ШАҒАМАН БАТЫР

Уақыты: 29.09.2019
Оқылды: 2614
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алланың таңдаған ұлты – Қазақ халқының басынан небір нәубет, сұрапыл соғыс өткені белгілі. Жоңғар мемлекетімен біз дін үшін соғыстық. Қыз алып, қыз беріп отырған көрші ел пұтқа табынатын дінін тықпалап, үстемдігін жүргізгісі келді. Тұтқиылдан басып кірген жау момын елдің астаң-кестеңін шығарды. Алласына сиынып, рухын шақырып, аруағын айтып атқа қонған халқымыз жан беріп, жан алып шайқасты.

1643 жылы Жоңғарлар 100 мың қолмен Іле өзенін жағалаған күйі Балқашты кешіп өтіп, Көкшеге дейін басып алды. Таскент (Ташкент), Түркістан жау қолында қалды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» басталды. Есін жиған ел әр жерде қарсылық көрсете бастады. Алайда бәрі сәтсіз аяқталды. Жаратқан Алласына сиынған Қазақ тұяқ серпіп өлудің қамын жасап, қайта көтерілді. Рухын шақырып, атойлап жауға шапты. Шағын ұрыстар ірі жеңістерге ұласа бастады.
Бірде аспан асты, үштерек түбіндегі офисінде отырған Төлеу ақсақалға амандасқанымда:
– Әй, Белдемнің баласы, сенің атаң Телібайды біз «Белдем» деп атайтынбыз, ол Шағаманның Белі еді ғой. Сен білесің бе, Шағаман батыр қанша жасында батыр атанғанын? – деп сұрады. Алайда жауап күтпестен сөзін бастап кетті. Төлеу аға сұрақ қойып, өзі жауап беретін құн шежіре еді.
Асы жайлауы мен Алла (Ала) тауының күнгейі мен теріскейін жаз ортасына дейін жайлап, атын жаратып, сақадай сайланған қалың қол Ортатау арқылы Асының сағасына түсіп, Бақай таудың етегіндегі жоңғарға килігеді. Қалың қолдан сасқан жоңғардың ханы Насырқалша жекпе-жекке шақырып, қас батыры, атан өгіз атанған Шағырды шығарады. Сонда алға суырылып шыққан 18 жастағы Шағаман: «Ел ағалары, мен шығамын жекпе-жекке, жеңілсем Албан қолының сағы сынбайды. Мен әлі белгісіз, жас жігітпін ғой. Аллам қуат беріп жеңсем, жоңғар қолының сағы сынар», – деп жауап күтпестен  атойлап алға ұмтылады. Сөйтіп, Насырқалша ханның қос батырын жер жастандырып, басын алады. Рухтанған қазақ қолы Насырқалша ханды Шелектегі бекінісіне бір-ақ тығады.
Жеңістен рухы көтерілген игі жақсылар Шағаманға: «Қазақтың хас батыры – Ер Шағаман» деген есім таңып, абыройын асқақтата бата береді. Сонда сөз сұраған Шағаман: «Аузы дуалы, қадамы киелі игі жақсыларым, баталарыңды соңымнан ерген кенже інім – Найманбайға беріңіздерші» – деп өтініш айтып, көрегендік танытады. Ол кезде Найманбай 9 жаста екен.
Араға аз күн салып, Насырқалша ханының биік дуалдан қаланған қамалын қоршайды. Қара құлыпты қақпаның сыртынан салып, «өліспей беріспейміз» дегендей сес көрсеткен жоңғардың мысын басу үшін Шағаман батыр бала күнгі досы Еспер мергенге: «Мылтығыңды иығыма қойып, құлыпты атып бұз!»  деп өтініш айтады. Қара құлыпты дәлдеп атып, қақырата бұзған Еспер мерген сол күннен бастап «хас мерген» атанады. Жау жеңіліп, тізе бүккен сол шайқаста Шағаман батыр Насырқалша ханмен жекпе-жекке шығып, басын алады.
Жеңістен рухтанған Албан қолын басқарған Хангелді би жауға төрт жақтан шүйлігеді. Көкпек жақтан Райымбек батыр, Бұғытыдан Сатай батыр, Түрген жақтан Бақай батыр, қарсы алдынан Шағаман батыр қыспаққа алған жау қойдай қырылады. Осы шайқаста Шағаманмен бірге Қорам батыр, Бекбау батыр ерекше ерлік көрсетеді. Осылайша Албан жасағына қарсы тұрмақ болған жоңғар қонтайшылары есеңгірей жеңіліп, артқа шегінеді. Бұл жер кейін ел аузында «Жоңғар көрге кірген Көртоғай» аталып кетеді. Сол шайқаста Қазақ сарбаздары жаудың есін жиғызбастан жоңғарларды Текес өзенінен бір-ақ өткізеді. Сонда ғана Хангелді қолбасшы қалың қолды тоқтатып: «Ары қарай жау жері. Біз Атамекенімізді азат еттік. Енді алдағы шешуші шайқастарға дайындалуымыз керек» деп, сарбаздарына ұран тастайды.
Албанның осы бір ірі жеңісі қазақ даласына тез тарап, елдің еңсесін көтереді. Рухы асқақтаған қазақ халқы жаппай атқа қонады. Осылайша Әлмерек батыр бастаған Албанның 12 мың  қолы Абылай ханға келіп қосылады. Оның ішіндегі Райымбек батыр бастаған 600 батырды көргенде, Қызыр қонған дарабоз – Қабанбай батыр: «Нағашы жұртым – Албандардың арландары келді. Жеңіс енді біздің қолымызда» – деп жігерлене түседі. Үнемі алғы шепте, Қабанбай батырмен қатарласа шапқан Албан жасағы жауды жеңіп, Ұлы жеңістерге өз үлесін қосып отырады. Шу бойындағы шайқаста ойсырай жеңілген жоңғар әскері алды-артына қарамай, аңырап қашады. Бұл соғыс тарихта «Аңырақай шайқасы» деп аталады. Ал, ыңыранып жатқан жаралы жаудың көптігінен осы мекен кейін Ыңыранды атанып кетеді. Осы Ұлы жеңіске үлес қосқан хас батырларының ішінде Шағаман батыр да бар еді.
1743 жылы Ойрантөбе шайқасында Албандардың қолбасшысы Райымбек батырдың қарамағында мыңбасы болған Шағаман батыр Еламанұлы Көртоғай шайқасында ерлік көрсетеді. Жауды ойсырата жеңіп, «Жекпе-жекте жеңілмеген Ер Шағаман!» атанады. Рух қонған әулие Райымбек батыр: «Ер Шағаман, сен қырғызға, мен қытайға сес болайын! Байсейіт батыр, сен етектегі елге ие бол, оларға егін егуді үйрет!» – деп өсиет айтады. Бұл күнде Райымбек баба айтқандай, Қырғыз Алатауында елдіктің белгісі болған Шағаман асуы бар, етекте егін егіп, дәулетімізді асырған Байсейіт ауылы бар. Бұл – бабалар аманатының орындалғаны.
Қазақ даласына анталап кірген жауға қарсы тұру жорығына Қабанбай батырды Бас қолбасшы етіп сайлайды. Сол кезеңде Қазақтың Көк туын Ер Шағаманға сеніп тапсырған Төле би батыр бабамызды: «Алла таңдаған Аспана батыр!», – деп әспеттеген екен. Аспана сөзі Тянь-Шань тауының қазақша атауы. Бұл батыр бабамызың таудай биіктігін әрі халқыңа аспандай пана бол дегенін білдірсе керек.
– Сен білесің бе? Алла сүйікті құлдарына қай жерден топырақ бұйыратынын және есімі қай заманда дәріптелетінін сездіріп отырған. Ер Шағаманның әулиелігі де осында. Оның дулығасында: «Алладан басқа тәңір жоқ», «Алланың семсері» деген жазу бар екен, – деді құн шежіреші Төлеу ақсақал.
1757 жылы: «Қазақ жоңғар шапқыншылығынан әлсіреді, енді оларды тез жаулап аламыз»  деген оймен қысық көз қытай 40 мың қолымен елімізге баса-көктеп кіреді. Жүрген жерін жайпап, құрт-құмырсқа, бақа-шаянға дейін теріп жеп, шөп-шаламды тамырымен қопарып, жүрген жерін тып-типыл етіп отырды. Абылай ханның шақыруымен Албан қолбасшысы Райымбек батыр мен Шағаман батыр жау әскерімен шайқасқа түседі. Үш жылға созылған соғыстан жау ойсырай жеңіліп, он төрт мың әскерімен шегінеді. Қытай әскерінің қатыгездігін, халыққа тигізер қасіретін сезген Абылай хан: «Қытай – қайыс ноқта, суға тиген сайын созылады, орыс – темір ноқта, бірде болмаса бірде үзіледі»  деп көрегендікпен, ерекше ескертіп айтқан еді. Осы Ұлы өсиетті бүгінгі ұрпақ естен шығармаса екен.
Сол жылғы сұрапыл соғыста Нұра өзенінің бойында Шағаман батыр ту сыртынан тиген садақ оғынан қайтыс болады. Сол жерде жерленген батырдың құрметіне елді мекен Шағаман ауылы аталады. Батыр Шағаман, әулие Шағаман деп халық басына барып түнеп, Алладан тілек тілеп, тілектері  орындалып жатады екен. Батырдың ұрпақтары 2005 жылы үлкен ескерткіш орнатып, ас берді. Өткенінен өнеге алған ұрпағы бабалар рухына тағзым етті.
Шағаман бабамыздың батырлығымен қоса жомарттығы жайлы ел арасында айтылар аңыз-әңгіме өте көп. Сыйға тартқан дүниелерді, қолындағы мал-мүлкін ауыл ақсақалдарына, кедей-кепшіктерге таратып беріп отырған. Жомарттығында шек болмаған. Үйінен қонақ үзілмеген. Бірде Шағаман батырдың досы, адайдың игі жақсыларының бірі Әлменбет батыр Қытаймен қырғын соғыс үстінде екі ұлынан бірдей айырылады. Ауыр қайғыдан қан жұтып, төсек тартып, жатып қалады. Көңіл айтып келген игі жақсылар мен басу айтқан батырларға бас көтермейді. Бұны естіген Шағаман батыр көңіл сұрай кірген беттен жон арқасына қамшымен тартып жіберіп: «Сен Адайсың, танысаң Адайсың, танымасаң Құдайсың. Мен Албанмын, жон арқаңнан қамшымен салғанмын. Тұр, жатпай, жауды жеңіп, кек алайық!», – дейді. Сонда басын көтерген досы: «Адай найзағайдай жарқылдағанда, Албан күндей күркірейді деген осы екен» деп еңсесін тіктеп, орнынан тұрыпты. Сол Әлменбет батыр досы Шағаман шейіт болғанда өз қолымен жерлеп: «Батыр – аңқау, Ер – күдік» дегендей, алды-артыңды тегіс қамтып, сақ жүруші едің, қапыда мерт болған Ер Шағаманым-ай!» деп күңіреніпті. Кейін жеңіспен оралғанда досының есімін есте сақтау үшін немересіне Шағаман деп ат қойыпты. Осы оқиғаны Төлеу ақсақалдың үнемі тебірене айтып отыратынын батырдың ұрпағы Бақыт Міркәрімов те растайтын. Бабаларымыз бастаған ұлы достық әлі жалғасып келеді. Біздің досымыз, арынды ақын Светқали Нұржановқа белгілі қаламгер Дүйсен Мағлұмов: «Свекеңнің  достары да, іздеушілері де кілең Албанның азаматтары», – деп қалжыңдап отырады. Күмбірлеген көне дүниенің тылсым сырының құпиясы осы шығар!
«Шағаман батыр құрыштан құйғандай мығым денелі, қараторы, көз жанары өткір, қыр мұрынды, ерекше ширақ қимылды, өте жылдам кісі болған деседі. Шауып бара жатқан атқа қатарлай жүгіріп, қарғып мінеді екен. Қос қолдап, қос қылышпен жауын кезек-кезек тураған»  дегенді Төлеу ақсақал айтатын. Арасында мынадай өлең жолдарынан шабыттанатын.
– Арғымақпен жарысқан,
Жалына қол сап жабысқан.
Жауыменен алысқан,
Ер Шағаман арыстан.
Жауы қашып, шулаған,
Оңды-солды тураған.
– Алла! – деп ұран сап,
Қылышы қында тұрмаған.
Қазақ халқы жоңғармен жүз жыл, қытаймен үш жыл соғысты. Басқа жаумен де жан беріп, жан алысты. Отанымызды жау басқыншыларынан сақтап қалған бабаларымызға айтар алғысымыз шексіз. Олардың өшпес ерлігіне бас иіп, тағзым етеміз!

Дәулет ТЕЛІБАЕВ,
экономика ғылымдарының докторы, 
академик, журналист.

Ер Шағаманның суретін құн шежіреші Төлеу ақсақалдың айтуымен салған батырдың ұрпағы, кәсіби суретші Нұрғалым Исабайұлы.