СОҚЫР САЯСАТ: УЫҒЫ СЫНҒАН ШАҢЫРАҚ

Уақыты: 31.05.2019
Оқылды: 1700
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттың ұстыны мен айбары айдарлы ұландарының амандығына тікелей байланысты. Ат жалын тартып мінген әрбір ер елінің амандығы, ұрпағының келешегі үшін барын береді. Қиын-қыстау күндерде жан қиюдан тайсалмайтын тұлғалар артына бұқараны ертіп, бұлғақты күндерде айғайлап теңдік сұрары анық. Халқының қамы үшін қара түнде қалғымаған боздақтар болашақтың баянды болуына үлес қосады. Осындай ұлы мұратты ту еткен Алаш баласының басына өткен ғасыр мол нәубет, зор қасірет әкелді. Сұрақсыз атылған ұлының қайда қалғанын білмей аңыраған ананың зары сай-сүйекті сырқыратты. Талдап терілген масақты балапандарына жеткізбек болған жетім-жесір жеміт саясаттың құрбанына айналды. Аштықтан қара жамылған ауыл көбейіп, уығы сынған шаңырақтың саны миллионға жетті. Осының бәрі қазақ халқын тамырынан жоюға арналғаны ақиқат!

Айналасына мейірім танытып, мұқтаждарға қолындағысын бөліп берген ауқаттылардың малын тартып алып, өздерін итжеккенге айдатқан Қужақ Голощекиннің екінің-бірін «халық жауы» деп таңбалатқан соқыр саясаты зиялы қауымды ту-талақай етті. Оның артында Сталиннің 1925 жылдың 29 мамырында жазған: «Партия қатарына кірмеген барлық зиялыларды кеңестік жұмысқа салуды бүтіндей қолдаймын. Сондай-ақ, қырғыз-қайсақ мәдениетін дамытуға рұқсат берілген олардың саяси және идеологиялық майдандағы күреске қатысуына түбегейлі қарсымын. Мен партияға кірмеген зиялылардың жастарды саяси және идеологиялық тұрғыдан тәрбиелеуіне қарсылық танытамын» – деген хаты тұрды. Мұртты басшының тапсырмасын іліп ала жөнелген жандайшаптар 1937-1938 жылдары Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қо­жанов, Ораз Исаев, Темірбек Жүргенов сынды тұлғаларды «халық жауы» деген желеумен айыптаса, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сә­кен Сейфуллин, Ілияс Жан­сүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров, Жұмат Шанин, Қошке Кемеңгеров сияқты мәдениет пен ғылым қайраткерлерін сұрақсыз қырып, есепке алмай жойды. Оларға тағылған айыптаулар ауылшаруашылығының тұралауына үлес қосу, 20-шы, 30-шы жылдардағы толқуларға қатысу, жапон тыңшылығын жүргізу, Қазақстанды одақтан бөліп әкету секілді ақылға сыймайтын негізсіз іс-әрекеттер еді. Шындығында елдің малын тартып алып, аштықпен тұралатқан, ашынған халықтың толқуын күшпен басқан, кең-байтақ Ұлы Даланы бөлшектеп әкетуді көздеген кеңестік идеологияның басында отырған большевиктер еді. Оларға дем берген, айтқанын бұлжытпай орындаған өзіміздің шолақ белсенділер шаш алудың орнына бас алды, бір адамның орнына мың адамды мылтықтың ұңғысына байлатып, 9 грамм қорғасын оққа жалындырды. Мысалы, бір ғана 1937 жылы тұтқынға алынғандардың саны 105 мың адамға жетіпті. Олардың 25 мыңы ешқандай тергеусіз, тексерусіз ел ішінде «үштік» атанып кеткен жендеттердің қолынан қаза тапты.

Бүтіндей бір ұлтты түп-тамырымен жойып, қырып жіберуді көздеген кеңестік идеологияның сойқаны көпке созылмады. Бірінің басын бірі жалмап, жендеттің көзін құзғын шоқыды. Көп ұзамай Екінші дүниежүзілік соғысты бастап кеткен фашистік Германияның КСРО шекарасына жасаған шабуылы халықтың бетке шығар ұландарына төнген қауіпті аздап сейілткендей болды. Себебі: «Бәрі де соғысқа!» – деген ұранды жүргізетін жұмысшылар керек еді кеңестік идеологияға. Ғылыммен айналысып, тарихи деректердің жаңғыруын көздеген тарихшы Ермахан Бекмаханов Кенесары ханның соғысын зерттегені үшін 25 жылға сотталды. Ахмет Жұбанов, Хажым Жұмалиев секілді музыканттарға саяси айып тағылса, ҚазКСР Ұлттық академиясының президенті Қаныш Сәтпаев, жазушы Мұхтар Әуезов саяси қуғынның кесірінен елден кетіп, жан сауғалады.

Осы жылдар ішінде қазақ жеріне жер аударылған ұлыстар вагонмен әкелініп, сайын далаға қоныстандырылды. Қолындағы бір үзім нанын бөліп берген ақсақалды қарттар мен ақжаулықты аналар 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс отбасын өз үйіне кіргізіп, төрінен орын ұсынды. Солардың қатарында солтүстік Кавказдан шыққан 507 мың жан әрбір шаңырақтың мүшесіне айналды. Сөйтіп, барлығы 5 миллионнан астам адам Қазақстанға жер аударылды. Осылайша аштықтан кейін қаңырап қалған Ұлы Дала алып лагерьге айналып шыға келді. ГУЛАГ аталған 11 лагерьдің қатарында әйгілі «АЛЖИР», Ақтөбе лагері, Гурьев лагері, Жезқазған лагері, Қарағанды лагері, Кемпірсай лагері, Майқайың лагері, Павлодар лагері секілді көпке белгілі еңбекпен түзеу мекемелері жұмыс істеді. Онда халық жауларының балалары мен әйелдері, бауырлары мен жақын-жуықтары қамалып, өлшеулі тамақпен қара жұмыстың көрігін қыздырды. Мылтық даусынан әбден шошынып қалған халық көрген азабы мен тартқан зардабын ұмытуға тырысып, өткенін айтудан тайсалды. Алайда уақыт тоқтамайды екен, зулаған жылдардың парағы жабылған сайын сананы сілкіндірген үрей ұмытылып, көмескілене берді.

1986 жыл, желтоқсан. Алматының мұз құрсаған орталық алаңында теңдік сұраған жастардың талабы күллі әлемнің назарын еріксіз аудартты. Сом темір мен сапер күрегінің соққысынан тайсалмаған «желтоқсаншылардың» батыл қадамы КСРО атты алып мемлекеттің құлауына апарды. Одан кейінгі хроникалық мәліметтерді көпшілік жақсы біледі.

Елімізде қалыптасқан бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық баянды болсын! Өткенге өкпе артсақ та келешектен үміт басым. Жаратқан Алла Тағала Ұлы Даланың мұрагері - қазақ ұлтының ғұмырын мәңгілік етсін!

Мәди АЛЖАНБАЙ