ҚАРАСАЙ АУДАНЫ - 90: МҮШӘЙРАҒА 63 АҚЫН ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 21.09.2019
Оқылды: 1780
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Қазыналы Қарасай» атты жазба ақындар мүшәйрасы өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Байқауға барлығы 63 шығарма келіп түскен. Солардың ішінде жүзден жүйрігі анықталып, он жеңімпаз оза шықты. Тәуелсіз елдің шайырлары Қаскелең өңірінің жетістіктерін, Қарасай батыр мен шапырашты Наурызбай бабаның ерлік істерін өлеңмен өрді. Жыр додасына Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып бастаған сөз зергерлері қазылық етті.

Мүшәйрада тарихи толғаумен үздік көрінген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көптеген жыр додаларының жеңімпазы, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым бас жүлдеге ие болды. Ал бірінші орынды жаркенттік ақын Құсайын Бейсебай қанжығалады. Жүлделі екінші орынның еншісін белгілі ақын Жомарт Игіман, айтыс өнерінің саңлағы Үмбетәлі Кәрібаев, әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Әуелбек Искаков алды. Үшінші тұғырдан Қызылорда облысы, Қармақшы ауданынан келген қонақ Достық Тілеубергенов, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, ақын Шекербек Садыханов, Жамбыл аудандық газетінің журналисі Роза Сейілхан көрінді.

Мүшәйраның ынталандыру сыйлығына Өзбекстан және Қарақалпақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әрепбай Халмұратов, ақын әрі сазгер Жангелді Немеребай, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шашубай Малдыбаев лайық деп табылды.

Кеш барысында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Гүлжан Дүйсенова өлке рухын асқақтатқан ақындарға өңір басшысының ыстық сәлемін жеткізіп, өз ризашылығын білдірді. Өз сөзінде ол болашақта байқауға келіп түскен барлық шығармалар жинақ болып жарыққа шығатынын айтты. Төменде жеңімпаз болған белгілі ақын Нүсіпбай Әбдірахымның өлеңін беріп отырмыз.

Өз тілшіміз
Қарасай ауданы

ҚАРАСАЙ БАБА РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

(Әулие бабаның киесі – қызылшұбар жолбарысы болған деседі)
 

Батыр баба, киеңіз туған елден кеткен жоқ,
Содан ба екен, ұрпақтың даңқы кетті көкке өрлеп.
Дәл қазір де баяғы қызылшұбар жолбарыс
Жортып жүрген сияқты Алатауды бөктерлеп.

Қасиеттің айдыны асып жүрген сияқты,
Пасықтықты белінен басып жүрген сияқты.
Қызылшұбар жолбарыс қалың елге ақындық,
Батырлықтың рухын шашып жүрген сияқты.

Кейде секем алғандай жымырып қос құлағын,
Суықтөбе басында ұзақ-ұзақ тұрады.
Сосын сайын далаға көз салады, дегендей:
"Елге тірек боларлық енді кімдер туады?".

Талай қырғын соғыста қорғаныңыз боп еді,
Қажығанда саялар орманыңыз боп еді.
Қызылшұбар жолбарыс алға түссе сын шақта,
Небір қанды жорықта жолдарыңыз боп еді.

Сескентіп те көрмепті қара дұшпан қаптаған,
Қырық жылғы қырғында киеңіз бе сақтаған?
Өзіңізді,
Сұраншы,
Сарыбайды ту еткен
Тоқсанында түледі Жамбылдайын қарт бабам.

Егеменді ел болдық, бірлігімнен бақ табам,
Қанды соғыс тоқтады, болмайды енді "Ақтабан...".
Қай кезде де қорғаштап, қолдап жүрген киеңіз
Нұрағаңдай дарамен, данаменен мақтанам.

Баһадүрім, өн бойы жаралғандай намыстан,
Жер қылдыңыз жоңғарды өмір бойы алысқан.
Өр рухыңыз қолдады Мұсабаев Талғатты,
Қиын-қыстау басына күн туғанда ғарышта.

Неге куә болмаған сайын дала, тау үсті,
Қаншама рет рухыңыз қалың елмен қауышты.
Өзіңізден тараған батырлықтың ұшқыны
"Қара майор",
Қабылан Қаныбекке ауысты.

Рахман нұры ғарыштан тұрған кезде құйылып,
Өзіңізді еске алдық тамам ұрпақ жиылып.
Әкем өткен өмірден атыңызға тәу етіп,
Анам өткен өмірден рухыңызға сыйынып.

Есіміңіз ел-жұртқа ұран болды, жан баба,
Ерлігіңіз таусылмас жыр, ән болды, жан баба.
Ұрпағыңыз жаужүрек батыр болды шетінен,
Тұғыры асыл тастүлек, қыран болды, жан баба.

Қара дұшпан қалтырап алдыңызда бас ұрған,
Ерлігіңіз аңыз боп жетті қанша ғасырдан.
Енді тыныш  ұйықтаңыз Айыртаудың басында,
Ағынтайдың қасында,
Асыл достың қасында.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ