"ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР" ЖЫРЫН ХОРМЕН ОҚЫДЫ

Уақыты: 17.06.2019
Оқылды: 2447
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың том-том тарихының тізбесі батырлар жырында жатқан жоқ па? Соны сезген кешегі ата- әжелеріміз немересіне жатар уақытта ертегі есебінде баяндап, бойына сіңірген-ді. Содан құймақұлақ, рухы өр ордалы мәдениетімізбен ошақ басында ауызданған ұрпақ дүниеге келді. Бұл ешқандай әсірелеу емес, ақиқатшыл қоғамның бет-бейнесі. Сенбесеңіз, тұңғыш рет облысымызда шымылдығын түрген «Жыр – жауһар» атты оқушылар арасында өткен облыстық балалар байқауымен танысыңыз.

Біз айтып отырған келелі істі қолға алған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы. Бәйгеге түссем деген жас жүйрік алдымен «Қобыланды батыр» жырының Маралбай жырау нұсқасын жатқа білуі шарт. Әйтпесе, додадан шеттетіледі. Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында ұйымдастырылған шараның негізгі ойы да сонда жатыр. Оқушы жырды жатқа білмей, жанына тоқымай сайыстың көздеген мақсатына жетуіне кедергі келтіреді. Өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттыру үшін әрі патриотизмге тәрбиелеу тұрғысында бұл жобаның маңызы орасан. Мұны басқарма басшысы Айдар Башбаев өз сөзінде атап өтті.

– Балаларға құнды кітаптарды оқытуды, оның ішінде, қазақ халқының батырлық, эпостық жырларын насихаттауды көздедік. Қазақ халқы ат үстінен түспеген кешегі күндері ұл баланың бойында жылқы малына деген құрмет, оның қасиетті, құтты жануар, қала берді «ер қанаты» екенін жете түсіну маңызды болғаны даусыз. Кішкене күнінен естіп өскен жырлардағы тұлпарлар бейнесі баланың бойында осынау батырларға айнымас серік болған сәйгүліктерге сарқылмас ынтызарлықты оятады. Міне, батырлар жыры ұлттық болмысымыздың айнасы іспеттес. Сондықтан, жас жеткіншек оны жатқа білсе бабаларымыз жүрген жолдан адаспасы күмәнсіз, – деді Айдар Карбозұлы.

Бұрынғы бабаларымыздың баланы ұлтжандылыққа қалай тәрбиелегенін зерттеп-зерделесек те көп нәрсенің беті ашылады. Бертінге дейін ауылдың қариялары жас балаларға батырлар жырын жаттатқызып, кеш болса жыр оқытқызып келген. Сол жыр жаттап өскен, жыр тыңдап өскен балалар бүгінде аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалға айналғанын өмір көрсетіп отыр. Батагөй, шежірешіл, сөзге шешен қай қариядан барып сұрасаңыз да, бала кездегі оқыған ертегі, естіген аңыздары, жаттаған жырлары өмір бойы рухани азық, бүкіл болмыс-бітім, мінез-құлық, ұлттық танымның қалыптасуына іргетас болғанын айтады ағынан жарылып. Ендеше ұлттық тәрбиенің қайнар көзі осы жырларда жатқанына еш шүбә келтіруге болмайды. Қайта өшкенімізді жағып, өткен бабалардың осы бір тәрбиелеу тәсілін жаңғыртып, ертеңгіге асыл мұра етіп қалдыруымыз керек.

Айта кетейік, байқауға облысымыздың барлық аудан, қалаларынан барлығы 42 оқушы қатысып, 15-сі іріктеу кезеңінен өтті. Қызығы сол, қатысқан барлық оқушы хормен «Қобыланды батыр» жырын әуезіне келтіріп, мақаммен оқығанда көпшіліктің көңілі бір серпілді. Бұл да  шараның әсерлі сәттерінің бірі болды. Қорытындылай келгенде, бас жүлдені Іле ауданының түлегі Ерасыл Төлегенов қанжығалады. "Жүйректен жүйрік озар жарысқанда" дегендей, бірінші орынды кегендік Меруерт Аллажар иеленді. Екінші мінбеден балқаштық Жұлдыз Хамза мен алакөлдік Жігер Жайырбай көрінді. Тиісінше үшінші сатыға еңбекшіқазақтық Аружан Чапай, панфиловтік Жансая Ауталипова және тағы бір ілелік Балжан Берікжанқызы шықты. Қалған қатысушылардың барлығына Алғыс хат табыс етілді.

Шынында талай рухани құндылықтардың тамыры жырларда жатқаны ақиқат. Оның ішінде адал достық, ерлік, отансүйгіштік, жауға деген қаһар, жарға деген махаббат, туған елге, жерге деген сағыныш, табиғатқа деген құрмет, бәрі-бәрі қамтылған. Біз бұл шарада жанары жалынға толы жастардың батырлар жырына деген құрметін көрдік. Байқау соңында бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқытуды қолға алып, қайта жаңғыртылуы ең бір ұтымды әдіс болар деген пікірді көкірегімізге түйіп, тарқастық.

Қабыл ИСА