БӘРІМІЗГЕ ҮЛГІ: АНА ТІЛІН АРДАҚТАҒАН АЗАМАТ

Уақыты: 02.06.2019
Оқылды: 1618
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адам баласының бойындағы ізгі қасиеттерін ата-бабамыз оның шыққан тегінен аңғарып отырған. Біздің әңгімеміздің өзегіне айналған Жақсылық Қарымбаев та сол тектіден шыққан азаматтардың бірі десек, артық айтқандық болмас.

Жамбыл ауданында дүниеге келген ол 1985 жылы Т.Рысқұлов атындағы университетті үздік тамамдап, өзі туып-өскен өңірге келіп, еңбек жолын бастайды. Білікті де білімді жас маман 1995 жылы Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы болып тағайындалады. Міне, сол жылдан күні бүгінге дейін Жақсылық өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындап, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалап келеді. Халықпен тығыз байланысып, талай келелі мәселенің шешімін тапқан басшыны аудан жұрты ерекше сыйлайды, құрметтейді.

Мемлекеттің дамуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтың адамгершілігі бір төбе. Қарапайым әрі кішіпейіл басшы ана тілінің болашағына қатты алаңдайды. Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен бойына дарыған ана тілін шұбарламай сөйлеуді азаматтық парызы санайтыны көпке үлгі болса дейміз. Жұмыс барысында көмек сұрап барған азаматтардың бетін қайтармай, ұлтына, дініне, діліне қарап бөле-жармай, мәселенің мәнісін шешуді бірінші орынға қояды. Әр істің мән-жайын түсіндіріп, оң шешімін табуына септігін тигізеді. Сондықтан да, ол ұжымына да, өзгеге де сыйлы, абыройлы. Міне, осындай іскер азаматтардың қатары көбейе берсін демекпіз.

Ауданымыздың Құрметті азаматының елеулі еңбегі ескерусіз қалмайды. Жақсылық Қарымбаев жемісті еңбегінің арқасында өткен жылдары облыс әкімінің қолынан марапат алып, мерейі өсті. Ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтар көпке үлгі.

Лескен ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Жамбыл ауданы

Сурет ғаламтордан алынды