Мұхиттың арғы жағында

Уақыты: 28.11.2016
Оқылды: 1553
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тауанды тарихымызға көз салсақ, апайтөс алып далада мекен еткен түркітектес халықтар өнерінің өрісі кең екенін танимыз. Ал оның ішінде айбарлы Алаш жұртының тарам-тарам өнерінің тамыры тереңде жатқанын аңдаймыз. Соның бірі де бірегейі, халықтың мұңы мен трагедиясын арқалаған музыканың орны ерекше екені де баршаға аян. Бүгінгі таңда бекзат өнердің өрісін кеңейтіп жүрген музыка майталмандары саусақпен санарлық десек жаңылмаспыз. Олар елінің мақтанышы ғана емес, әлем халықтары талантына тағзым ететіндей тұлғалар екені даусыз. 

Сол дарынды азаматтарымыз бүгінгі таңда алыс-жақын шетелге қазақ музыка өнерін насихаттап жүр. Тек қана гострөлдік сапармен қойған концерттері арқылы емес, тіпті арнайы дәріс беріп, америкалық сазгерлермен шығармашылық сабақтастық орнатқандай. Айта кетелік, бұл бүгінгі күннің жайдарман жаңалығының ең маңыздысы. Оған жуырда ғана АҚШ-тың Джорджия штаты Олбани және Бенбридж қалаларынан оралған екі бірдей саз саңлағы дәлел болмақ. Нақтырақ айтсақ, белгілі композиторлар Артық Тоқсанбаев пен Әли Алпысбаев аталмыш мемлекеттің Олбани симфониялық оркестрі маусымының ашылуын тамашалап қайтты.
Айта кетелік, саз саңлақтары аталмыш оркестрдің және АҚШ-тың азаматтығын алып, сол мемлекетте тұрып жатқан қазақ қызы Қадиша Оңалбаеваның арнайы шақыртуымен барған болатын. Бұл жайлы Артық Тоқсанбаев:
– Шамамен 2002 жылдары Қазақстан Композиторлар одағын басқарып отырған кезім. Бір күні Қадиша Оңалбаева келіп: «Маған мінездеме жазып берсеңіз, Америкаға барып оқымақшымын», – деген өтініш айтқан болатын. Өтінішін оң көрдім. Кейіннен АҚШ-тың беделді университетін тамамдап, сол мемлекетте қалып қойды. Біздің рухани араласа бастауымыз осы кезден басталды, – дей келе қос елдің сазгерлері арасындағы байланыстың қалай орнағанын қысқаша баяндап берді.  
Айтуынша, туған топырағына келіп концерт беруді арман еткен Қадиша Оңалбаева желі арқылы Артық Тоқсанбаевқа: «Мен еліме барып, Олбани симфониялық оркестрімен концерт беремін. Сол кезде америкалық туындылар орындалады. Соның ішінде қазақ композиторларының шығармасы болса деймін. Ол үшін сіз маған екі рапсодия жазып берсеңіз», – деген өтініш айтқан көрінеді.  Бұл тілекті құп көрген А. Тоқсанбаев екі апта ішінде рапсодия жазып, нотасын желі арқылы жібереді. Туындыны тыңдаған Қадиша Оңалбаева мен жұбайы Майкл Кольмен симфониялық шығарманы қатты ұнатады. Сонымен былтыр Астана қаласына келіп, өнер көрсеткен Олбани симфониялық оркестрінің концертінде саз саңлағының рапсодиясы орындалып, сол күні аталмыш оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Клер Фокс Хиллер Артық Тоқсанбаевты алдағы жылы болатын оркестр маусымның ашылуына шақырып, сол кезде осы туындысы орындалатынын тілге тиек еткен көрінеді. Жалпы, саз саңлақтарының  сәтті сапары осылай басталған.
Айта кетелік, қазақ елінің құндылығын, мұрасын, музыка өнерін әлемге танытып жүрген композиторларымыздың туындысы Олбани симфониялық оркестрі маусымының ашылуында орындалды. Бұл күллі Алаштың қуанатын жаңалығы десек, артық айтқандық емес. Өйткені, тек қана өз ұлтының перзенттерінің жүрегінен шыққан туындымен ғана маусымын ашатын америкалықтар тарихында мұндай оқиға орын алмаған көрінеді. Яғни, маусымашарда тұңғыш рет өзге ел сазгерлерінің туындысы орындалған. Оның өзі қазақ перзентінің шығармасы екенін ескерсек, бұл тарихи оқиға деуге тұрарлық жайт. 
Ал қазақ халқының мақтанышына айналған, бірнеше күй-поэмалардың авторы, белгілі композитор Әли Алпысбаев осы сапар барысында Олбани симфониялық оркестрі өнерпаздарына арнайы дәріс оқып, қазақ оркестрі мен ондағы ұлттық аспаптардың орналасу тәртібі, құндылығы мен қасиетіне тоқталып, ол жайлы мәліметтер беріп өткен. Өзінің айтуынша, қазақ музыка өнері жайлы кеңінен әңгіме қозғаған. Сонымен қатар, Қадиша Оңалбаеваға алдағы жылы Жетісу жерінде концерт берсеңіз деген ұсыныс тастап, америкалық дирижерлерді «Алтын таяқша» атты республикалық байқауға қазылық етуге шақырып отыр. Бұл қос елдің өнер адамдарының арасындағы рухани байланысты орнатып, ара-қатынасты берік ететін жайттардың бірі деп біледі Әли Демегенұлы. 
Жалпы, музыка майталмандары арасындағы ынтымақтастықты орнатуға дәнекер болып жүрген Қадиша Оңалбаева бірнеше жыл бұрын АҚШ-қа белгілі композитор Майкл Кольмен шаңырақ көтерген. Қазақтың қарлығаш қызы бүгінгі таңда америкалықтарға өзінің өнерін мойындатып, үлкен атаққа қол жеткізген. Нақтырақ айтсақ, Steinway әртіс деген атаққа ие болған жалғыз қазақ. Осындай биікті бағындырған Қадиша Оңалбаева бүгінгі таңда қазақ музыка майталмандарының туындылары АҚШ төрінде шырқалуына, екі жақтағы өнерпаздардың қарым-қатынасының жақсарып, рухани сабақтастық орнауына өзіндік үлесін қосуда. Олбани симфониялық оркестрі маусымының ашылуына қазақ перзенттерінің барып, туындыларының орындалуы және дәріс беріп қайтуының өзі, Қадиша Оңалбаеваның ұлтына деген махаббатын танытатын, өнердің өрісін кеңейтпек болып жүргендігі мен қос сазгеріміздің дара дарынын өзге елдердің де мойындағаны деп білеміз. 

Асыл Сұлтанғазы