ЕКІ ТОМДЫҚ ЕСТЕЛІК ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 02.05.2019
Оқылды: 2182
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұрпақ тәрбиесі мен таусылмас қазына саналатын білім беру саласында өзіндік айшықты орнын қалыптастырған Мұхаметбай Мыңбайұлы ел мүддесі үшін бар қажыр-қайратын сарп еткен қоғам қайраткері. Талай жылғы талмай, танбай атқарған еңбегі жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды, Алакөл ауданының Құрметті азаматы атанды.

Қазіргі таңда өз есімі берілген М.Мыңбайұлы атындағы орта мектеп 55 жылдық тарихын артта қалдырды. Сонымен қатар, ардақты ұстаздың өмір өнегелерінен сыр шертер екі томдық кітабы жарық көріп, З.Қойшыбаева атындағы аудандық Мәдениет үйінде айтулы жиын өтті.

Тағылымды шарада алғашқы болып сөз алған Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев ұлағатты жанның өмір жолынан сыр шертіп, ұстаздардың ұстазы екенін ерекше атап өтсе, білім бөлімінің басшысы Мәулен Төлеужанов М.Мыңбайұлының ерен еңбегіне тоқталды. Артынша ардақты азаматтың көзін көрген дос-жарандары, шәкірттері сөз алып, ақын Тезекбай Садиев жырын арнаса, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысы мен Алакөл ауданының Құрметті азаматы Ахмет Кендірбекұлы ұстазының адамгершілігі мен адалдығын әңгімесіне арқау етті.

Кеш соңында «Өмір мен өнеге», «Тағдыр мен тағылым» атты қос кітаптың тұсаукесері өтіп, текті тұлғаның ұлы Сауат Мыңбаев өзінің жерлестеріне деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы