ӘН ДЕ ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

Уақыты: 20.08.2019
Оқылды: 1349
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» демекші, халық жүрегінен жол тапқан, таланттардың жолын жаңғыртып жүрген жандар бар. Солардың бірі – өнер өлкесіндегі жақсы жаңалығын сүйіншілей келген әнші Сағыныш Сенбі. Қазақ руханиятына өзіндік үлес қосуды мақсат еткен әншімен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Эстрадаға келуіңізге не түрткі болды?
– Құдайдың берген таланты, талабымның арқасында әншілікті кәсіп еттім. Қазақ эстрадасында ең алғашқы қадамым  «Шаншар» әзіл-сықақ театрынан басталды. Кейіннен «Шарын» тобын құрдық. Кіндік қаным қазақтың Қарадаласы Ұйғыр ауданы, Шошанай ауылында тамған. Кішкентай ғана киелі топырақта өмірге келдім, балалық шақ сонда өтті. Кейіннен Алматыға арман қуып аттанып, 1998 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Онда театр және кино актері мамандығын тамамдадым. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры ашылып, сонда алты айдай қызмет еттім. «Ат айналып қазығын табады» демекші, театр саласынан ән әлеміне қайтып келдім. 
– «Шарын» тобындамын» деп айтып қалдыңыз, қазір жеке орындап жүрсіз, топ жұмысы тоқтады ма?
– Жоқ, топ қаз-қалпында, құрылғалы бері шығармашылықпен айналысып келеміз. Қазір топтағы әншілер жеке айтып көрініп жүр. Бүгінгі сапарымда облыстық «Жетісу» телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасына арнайы келіп, Мұхтар Жақсылықтың өлеңіне әуен жазған Ғазизхан Шекербековтің «Тәтті арман» атты әнінің тұсауын кескелі келдім. Туған елімнің ақ батасын алып, Жетісудың жүрегі Талдықорған төрінен бір әнімді қанаттандырмақпын.
– Дәстүрлі ән айтасыз ба?
– Дәстүрлі ән мектебін бітірмедім. Алайда ауылдың алтыауызын тыңдап өстік. Шамам келгенше домбырамен де дәстүрлі ән айтамын. Ал негізгі бағытым – эстрада.
Кімдерді ұстаз тұтасыз?
– Өнерде жүргеннің бәрін тыңдаймын. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, ешкімді бөліп-жармаймын. Бәрін сыйлаймын, құрметпен қараймын, сондықтан халық алдында жүрген өнерпаздардың бәрінен үлгі аламын.
– «Күйдім, сүйдім» деген сапасыз әндер көбейді. Сіздің көзқарасыңыз? 
Өте тамаша сұрақ қойдыңыз. Тұсауы кесілгелі тұрған әнім осы ойды айтады. Қазір жас отбасылардың көбі ажырасуда. Сөзіне қараңыз, «Қалай да қалай дейсің бе? Солай да солай дейсің бе? Сыздайды сенің жүрегің, білемін, Маған да оңай дейсің бе?». Ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керіс осылай сипатталады. Әрмен қарай «Жетер дейсің бе, немене? Кетем дейсің бе, немене? Ұмыту мені, алтыным, жарқыным, қолыңнан бірақ келе ме?». Әннің сөзі маңызды болып тұр. Жастар жағы жақсы қабылдауда.
– Шығармашылықта қандай жаңалығыңыз бар?
– Барлығы енді басталып жатыр. Шығармашылықтан қол үзбедім. Өнер академиясына түскелі бері шығармашылықтың ішінде қайнап келем. Өнер болған соң көп нәрсе қаражатқа келіп тіреледі. Осы әніме бейнебаян түсіру жоспарда бар. «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» демекші, жастарды тәрбиелейтін осы сынды әндер жарыққа шығып қалар. Жасыратыны жоқ, «Тәтті арман» әні шыққалы бері маған композиторлар хабарласа бастады. Сондықтан тың туындылар күтіңіздер.
– Әңгімеңізге рахмет, шығармашылығыңызға табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан - Мәулен ӘНЕРБАЙ