Шерхан МҰРТАЗА: "ГАЗЕТТІ ҚҰРМЕТТЕУ - НАМЫСТЫҢ ІСІ"

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 1263
Бөлім: РУХАНИЯТ

Баспасөздің міндеті көп. Қоғамдық танымды қалыптастырады, талғамды өсіреді. Сондықтан, газетті өмір айнасына теңейміз. Десек те, осылардың ішінен абыздай дараланған,  салмағымен сараланған бірегейі бар. Ол – «Егемен Қазақстан»! Көне басылым жүз жасаған ғұмырында не көрмеді?! Басынан не өткізбеді?! Алмағайып кезеңдердің өтінде тұрды. Алайда қайыспады. Өмір талқысында шарболаттай шыңдалды. Ойының кеңдігімен, сөзінің өткірлігімен елдік мінберге айналды.

Өйткені, «Егемен Қазақстан» өзінен бұрын туып, Алашты оятқан ата басылымдардың жалғасы. Кезінде қимыл-әрекетін қызыл саясат бақыласа да, өзегін таза ұстауға тырысты. Ішін бермеуге күш салды. Ашық сөйлеуге шамасы жетпеген кездерде түпкі мақсаттарын ыммен ұқтырды. Халық жазушысы, 90-шы жылдары бас редактор болған, газет атауын «Егемен» деп өзгерткен Шерхан Мұртазаның айтқан пікірі бар. «Бұл газетті сыйлап, құрметтеу – намыстың ісі», – дейді қаламгер.

Бас газеттің еңбегі ерен. Тәуелсіздікке қосқан үлесі зор. Оны толық сараптау үшін үлкен бір ғылыми зерттеу институтының құзыры керек. Ал біз «Егемен Қазақ- станның» тілді дамыту мәселесіне қатысты қырларын қаузап көруді мақсат еттік. Оны өз деңгейімізбен таразылап, оқырман ретіндегі бағамызды ортаға салсақ дейміз.

Әңгімені 2017 жылы 12 сәуірде «Егемен Қазақстанда» жарияланған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастайық. Онда Мемлекет басшысы қазақ қоғамындағы эволюциялық өзгерістердің құндылықтарын баяндайды. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол, ұлттық кодыңды сақтай білу», – дейді. Кодтың кілті қайда? Кодтың кілті – өзімізде, ділімізде және тілімізде. Біз тұрмақ жер шарындағы миллиондаған, миллиардтаған халқы бар мемлекеттердің өзі ана тілін қорғауға барын салып әрекет етеді. Қазақ олармен тең болып жаралмаса, кем болып жаралған жоқ.

Тіл – қасиетті тақырып, нәзік және күрделі. «Егемен Қазақстан» осы ерекшеліктерді үнемі ескереді. Мәселен, қазақ тілі – ана тілі ретіндегі қатардағы этникалық тілдің бірі емес. Оның мәртебесі бөлек. Ата Заңымызда айшықталғандай, ол – мемлекеттік тіл! Қазақ елінің бүкіл әлеммен тең дәрежеде байланысқа түсе алатын ресми қатынас құралы. Елбасымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен қазақша сөйлегенде мерейі асып, көңілі тасып, шаттыққа кенелмеген жан болды ма?! Әрине, болған жоқ. Себебі, сол күні мемлекетіміздің беделі тағы бір сатыға биіктеді.

«Егемен Қазақстан» да мемлекеттік тілдің күшеюіне мүдделі. Соған қатысты жайларды қалт жібермейді. Ауызы дуалы, көкірегі кеніш кемел зиялыларды әңгімеге тартады. 2009 жылы 23 қаңтарда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Төлен Әбдікұлының «Қазақтың болашағы қазақтың тілінде» атты мақаласы жарық көріпті. Автор бұл мақалада ең алдымен қазақ тілінің мәртебесі мен оның заңдық күшіне тоқталады. Ата Заңда айтылған анықтаманы мемлекеттік Тіл туралы дербес заң қабылдау арқылы одан әрі нығайтуды қалайды. Барынша түсінікті етіп, таратып, талдап іске қосуды ұсынады. «Қазақ тілі қазақтар үшін болса, мемлекеттік тілді тек қазақтар үшін деп айта алмаймыз. Мемлекеттік тіл – міндетті тіл. Ал ана тілі әркімнің өзінің ұжданы, перзенттік парызы», – дейді. Газет авторының осындай ойлы да батыл сөзі арқылы көпшіліктің көкейіндегі талап, тілекті дөп басып тауып айтқан.

Тілдің дамуы – ел дамуының құрамдас бөлігі. Олар өзара үйлесуге тиісті тұтасқан үдеріс. Мұндай тақырыптар да «Егемен Қазақстанның» материалдарына арқау болған. Соның бір мысалы ретіндегі сөзді белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталының мақаласынан оқып көрелік. «Мемлекеттік тіл – азаматтық қауымдастықтың негізгі факторы. Оның ұлтаралық үйлесімге ықпалы мол», – дейді «Үйлесімнің жүгі ауыр, жолы алыс» деген еңбегінде. Ұққанымыз – қоғамда мемлекеттік тілдің ықпалы ерекше болуға тиісті екен. Өйткені, ол барша қазақстандықтарды ортақ идеологияға жұмылдыратын киелі құрал. Соны әдемі тіркестермен өрнектеп, дәйектермен, деректермен толықтырып, көпшілікке түсінікті етіп қарапайым қалыпта әңгімелеген.

Енді көрнекті тіл маманы, академик Әбдуали Қайдаровқа тоқталайық. «Ұлтты ұйыстыратын құдіретті ұйытқы» деген мақаласын «Егемен Қазақстанның» 2002 жылғы тігіндісінен жолықтырдық. Ғалым тіл мәселесін тереңнен қозғаған, оның тарихы мен тағдырын жан-жақты талқылаған. Тіпті ғасырлар қойнауынан сыр тартады. Орыс ғалымы В.Радловтың, қазақ тілін зерттеген П.Мелиоранскийдің, поляк жазушысы А.Янушкевичтердің «дала демосфендерінің» тіліне таң қалғандарын сүйіне суреттеген.

Еуропалықтар қызыққан тілдің бүгінгі ахуалы қалай? Ғалым оған да жауап береді. Кейбір саясаткерлер ұлт қасиетіне, тіл қасиетіне көздерін жұмып жеңіл қарайды. Автор осыларды сын тезіне ала отырып, мемлекеттік тілдің болашағын биіктету мақсатында бірігуге шақырады. «Қазақ халқы бүгінгі жержүзілік жаһандану процесінде біртұтас ұлт болып қалыптасу үшін ана тілінің тас-түйін етіп ұйыстыратын ұйытқы болар құдіретті күшіне сенуі керек», – дейді.

Мемлекеттік тіл өзіне лайық зор қуатқа ие болуы үшін оған да үлкен қамқорлық қажет. 2007 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры дүниеге келді. Оның басқа әріптестерінен айырмашылығы қандай? «Егемен Қазақстан» аталған қордың директоры Берік Әбдіғалиевпен сұхбат жасап, оқырмандарды тиянақты жауапқа қанықтырған.

Қордың басты мақсаты – қоғамдық жобаларды қаржыландыру арқылы азаматтар арасында мемлекеттік тілге деген көзқарасты өзгерту мен қазақ тіліне деген сұраныс туғызатын жайларға жеткізу екен. Сондай-ақ, тілді дамытудағы билік пен қоғамның күш біріктіруін қамтамасыз етуге ден қойған. Нәтижесінде «ұлттың рухы көтеріліп, ұлттық намыстың оянуы» өз қалыбына түссе дейді. Осылай деп насихат жүргізген бас басылымның шығармашылық ізденістері уақыт өте келе нәтижесін берді. «Рухани жаңғыруды» стратегиялық бағдарға айналдырдық.

Газеттің жүзжылдық шежіресі – жүзжылдық тарих. Оның қайсы бетін ашып қарасаңыз да қазақ қайраткерлерінің ерлігіне тәнті боласыз. Мәселен, газет «Еңбекші қазақ» атанған кезеңінің өзінде де ұлттың келешегіне жанашырлықпен қарауды ұмытпаған. 1923-1925 жылдар аралығында ҚазАССР совнаркомының төрағасы Сәкен Сейфулиннің «Еңбекші қазақта» тіл туралы тоғыз мақаласы жарық көріпті. Ақиық ақын өз ойларын ешкімнен тайсалмай қоғам алдында бүкпесіз айтқан. «Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге бата алмай жүрсе, енді біреулері «ұлтшыл» деп айта ма деп бой тартады. Бірақ бұл – коммунистік қылық емес, ол – жарамсақтық, жағымпаздық», – дейді. Осы сарын одан кейін де үзілген жоқ, «Социалистік Қазақстанда» жалғасын тапты. Алыптар жаққан қасиетті алаудың эстафетасы өлмей, өшпей бүгінгі күнге жетті десек, ол да шындық!

Сан рет қақпақылға түскен мемлекеттік тілдің түйіні ақырында тәуелсіздік пәрменімен біржолата шешілді. Латын әліпбиін қабылдау туралы Елбасының Жарлығы шықты. «Егемен Қазақстан» әліпбиді латын қарпіне көшірудің мазмұны мен мәнін түсіндіруден, насихаттаудан жалыққан жоқ. «Орыс тілі мен басқа тілдердің мүмкіндіктері шектелмейді. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жетілдіреді», – деген Елбасының сөзі осы үдерістердің алтын арқауына айналды.

2017-2019 жылдар аралығында «Егемен Қазақстанда» латын әліпбиіне көшуді құптаған материалдар сериясы аз емес. Солардың бірнешеуін алға тартып, атағанды жөн көрдік. Мәселен, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтің «Тілдің мүмкіндіктері шектелмейді», Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлінің «Латын әліпбиінің берері көп», белгілі қаламгер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахмановтың «Рухымызды жаңғыртудың жарқын жетістігі», Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың «Бұдан әрі созуға болмайды» атты мақалаларында тілді дамытуда дұрыс таңдау жасалғаны сан қырынан дәлелденіп терең мазмұнмен айтылған.

Әрине, осынау шағын мақалада «Егемен Қазақстанды» түгел қамтып шығу мүмкін емес. Ең бастысы, ел газетінде барлық әріптестері үлгі ететін тағылымдардың мол екенін байқадық. Ол жұмыстар өзара үйлескен қалыпта, өскелең уақыт талаптарына сай ұлттық руханиятқа өріс ашуда. Сонымен қатар, мына бір жайды да айта кетелік, биыл жыл басынан бері «Егемен Қазақстанда» тілшілердің көлемді мақалалары газетке латын әліпбиімен жарияланып келеді. Мұндай батыл қадамдарды жүзеге асырудың оңай болмайтынын білеміз. Бұл –жаңашылдыққа бет бұрған редакция ұжымының өзара бірліктегі тың ізденістері, бәсекелестікке лайықты серпіні. Жаңа үдеріс, әсіресе, жаңа ғасырдың жалынды азаматтары – жастарға ұнайтыны анық. Олардың газетке деген қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз.

Қазақ тілі нығайып келеді. Ол – қазақстандықтардың басын қосатын ортақ тіл. Тіл мүддесіне қызмет еткен «Егемен Қазақстан» ғасырлық мерекесінде жаңғырып, түлеп жаңа белеске көтеріліп отыр.

Болат МӘЖИТ