ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАС МҰҒАЛІМДЕР ЖИНАЛДЫ

Уақыты: 04.06.2019
Оқылды: 1799
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жас мұғалімдер форумы өтті. Оған облыс көлемінде 250-ден астам жас ұстаз қатысты.

Форум жұмысын Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Сәуле Өмірбекова ашып, Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

– Мұндай форум жас мамандардың тәжірибе алмасуына ғана мүмкіндік ашпайды, өз ісінің қаншалықты маңызды екенін сезіндіріп, қазіргі заманның балаларымен жұмыс істеу машығын үйретеді. Жаңаша білім берудің қыр-сырын меңгертеді. Бүгінгі форумда жас мұғалімдер өздерін жаңа белеске бастайтын  көптеген жаңалық ашады, жаңа нәрсе табады деп сенемін, – деді ол.

Жас ұстаздар педагогикалық шеберханаларға, кәсіби тұрғыдан, жеке тұлғаны дамытуға арналған әдістемелік, арт сессияға, тренингтерге қатысты. Зияткерлік мектептің спикерлері өз әдістемелерін жаңа форматта ұсынды.

– Бұл форумда бізге белгілі әдіс-тәсілдер «Мозайка», «Рафт», «Үнсіз кино», «Венн диаграммасының» қыр-сырына үңілдік. Көптеген креативті ойлауға итермелейтін тапсырмалар орындадық. Қалай ұстаз-блогер және салауатты өмір салтын ұстанатын табысты маман болудың жолдарын қарастырдық. Арт-сессия кезінде қолөнер бұйымдарын жасадық. Флешмоб билеп, ән де салдық. Жас ұстаздар форумында өзіме үлкен әдістемелік көмек алдым, – дейді Текелі қаласының №2 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Орденбек.

Жас мұғалімдер форумының арнайы қонағы ретінде «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы төрағасының орынбасары Айдана Шилибекова, «OYLA» атты танымал ғылыми басылымның редакторы Алмас Ордабаев қатысты.

Жас мұғалімдер форумы Б.Римова атындағы облыстық драма театрында Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының мерекелік концертімен аяқталды.

Алма ЕСЕНБАЕВА