ЖАҢА ЖҮЙЕ: НЕНІ ОҚЫТУ ЕМЕС, НЕ ҮШІН БІЛІМ АЛУ МАҢЫЗДЫ

Уақыты: 18.10.2019
Оқылды: 1068
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазіргі заман талабына сай жылдам дамып келе жатқан қоғамға тез бейімделіп, өмірде өз мүмкіндігін көрсете алатын бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздар алдында тұрған басты міндет. Бұл орайда Жаңартылған білім бағдарламасын терең меңгеріп, жаңа бағытта білім берудің маңызы зор.

Аталмыш бағдарламада дифференциалды оқыту, пәнаралық байланысты қалыптастыру, ақпараттық-коммуникациялық технология, диалогтік оқыту, зерттеу әдістері сынды бірқатар жаңа жүйе қарастырылған.

Маған ұнайтын тұсы – ұстаздың  да, оқушының да үнемі ізденісте болатындығы. Мұндай жағдайда баламен жұмыс істеу өте қызықты. Жаңа бағдарлама бойынша білім беруде оқу курстарынан үйренгенімді өз тәжірибеме батыл енгізудемін. Әрбір сабағымнан кейін белгілі бір нәтижеге жетудің маңызды екендігін түсінемін. Дәстүрлі жүйеде «Мектепте нені оқыту керек?» деген сауал төңірегінде жұмыс істесек, білім берудің жаңа бағыты арқылы «Не үшін білім алуымыз қажет?» деген сауалға жауап іздеудеміз. Жаңа мазмұн арқылы оқушының өзіндік ойлауы мен танымдық белсенділігін арттыру көзделуде.

Жаңартылған бағдарлама жұмысыма басқаша көзқараспен қарауыма мүмкіндік ашты. Қытай ойшылы Конфуцийдің «Мен саған балық берсем, сен бір-ақ күн тоқ боласың, ал қармақпен қалай балық аулауды үйретсем, сен өмір бойы тоқ боласың» дейтін қағидасы басты ұстанымыма айналды.

Мұғалімнің міндеті – бала бойына білімнің негізін қалау. Ол өз дәрежесінде қалануы үшін іргетасы мықты болуы қажет. Жаңа формация мұғалімі – жаңартылған білім беру жүйесінің іргетасын қалаушы. Мен де оның негізінің дұрыс қалануына үлес қосып, жаңа жүйеге сай ұстаз болғым келеді. Ол уақытпен бірге өзгеруді, жаңаша ойлауды талап етеді.

А. СӘРСЕНОВА,

мектепке дейінгі шағын орталығы бар Алмалы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Сарқан ауданы