ғасырда өмір сүрген. Ол өзінің атақты химиялық элементтер кестесін 1869-1871 жылдары 35-37 жасында құрастырған деп есептелінеді. Бұл фактілер осы ұлы қазақ және орыс даналарының ой жүйелерінің деңгейлес, дүниетанымдарының сабақтас екенінің айғағы болса керек. Алайда Сүйекең қазақтың рулары туралы өз тұжырымын ұлы химиктің атомдар кестесінен 20 жыл бұрын жасаған. Және адам қоғамы қарапайым атомдар жиынтығы емес қой. Әлемдегі заттар, атомдар мен молекула және басқа да субстанциялардың бірігу нәтижесі. Мектептен белгілі, екі сутегі атомы бір оттегімен қосылып, тіршіліктің нәрі «суды» түзеді. Сусыз өмір жоқ. Ал, атом, атом ядросы ыдырай бастаса, жойқын жарылыстар пайда болып, әлемнің астан-кестеңі шығады. Өмір үзіледі, дүние күл-талқан болады. Қоғамда да солай. Сүйекең ел бірлігін жырлаған. Ел, халық ру-ру болып бытырамай, бастарын қосса ғана ұлан-ғайыр күшке айналатынын айтқан. Жәкең де: «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт. Ел бірлігін сақтаған татулықты айт» дейді. Сүйінбай, Жамбыл аталарымыз қоғамдық сана-сезімнің өркендеуіне, дамуына зор ықпал еткен Ұлы Тұлғалар! 

Ата-баба ізімен көрнекті қоғам қайраткері, ҚР сот саласының еңбегі сіңген маманы, еліміздің заңнама негіздерінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан білікті заңгер ағамыз Марат Нұрбеков бас болып, Махаббат, Абай Садуақасұлдары және басқалар қош болып, жерлесіміз белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы алғысөзін жазып «Ұлы жүз – Шапырашты – Екей» елінің Ер Қосайын ұлықтап, «Қосай Баба» атты ұрпақтар шежіресін түзіп, жинақтап, бөлек кітап қылып шығарды. Аруақты Қосай аталарының басына ескерткіш кесене де тұрғызды. Бұл тындырылған үлкен дүние, өзін-өзі танудың келесі сапалы сатысы болса керек. 

Абай кемеліне келіп, үйлі-баранды болып дегендей, аяғына нық тұрған шағында тағдырлы шешім қабылдап, барлық қосалқы жұмысын бір түйіп тастап, көзін ашқаннан армандаған таным жолына түсті. «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық-музейінің директоры  қызметіне ауысып, өз қабілет-талабына сай алаңсыз жұмыс жасауына мүмкіндік алды. «Таңбалы» қорығы ЮНЕСКО-ның тізіміне кірген, әлемде өз орындары бар табиғи мәдени мұралардың аса құндысы болып саналады. Сөйтіп, Абай Садуақасұлы жеңін түріп тастап, түнде түсіне кіріп, күндіз ойынан шықпай аңсап жүрген ғылыми-зерттеу жұмысына кірісіп те кетіп еді. Біздің дәуір – өсу, өркендеу дәуірі, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру кезеңі. Мұндай жауапты сәттерде ұлттың эволюциялық даму сабақтастығын нақтылау аса маңызды шарт. Абайдың ендігі жерде мақсаты – қазақтың тарихын түгендеу, рухани іргесін мығымдап, еңсесін биіктету еді. Оның жұлдызды сәті туды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, А.Садуақасұлы бас болып Б.Железняков, Л.Херманн, Б.Байтанаев, т.б. әріптестерімен бірге қосылып аз уақыт ішінде бірнеше ғылыми мақала жазып, монографиялық фотоальбом шығарды. «Жетісу» ТВ «Ұлт пен рух» бағдарламасындағы сұхбатында осы ізденістері туралы толық мәлімет берді. Бұл тарихи сұхбат болды! Абайды ортасынан даралап, ірі тұлға ретінде танытатын баға жетпес, таспа бетіне түскен бірден-бір құнды дүние. Абай өзіне-өзі қойған ерекше ескерткіш! Сол жолы көпшілікке паш еткен кітаптарының кейбіреуі менде де бар. Қолтаңбасын қойып, өзі сыйлаған еді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, тарихымызды шынайы ғылыми танып-білудің бір саласы әлемдегі архивтерді қарастырып, фактілер жинау, соған негіздеп қорытынды жасай білу деді. Петроглифтер – табиғи архивтер, тарихтың нағыз қайнар көзі. Абай осы тағдырлы сұхбатында: «Таңбалыдағы таңбалар бұрын ойлап жүргенімізден бірнеше ғасыр ертеректе пайда болған» деген аса маңызды тұжырым айтты. Олай болса, ол – үлкен жаңалық, сенсация! Төл тарихымызға мүлдем жаңаша, қайта қарауға тура келеді! Дарынды жас композитор, пианист, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Рахат-Би Абдысагиннің өз сана-сезімінде жете қайнап, қалыптасқан, Аспан әлемінің спектральді көрінісін бейнелейтін «Петроглиф» атты әлемді селт еткізген ерекше музыкалық туындысы бар. Ол екі рояльға арналып жазылған биік, көп үнді шығарма. Биеке осы сәулелі еңбегінің авторлық аннотациясында: «Біз көк аспанға қарап, жымыңдаған жұлдыздарды санап, Космосқа көз тігіп, болашаққа ой жүгіртеміз. Бірақ негізінде көріп тұрғанымыз өткен шақ! Айталық, жарық сәуле күннен бізге дейін 8 минуттай уақытта, ал төбеңде тұрғандай болып көрінетін, көз ұшындағы жұлдыздардан миллиондаған жылдарда жетеді екен.

Демек, біз жұлдыздардың бүгінгі емес, миллиондаған жылдар бұрынғы күйін ғана көріп тұрмыз. Олардың қайсыбірі мүмкін бүгін жоқ та шығар. Сол секілді, бізге дейін жеткен бұл үңгір, жартас таңбалары, көптеген ғасырлар бұрын жасаған тайпалардың өмірі мен дүниетанымын сипаттап, олардың тұрмыс-салттарынан сыр шертеді. Сондықтан да осы Космостың құпиясы туралы ноталармен жазылып, ерекше үн шығаратын музыкалық туындым «Петроглиф» деген сиқырлы атпен аталды» деп сипаттаған. Рахат-Бидің келесі «Өмірге құштарлық» атты симфониялық туындысы «Өмірге деген құштарлық қорқыныш-үрейден әлдеқайда пәрменді» деген эпиграфпен берілген. Бұларды өзін-өзі танудың жоғары сатыдағы гармониялық ырғақпен берілген баламалы жолы деуге болады. 

Абайды алғаш рет тұңғышы Айғанымның ұзатылу тойында көрдім. Ол кезде анам Қаншайымның 90-ға аяқ басқан шағы еді. Інім Бақытханның тұңғышы Асқат пен Айғанымның бірін-бірі тауып, бастарының қосылып жатқанына «Құдай қош көріп, жақсы жермен, Көшек атаның ұрпағымен құда болып, төркінімнен қыз алып, сүйек жаңғыртып жатырмыз» деп, қыз күнін, өзінің бауырлары – біздің нағашыларымызды еске алып, қатты разы болып еді. Абайға «Жарық дүниенің есігін ашқаннан маған інісің, іні болып қаласың, құдаң – анау Бақытхан» деп едім, «Жақсы, аға», – деді. Той барлық сән-салтанатымен керемет өтті. Қыз ұзату – қазақтың ұлы тойларының бірі. «Ұлың – төрің, қызың – өрісің» деп жатады. Қыз жат жұртқа жаралған деп оны туғаннан дайындайды. Ине-жіптен бастап, шыны-шәйнек, тіпті тұратын үйіне дейін жасақтап шығарады. Абай осындай жағдайда болатын ырым-сырымның бәрін жасады. Қажет болса жүрегін суырып беруге дайын сияқты болып көрінді. Ұлым Мұраттың үйлену тойына, қақаған аязда Қостанайға Абай-Гульзира екеуі қол ұстасып, қолтықтасып бірге барып, қасымда болды. Менің мерейлі 70 жылдық тойымда бастан-аяқ Алматыда, ҚазҰУ-да, ауылда, Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта да қамқоршы болып, жүрегі жарылып қуанып қасымда жүрді. Шабыттанып төрде сөз сөйледі: (өзгертілмей беріліп отыр): «Құрметті ағайын, құрметті Төлеген аға, бүгінгі мына үлкен тойымыз, мерейлі мерекеміз құтты болсын дегім келеді. Бұл – жалғыз Төлеген ағамыздың, болмаса Қожамқұловтар әулетінің ғана тойы емес. Бұл – жалпы осы елдің, жұрттың тойы. Неге десеңіздер, ағамыз өзінің мынау ұзақ жылдық ғылымға сіңірген еңбегінің нәтижесінде осы елдің, халықтың адамына айналып отыр деп ойлаймын. Енді жалпы ағамыздың еңбегіне жаңағы ғұлама ғалымдарымыздың бәрі тоқталып кетті, сондықтан көп қайталап жатпай, бірақ жалпы айтайын дегенім, аға, мына, өзіңіз үлкен еңбекқорлығыңыздың нәтижесінде, мына бүкіләлемдік ғылымға үлес қосып отырсыз. Бірақ, менің ойымша, бұл жалғыз еңбекқорлықтың арқасында осы сіз жеткен биікке, сіз жеткен жетістіктерге жету мүмкін емес. Ол мына әрбір адамның бойында, ол үшін бір құдай берген ерекше қасиеттері болу керек. Адамның бір құдайдың көзі түскен қасиеттері болу керек, сондықтан да оның бәрі, мына қазақша айтқанда, қанмен беріледі, ғылыми тілмен айтқанда, бір генетикалық данныйлары болу керек дейді ғой. Сондықтан да осы жеткен жетістіктеріңіздің бәрі өзіңіздің қандай текті жерден шығып отырғаныңыздың айғағы деп ойлаймын. Ал, жаңа ағаларымыз айтпақшы, мына бірауыз сөзбен айтсам, күллі әлем ғылымдары мына Швейцария мен Францияның астында мына БАКта бүкіл жаратылыстың қалай пайда болғанын анықтаймыз деп, осы үлкен жарылыс жасап, соны он-он бес жылдан бері тексеріп жатса, соның, сол жөнінде теориялық ойды Төлеген ағамыздың содан бәленбай жылдар бұрын айтуы, бұл кісінің қаншама бір ғұлама ғалымдығы, ғалым екендігін көрсетеді деп ойлаймын. Ал жалпы жаңағы алдарыңыздағы Әскербек Абаев аға, Жандарбек Ермекұлы айтқандай, өзіңіз жаңағы сегіз қырлы, бір сырлы деп жатыр. Мен өзім ойлаймын, егер сіз осы ғылым жолына түспей, басқа жолға түсіп кеткенде, бүгін біз физик-теоретик Қожамқұловтың тойын емес, мүмкін бір әлем чемпионы, олимпиада чемпионы Қожамқұловтың, не болмаса бір ұлы композитор Қожамқұловтың тойын жасап жатар ма едік деп ойлаймын, аға. Мұның бәрі де өзіңіздің еңбегіңіз, аға. Сондықтан да тек өзіңізге мына елден, артыңыздан ілесіп келе жатқан інілеріңіздің атынан тек қана жақсылық тілеймін, аға. Мына құдай ең бастысы денсаулық берсін, тәтем екеуіңіз балаларыңыздың қызығын көріңіздер. Алла тағала мына Рахат-Би ініміздің осы үлкен, бүкіл әлем таныған ұлы композитор болуын көруге жазсын өздеріңізге. Тойыңыз, аға, тойға ұлассын. Отбасыңызға тек қана жақсылық тілеймін. Осы тойға, жаңа айтты, жалғыз өзім келіп отырған жоқпын, бүкіл артыңыздан ерген інілеріңіздің, бауырларыңыздың, құдаларыңыздың атынан келіп отырмын. Сондықтан да алып келген бір сәлем-сауқатымыз бар еді, аманат етіп жібергендіктен, соны тапсыруға рұқсат етсеңіз, аға», – деді.

Қасиетті қара шалдың кенжесі Абайдың бұл жүрекжарды сөзін, менің персоныма ғана емес, Үлкен Ғылымға деген шексіз сүйіспеншілігі мен жанайқайы деп түсіну керек. Әттең, жалған дүние, қоян-қолтық, жиі араласып-құраласып тұруға мүмкіншілік бола бермеді. Дегенмен де тағдыр бізді өмірде аз болса да молдай ғып қауышуға жазыпты. Мен дән разымын. Асыл інім, Нар Тұлға, Абай Садуақасұлының үздіксіз ізденісте болған жарқын бейнесі санамыздың төрінде болмақ. Жатқан жері жарық, топырағы торқа болғай.

Төлеген ҚОЖАМҚҰЛОВ,
«Қазақстандық физикалық қоғам» РҚБ Президенті, ҚР ҰҒА академигі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері