ТАЛДЫҚОРҒАН: ЖҰМАХАН БАЛАПАНОВҚА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛАДЫ

Уақыты: 18.06.2019
Оқылды: 2267
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еліміз тәуелсіздік алуымен қатар жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жанып, өткен тарихымыз өз келбетін жаңадан айшықтады. Әсіресе, ел жадынан көптен ескерусіз қалған батыр бабаларымыз, шешен-шежірелеріміз ұлықталып, тарихи атаулар қайта жаңғыртылды. Елді мекен, ауыл-аймақ, түрлі мәдени, өнер, білім, тағы да басқа нысандар мен көшелерге қайраткерлердің есімі беріліп, бабаларымыздың ескерткіші бой көтерді. Сол қатарда Алматыдан Талдықорғанға кіреберістегі Жансүгіров көшесін Оңтүстік бағытқа қарай қиып өтетін көшеге  2005 жылы Жұмахан Балапановтың есімі берілді. Бұл игілікті іс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалардың тапсырмалар өзегінде түлей бастады.

Бүгінде Балапанов көшесінің бойына Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқу ғимараты мен «Жастар» стадионы, Журналистер үйі, Жастарға қызмет көрсету орталығы, «Жастар» саябағы, көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан. Заманауи, қала келбетіне сән берген салтанатты ғимараттар да осы көшенің бойына салынуда. Сонымен қатар, «Жастар» спорт кешені мен Оқушылар сарайы, Астана көшесінің бойындағы Салтанат сарайы, Көрме кешені, Б.Римова атындағы театр, Бәйкен Әшімов көшесінің бойындағы музыка мектебі мен №28 орта мектепке баратындардың бәрі Балапанов көшесімен өтеді.

Жасыратыны жоқ, қаладағы маңызды көшелердің бірінің аты берілген Жұмахан Балапановты аға буын өкілдері жақсы білгенімен, осы көшені бойлап, болашақ арманын ұштап, жігерін жетістігімен жетілдіріп жүрген жастар, студенттер, оқушылар жағы көп біле бермейді. Сол үшін біз алдымен оқырмандарға аталған тұлғаның кім болғаны, ел үшін қандай қызмет істегені, тағы да басқа қырлары туралы қысқаша ақпарат бере кеткенді жөн көрдік.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, Жұмахан Балапанов  – өз елі ескерген, елі үшін емірене еңбек еткен дара тұлғалардың бірі. Тұтас өмірін туған өлкесінің бірлігі, тұтастығы, өркендеп- өсуі, отандық ғылымның дамуы мен білімді жастарды тәрбиелеуге арнаған мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, ғылым, білім саласына теңдессіз үлес қосқан экономика ғылымдарының докторы, профессор, ғалым. Ел есінен кетпейтін елеулі есімнің бірі.

Ол 1920 жылы Алакөл ауданының, Қызылащы ауылында туған. 1930 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін тоғыз жасар Жұмахан анасы Бибіжамалдың орнына Алакөл ауданындағы Қоссор көлінен ас тұзын өндіретін өндіріс орнында алғашқы еңбек жолын бастайды. 

Өмірдің сан соқпағынан өткен болашақ қайраткер 1932–1936 жылдары Қарабұлақ балалар үйінде, кейіннен Үшарал қаласындағы мектеп-интернатта тәлім алып, сондағы Абай атындағы қазақ орта мектебінде оқиды. 1940 жылы күзде армия қатарына шақырылып, соғысқа қатысып, 1945 жылдың аяғында запастағы капитан болып еліне оралады. Осыдан кейінгі өмір жолы сан соқпақпен өріледі. Айталық, 1945–1949 жылдары Алакөл аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін кадр жөніндегі хатшы, ауданның екінші хатшысы сияқты лауазымды қызметтер атқарды. Қызметпен қатар, бос уақытын тиімді пайдаланып, Алматы ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін сырттай оқып алады.

Оның бойындағы талантты дөп басқан басшылық содан бастап жауапты қызметтерді жүктей бастады. 1951–1953 жылдары Кербұлақ (Гвардия) аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1953–1956 жылдары Көксу (Киров) ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, сол аудандардың өркендеп-өсуі үшін барын салды. 1958 жылдың күзінде Мәскеу қаласындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілді. Бұл орта оның сол тұстағы ірі қайраткерлермен танысып, болашақ қызметі үшін саналық тұрғыда жетілуіне көп септігін тигізді. Аталған оқу орнын бітірген соң 1960 жылы Алматы облыстық ауылшаруашылық бөлімін басқарса, 1961 жылы Талдықорған қаласының айналасындағы бірнеше елді мекенді біріктірген Талдықорған партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Демек, бүгінгі түрленген Талдықорғанның келбетінің айшықталуына әу баста ерінбей еңбек еткен ірі тұлғаның бірі Жұмахан Балапанов десек, артық айтқандық болмайды.  Сол кездегі жаңа бастаманың жемісін бүгінгі қалалықтар көріп келеді.

Содан кейін осы қызметтен Алматы облыстық, ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы лауазымына жоғарылатылып, Қазақстан Жоғарғы кеңесінің 7 шақырылымының депутаты және Қазақстан КП ОК мүшелігіне кандидат болса, 1962 жылы Қазақстан КП ХХІІ съезіне делегат болып сайланды. 1963–1965 жылдары Алматы облыстық, ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды. Оның сан түрлі талантын, қызметтегі жауапкершілігін ескерген, болашағынан үлкен үміт күткен партия ұйымы 1965 жылы Мәскеу қаласындағы қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жіберді. 1967 жылы аталған академияны бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғаған соң Қазақ экономика және ауылшаруашылығын ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, кейіннен директоры болып қызмет атқарды.

Қоғамдық қызметпен қатар ғылым жолындағы ізденісін аяқсыз қалдырмай, 1975 жылы «Қазақстан ауыл шаруашылығы мамандандыруын дамытудың ғылыми негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институты, қазіргі Қазақ мемлекеттік басқару академиясының экономика және ауылшаруашылығы өндірісін жоспарлау кафедрасының меңгерушісі, 1978 жылы Алматы қалалық кеңесінің депутаты болды.

Жұмахан Балапановтың көп уақыты еліміздің ғылым, білім саласын өркендету, жастарды ғылымға бағыттауға арналды. Әр жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының жанындағы докторлық диссертация қорғау жөніндегі арнаулы кеңес төрағасының орынбасары, республикалық ауылшаруашылығы экономикасы жөніндегі мемлекеттік жоспарлау комитетінің кеңесшісі, КСРО білім беру жөніндегі мемлекеттік комитеті ғылыми-әдістемелік комитетінің мүшесі, Мәскеудегі К. Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясы жанындағы ауылшаруашылығы өндірісі тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі, Қазақ экономика және АӨК ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институты жанындағы докторлық диссертация қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі, Алматы облысы әкімі жанындағы консультация-экономикалық кеңесінің мүшесі сияқты сан-салалы қызметтер атқарды. Осындай жауапты қызметтерді атқара жүріп, 140-тан астам ғылыми жұмыс жазды. Сондай-ақ, 10 монография, кітап, оқулық және оқу құралын шығарды. Оның жетекшілігімен 3 докторлық, 29 кандидаттық диссертация қорғалып, ғылым саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты.

Сол қатарда ТМД елдерімен қатар Оңтүстік, Шығыс Азия және басқа мемлекеттен келген аспиранттар да Жұмахан Балапановтың алдынан өтіп, болашақ арманына сәуле құйды. Осындай еңбектерінің арқасында халықаралық Еуразия Экономика академиясының мүшесі, ҚР Ауылшаруашылығы академиясының Құрметті академигі атанды. Отан қорғау, қоғамдық саладағы еңбектері үшін Еңбек Қызыл ту, «Халықтар достығы» ордендері мен 14, оның ішінде екі алтын медальмен марапатталды. 2000 жылы «Адал еңбек, ақ ниет» атты мемуары жарық көрді. Ұл өсіріп ұяға, қыз өсіріп қияға қондырып, отбасындағы асыл әке, қамқор ата да бола білді.

Жоғарыда айтылғандар Жұмахан Балапанов өмірінің қадау-қадау тұстары ғана. Ал оның тәрбиесін көрген, бірге қызметтес болған, облыс пен қала тірлігіндегі талай күрмеулі мәселені шешуге бірге атсалысқан аға буын тұлғалық болмысын, ұқыптылығын, азаматтығын, қайраткерлігін емірене еске алатынын байқап жүрміз.

«Жұмахан Балапановтың Отан қорғау жолындағы, отандық ғылымның жоғары деңгейге көтерілуіне қосқан үлесін айтпағанның өзінде ел мен жердің болашағы үшін төккен тері өлшеусіз. Аңқылдаған ақпейілдігі мен қазақы болмысы әлі күнге көз алдымызда тұрады. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, келісімге келетін қасиеті бізге үлгі болды. Әсіресе, Алматы облысының өркендеуі мен Талдықорған қаласының қала болып жандануы жолындағы талай игілікті істерге бастамашы болғаны ел жадынан кетпеуі керек. Сол үшін де ағамыздың асқақ бейнесін, асыл қасиетін, ізгі мұратын, игілікті ісін жас ұрпақтың санасына сіңіру бүгінгі күннің талабы», – дейді облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт.

Біз де Ермек ағаның пікіріне толық қосыламыз. Десе де, Жұмахан Балапановтың ерен еңбегі елге жетпей жатыр деген ойдан аулақпыз. Ол туралы көптеген жұмыс істеліп жатыр. Алайда, «Жұмахан Балапановтың бейнесі өзінің атындағы көшенің бойында қасқайып тұрса осы маңнан өтетін әрбір жас үшін жақсы үлгі болар еді» деген ой көптен бері көңілімізді әлдилеп жүр еді.

Жуырда «Мүшелтой» шағынауданындағы Қонаев көшесі мен Балапанов көшесінің қиылысынан Жұмахан Балапанов саябағы салынып, асыл тұлғаның асқақ ескерткіші бой көтереді» деген хабарды естіп, қуана құптап, көпшілікке жеткізуге асығып, жора-жолдас, ағайын-туғандарына хабарласып едік. Бұл ақпарат шын болып шықты. Көп өтпей Жұмахан Балапановтың асқақ мүсіні жоғарыда аталған мекенжайда бой көтеретін болды. Ескерткішті тұрғызу ісі ел мен жұрттың тілегін ескерген облыстық және қалалық әкімдіктердің тарапынан да қолдау тауыпты. Қазір ескерткіш орнатылатын жердің орны белгіленіп, оның жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, әне-міне жұмыс басталу алдында тұр. Бұл жерде ескерте кетер жайт, саябақ пен ескерткішті тұрғызуға кететін барлық қаражатты Жұмахан Балапановтың еңбегін бағалаған ел-жұрты мен тәлімін көрген ел ардақтылары және оның ұрпақтары өз мойнына алып отыр.

Айта кетсек, ескерткіш қойылатын жалпы аумақ 3796 шаршы метр, оның 1,7 шаршы метріне 4,2 метр биіктіктегі ескерткіш бой көтерсе, 2677,3 шаршы метрі абаттандырылып, демалыс саябағына айналады. Осы алқапқа 90-ға жуық әртүрлі ағаш отырғызылып, көздің жауын алатын түрлі түсті гүлдер мен көпжылдық шөптер егіледі. Адамдар демалатын 12 орындық қойылып, оның жанына 12 дана қоқыс жәшігі орнатылады. Аумақтың бәрі заманауи үлгідегі 12 дана шаммен жарықтандырылып, кешке қарай келушілерге алаңсыз демалып қайтуға бар жағдай жасалады. Сонымен қатар, ескерткіш пен шағын саябақтың жобасы оның жанына орналасқан Журналистер үйі, Жастарға қызмет көрсету орталығы, Оқушылар сарайы, «Мүшелтой» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер және алдағы уақытта ескерткіштің қарсы бетінен бой көтеретін заманауи сауда орталығының жобасымен сәйкестендірілген. Қысқасы, ескерткішке қолданылатын материалдардың түсі, биіктігі, жерге төселетін кірпіштер, орындықтардың формасы, егілетін ағаштың түрі, отырғызылатын гүлдер, жарық шамдар осы аумақтағы көркемдікпен үндесіп, ары-бері өткен жолаушыға эстетикалық әсер береді. Облыс сәулетшілері мен қала әкімдігі «жаңа нысан қала келбетін асырады» десе, «Мүшелтой» шағын ауданының тұрғындары аталған нысан сол маңдағы тұрғындардың демалыс уақытын тиімді пайдалануға қолайлы орынның біріне айналады деп сенім білдіруде. 

Жақсылыққа жаны құмар халықпыз ғой. Осындай игілікті іске бастамашы болғандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қайта қолға алған жұмыс ертерек тиянағын тауып, көптің қажетіне жараса деген ниетіміз бар. Көптің тілегі осы.

Қажет АНДАС