Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БӘРЕКЕЛДІ: ОБЛЫС МУЗЕЙІ ЖАҢА ЖОБА БАСТАДЫ

Уақыты: 13.06.2019
Оқылды: 324
Бөлім: РУХАНИЯТ

М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі тарих қойнауына саяхат ретінде «Жетісу жауһарлары» атты жобаны қолға алды. Бұл ауқымды жоба өлкеміздің қасиетті жерлерін тану, музей мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты нығайту, саяхатшыларға танымдық қызмет көрсету мақсатында, сонымен қатар тәрбие, сауықтыру жұмыстарын жүргізу бағытында ұйымдастырылып отыр.

Қазіргі таңда қоғамда руханият тапшылығы айқын сезілуде. Мәселен, Талдықорған қаласында 145 мыңнан астам тұрғын болса, олардың дені жергілікті музейлерді тамашалаумен ғана шектелген. Шалғай елді мекенде орналасқан музейлерді, тарихи, табиғи нысандарды тамашалауға мүмкіндігі бола бермейді. Аталмыш жоба осы мәселені шешуге, музейге келушілерді көптеп тартуға, музей ісін жандандыру мен насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар, барған жердің мәдени ортасы, ландшафты, салт-дәстүр, мәдениет, өнер, түрлі нысанымен таныстырып қоймай, бос уақытын тиімді өткізуге бағыттайды. Бұл бастаманы ары қарай дамытуға облыстағы музейлердің мүмкіндігі жеткілікті. Айталық, өңірдегі 25 музей мен табиғи, тарихи нысандар кез келген саяхатшының қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.

Жоспар бойынша экскурсия-саяхат Талдықорған – Қапал, Талдықорған – Жаркент, Талдықорған – Бақанас, Талдықорған – Сарыөзек, Талдықорған – Шамалған, Талдықорған – Райымбек, Талдықорған – Лепсі, Талдықорған – Алакөл, Талдықорған – Есік, Талдықорған – Ұзынағаш бағыттары бойынша жүзеге асады. Экскурсанттар қазақ, орыс тілдерінде таныстыратын 2 гидпен қамтамасыз етілген.

Бірінші бағыт бойынша «Айналайын» балалар үйінің 45 тәрбиленушісі жетекшілерімен бірге Қапал өңіріне, екінші кезекте Талдықорған – Жаркент бағыты бойынша сапарға аттанды. Саяхатшылар Қапал өңіріндегі тарихи, мәдени нысандарды  аралаумен қатар Жаркент бағытына жол алғандар Алтынемел асуы, Шарын шатқалы мен Қату таулары туралы мәліметтерден хабардар болды. Ал іргетасы ХІХ ғасырда қаланған көне Жаркент қаласының тарихы ерекше. Қала орталығындағы бір шегесіз тұрғызылған «Жаркент мешіті», Жауынгерлік Даңқ музейі мен Ә.Қастеевтің Көркемсурет галереясымен танысқан экскурсанттарға саяхат әрі қарай, киелі мекен «Әулие ағаш» бойынша жалғасады.

Мұндай саяхатқа шығу бір жағынан жас ұрпақтың өз өлкесінің қыр-сырын біліп өсуіне, білім ошақтарында алған мәліметтерін өз көздерімен көріп пысықтай түсуіне және сабаққа деген құлшыныстарын арттыруға көмектеседі деген ойдамыз.

Күләш  ИСАБЕКОВА,

М.Тынышпаев атындағы  облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары