"Egemen Qazaqstan"-100: ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 03.05.2019
Оқылды: 1447
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай жарияланған «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» атты публицистикалық шығармалар байқауы өз мәресіне жетті.

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастырумен өткізілген байқаудың басты мақсаты ғасырлық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» басылымының өткені мен бүгініне көз жүгіртіп, мемлекеттік тілді насихаттауға қосқан үлесін бағалау. Байқауға қатысушыларға қойылған басты талаптардың бірі - аталған басылымның қазақ тілінің дамуы мен ұлттық тіл қорының жасақталуына қосқан өлшеусіз үлесін шығармаға арқау ету.

Байқауға төрелік еткен «Өлке тынысы» ЖШС директорының орынбасары, журналист Болат Абаған, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы, белгілі ақын Сағыныш Намазшамова және «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі, ақын Қалмахамбет Мұқаметқали бір ай көлемінде жіберілген мақалаларды іріктеп, жеңімпаздарды марапаттады.

Байқау қорытындысы бойынша, шығармасы ең үздік деп таңдалған "Жетісу" газетінің Еңбекшіқазақ ауданындағы меншікті тілшісі Болат Мәжит І дәрежелі диплом мен 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. ІІ дәрежелі диплом мен 75 мың теңге сертификатын ҚазҰУ-дың студенті Дастан Қастай иеленді. Ал ІІІ дәрежелі диплом мен 50 мың теңгені "Жетісу" газетінің тілшісі Қажет Андас алды.

Қазылар алқасының шешімімен өзге қатысушылар да елеусіз қалмады. Аймақ пен өңірдегі газет журналистері Мұхтар Күмісбек ("Жетісу" газетінің тілшісі) пен Асхат Өмірбаевқа ("Қаратал" газетінің бас редакторы) ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Жеңімпаздарды қазақ баспасөзіне еңбегі сіңген ардагер қаламгерлер марапаттап, жүлдегерлерге құтты болсын айтты.

Айсұлу ЧЕЛЕКЕН

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ