БАЙТАҚ ЕЛДІҢ БАЛПЫҒЫ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БАБА ТОЙЫ ҮШ КҮН ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 18.10.2019
Оқылды: 1807
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биікке өлшем беру үшін билердің сөзіне жүгінетін қазақтың бабаға деген құрметі баланың әкеге деген махаббатындай. Ақ сауытын асынып, бабалар аруағына сүйеніп атажауын тықсырған даналарымыздың рухы өр, ойы дария. Ғасыр аунаса да бозжусан бейнесінің бояуы жұқармай атар таңның қызылсаң сәулесіндей қайта бой көтеріп, болашақтың жүзіне нұрын шашып тұратыны содан-ау, сірә. Бұл тойдың бұрынғы тойдан өзгерек болуының да бірден-бір себебі осы. Кіндік кескен топырағымыздың құнарын арттырған бабаларымыз сүйекті сөзі мен өнегелі өмірі. Ендеше, Жетісу жұртының бағаналы Балпық бидің 325 жылдық мерейтойын үш күн тойлауының себебі арыда жатқанын осыдан-ақ аңғара беріңіз.

I.Баба тойы батамен басталды

Кейде бауыры бұлақ бабаларымыздың ұлағатына шөлдегенде  тарихтың сабасында піскен асау да ащы қымызды қотара ішкің келеді. Қоңыраулы найза алып қол төңкермесең де рухыңа төңкеріс жасардай әл-дәрмен аласың. Нөсер ойдың жаңбыр ұшығындай ғана болса да намысыңа тамыздық, арманыңа желкен болатын дәруменге ие қордалы да қаймақты тіркестер тіл ұшына байланып, мақсатыңа мінбер болатыны сөзсіз. 

Ел-жұрт алдымен Көксу ауданының орталығындағы Балпық би демалыс алаңының ашылуына жиналды. Қазақтың қара домбырасымен арнау айтылғаннан кейін Көксу ауданының әкімі Алмас Әділге сөз берілді. Ол баба есімін ұлықтауға жиналған алқалы топты мерейлі күнмен құттықтап, жыл басынан бері Балпық бидің 325 жылдығына арналған шаралардың тоқтаусыз жалғасып келе жатқанын, бұл тарихи тұлғаларымызға деген жас ұрпақтың құрметі екенін алға тартты.

– Тарихымызды айқындап, асыл мұрамызды түгендедік. Балпық бидей бабаларымыздың арқасында талай қырғыннан аман қалдық. 1993 жылы Көксу ауданының орталығына Балпық бидің есімі берілді. Содан бері ауданымыз көркейіп, түрленіп келеді, – дей келе аудан әкімі алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңғыртылғанын мақтанышпен жеткізді. 

Одан кейін Алматы облысының Құрметті азаматы, «Тақиялы періште» атамыз Әлімғазы Райымбеков бастаған ел ағалары Балпық би демалыс алаңының лентасын қиып, баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ары қарай жиын Мәдениет үйінде «Бабалар сөзі – даналық көзі» атты батагөй қариялар арасындағы бата беру сайысымен өрнектелді. Ондағы мақсат – тілдік магиялық қуаты сұрапыл тектілеріміздің шұрайлы тілінен төгілген жауһарларды көңіл елегінен қайта өткізіп, ұрпаққа ұлағат ету.

Иә, ортаға түскенде қалай сөйлерімізді білмей қиналып қорыншақтап қалғанда билерден қалған баталы сөзді жатқа соғып, жол тауып кететініміз бар. Сондайда жүрек көзесінен төгілген сөз маржандары сеңдей қаптап, судай ағылады келіп. Бұл қайдан келген қуат дейсіз ғой іштей өрекпіп. Сөйтсек, қазыналы би-шешендердің аузына түскен нақылдың мөлт еткен бір тамшысы екен бойыңды билеп байыз таптырмай тұрған. Сөзді жетім етпей, керек жерде кеңінен толғағанға не жетсін?! Бүгінгі тойдың да  батамен басталуын соған жорыдық.

Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге  айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық пен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата адамға рух беріп, жігерлендіріп отырған. Десе де жетпісті алқымдаған қарияларымыз кейде жаттанды сөзге бой ұрып, дайындықтарының шалалығын көрсетіп алды. Оны әділқазылар алқасының төрағасы ардагер журналист Нұртілеу Иманғали сынға алып, өкпесін жасырмады.

– Алты Алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің  берген баталары ел аузында сақталып, халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты да ырғақты, мазмұнды да мәнді болып келетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Мұны біз байырғы дәстүріміздің келелі жұрнағы есебінде қараймыз. Алайда қарияларымыз «әттеген-ай» деген іштегі өкпе мен күдікті оятып отыр. Мен қанағаттанбадым. Несін жасырайын, бұдан да зор болады деп үміттенген едім, – дей келе дәстүрлі байқау келесі жылы Жамбыл төрінде жалғасса деген ниетін білдірді.

Қай уақытта да сөзге бұлақ, ойға сүлей қарттарымыз халыққа ес болған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген көкірегі сара, кеудесі күміс сандық ақсақалдар дәстүрден жаңылмай, алақан жайған әлеуметке әулиелер аманаттаған дұғалы тілекті баяндады. Батыс пен Шығысты түгендеп, Оңтүстік пен Солтүстікті аттап, алты аймақтан келген 13 ардагер Балпық бабамыздан қалған мол мұраны Жетісу көгінде әуелетті. Әр батаның соңында «әумин» деп алақан жайған ағайынның қошеметінде шек болған жоқ. Нәтижесінде, Жамбыл облысынан келген Аманжол Дүрәліұлы бас жүлдеге лайық деп табылып, 600 000 теңгелік сертификат берілді. Бірінші орынды жерлесіміз Данияр Оралбеков иеленсе, екінші сатыға Жақыпбек Самалтырұлы көтерілді. Үшінші орынды түркістандық Жолдасбек Тұрманбетов қанжығалады. Ал сайыстың арнайы жүлдесін алматылық Төлеш Станбеков, Мұхтар Шакиров, шымкенттік Қолдасбек Төлеген мен Есенбек Битаев, алматылық Жаңабай Кулишев, жамбылдық Орынбай Рысбаев, Сыр өңірінің намысын жетелеп келген Келдібай Бектұрғанов пен Нұрлан Махмутов, түркістандық Сатан Маханов алды. Қатысушылардың ешқайсысы құрқол қайтқан жоқ. Барлығы қомақты қаржылай сыйлық пен арнайы дипломдарды арқалап қайтты.

Дүбірлі той әлемдегі ең ұзын көшені көбелей орналасқан, табанының астында тарих жасырынып, бойында батырлық тамыры бүлкілдеген шағын шаһар, тұлғалы мекен Текелі қаласында жалғасты. Аңызға бергісіз адамдары, жаһанды тамсандырған тамаша табиғаты бар Текелі қалашығының шаршы тобында сөз алып, шабытты жұртымен жүздесудің сәті баба даңқын әспеттеген жазба ақындарға бұйырды.

Осыдан үш ай бұрын Текелі қалалық әкімдігі облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен бірлесіп «Байтақ елдің Балпық биі» атты жыр мүшәйрасын ұйымдастырып жатқанын әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Байқауға 50-ден астам ақыннан өтініш түскен. Соның екінші айналымына өткен 8 қаламгер Текелі Мәдениет үйінде бас қосты. Шараның шымылдығы қала әкімі Бақтияр Өнербаевтың алғысөзімен ашылды.

– Біз тәуелсіздік алғанға дейін Кеңес өкіметі көрсеткен оқулықтан білім алдық. Тарихымыздың тіні босады. Алыптарымызды танудан қалдық. Енді, міне, бүгін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туды. Тарихымыздың тіні арыда жатқанын аңғардық. Жауынгер ел екенімізді аңдадық. Балаларымызға Қабан жырау, Ескелді би, Балпық би сынды әулие-даналарымыздың жүріп-өткен жолын, өрелі өмірін үлгі еттік. Бұдан артық нендей шаттық болсын?! Білектің күшімен, найзаның ұшымен келген еркіндік бәрімізге қымбат. Сол еркіндік жолында құрбан болған даналарымызды қадірлемесек елге сын. Сондықтан батыр да шешен бабамызды жырына арқау еткен ақындарға алғысымды айтқым келеді, – деді Бақтияр Әлтайұлы. 

Жыр додасына қатысқан сөз майталмандарының жасына шектеу қойылмады. Қазақ әдебиетіне тәй-тәй қадам басып келе жатқан жас ақындармен қатар жұртқа аты таныс, оқырманға белгілі поэзияның жүйріктері де бақ сынады. Бап шаба ма, бақ шаба ма дегендей, бәйгенің бас жүлдесін әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған танымал ақын, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым иеленді. Сырлы өлеңімен жиналған қауымның көңілінен шыққан, соған орай әділқазылардың лайықты бағасын алған өлеңнің иесіне 500 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Одан кейінгі орынды Көкшетау қаласынан бабасына поэма арнап келген ару қыз Майра Тоқанова қанжығалады. Екінші орынды өскемендік Әскерхан Ақтай алса, үшінші орынға түркістандық Кәдірбай Ғалымнұр лайық деп табылды. Ал арнайы жүлдені газетіміздің оқырмандарына жіті таныс Сарқан ауданының тумасы, талантты ақын Жомарт Игіман, әдебиет ардагері Әли Ысқабай және Шымкент қаласының тумасы Нұрбол Құдайберген қанжығалады. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлық пен диплом табыс етілді.

    Балпық әулие басындағы толғаныс

Қиын шақта еліңнің қорғаны да боп едің,
Аптабында саялар орманы да боп едің.
Бүгін жұртың ардақтап жатыр,  баба,  атыңды,
Есіміңді өлеңге қосып жатыр өренің.

Ұрпақ үшін лаулаған қызыл отқа көп кірдің,
Ерегіскен жоңғарды өз қанына бөктірдің!
Сол ұрпақтың біреуі,  амандық боп тілеуі,
Батыр баба,  басыңа тәу етуге кеп тұрмын.

Қол бастаған, 
Тар жерде сөз бастаған киелім,
Найзаңды да сөзіңді жауға бұрын тіредің.
Құдайсызды қабірден қиыс бұрып әкеткен
Қасиетіңе басымды қай кезде де иемін!

Қабіріңді өктем күш ашып кете жаздады,
Темір тажал кеудеңді басып кете жаздады.
Бақ секілді кие де үркек құс қой,  жан баба,
Қалың елден қасиет қашып кете жаздады.

Шүкір, шатты күн келді, сұрғылт тұман ашылды,
Қуаныштар көбейді – шаштық тойға шашуды.
Кезеңімен дүркіреп аталуда тойларың,
Жалпақ жұртың айшықтап көтеріпті басыңды. 

Сырда да қап,  Шуда да тұлпарыңның іздері,
Өтен* бабам секілді жерұйықты іздедің.
Сан шайқаста жан алып,  жан берісіп жүріп те
Болашақтан бір сәт те күдеріңді үзбедің.

Қол созым қап кей-кейде,
Кейде қуып сағымды,
Жалайырға жұмақтай мекен іздеп сабылдың.
Атамекен құшағын жайды жалпақ жұртыңа,
Жетісудан Жиделібайсын жері табылды.

Жетістік көп айтатын,  баба,  мерейтойыңда,
Құлаш жайды ұрпағың Есіл менен Ойылға.
Өсіп-өнді өркенің Текелінің өрінде,
Көксу менен киелі Қараталдың бойында.

Бұтағынан есепсіз миуасы төгілген,
Бауыр басты сан ата жұмақтайын жерімде.
Үш Қамауда тереңге тамыр тартты ұрпағың,
Өркендеді киелі Күреңбелдің төрінде.

Аға сыйлау,  ынтымақ,  бірлік болып ұраның,
Қиын-қыстау заманда жақтың елдік шырағын.
«Тәубе» дейміз – бәйгеден озып келді тұлпарың,
«Шүкір» дейміз – қияға қанат қақты қыраның.

Дұшпанынан селт етіп көрмеген бір жүрегі,
Қара Балпық атанған қас батырдың бірі едің.
Ел таныған әулием, тебіреніп 
Өзіңе
Тәу етуге кеп тұрып,  Жаратқаннан тіледім:

Алашыма бақыт бер,
Таусылмайтын қазына – 
Інжу, маржан, ақық бер.
Ақыныңа сол сәтті 
Жырлайтұғын уақыт бер.

Тыныштық – бар байлығым,
Сыйлай көргін жайлы күн.
Бір өзіңнен тіледім
Деніміздің саулығын.

Қазағыма бірлік бер,
Жұдырықтай жұмылып
Істейтұғын тірлік бер. 
Жаңбыр жауса – қорғаным,
Күн шыққанда айқара
Ашылатын түңдік бер.

Алашыма бақ бергін,
Қой үстіне бозторғай
Жұмыртқалар шақ бергін.
Өркеніме аспаннан
Ай-жұлдызды ап бергін.

Озып келсін тұлпары,
Сапта болсын сұңқары.
Аман болсын қашанда
Алашымның ұрпағы,
Қазағымның ұрпағы,
Әумин!!!

                                                                                                                                                                Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

мүшәйраның бас жүлдегері

Өтен* – Мүйізді Өтеген батыр Өтеғұлұлы, аңыз бойынша ел кезіп, халқына Жиделібайсын жер іздеген.

– Қадыр Мырза Әлі: «Біздің тарих  бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы» деп жырлаған еді. Иә, біздің тарихтың жастығына қан мен жас сіңген. Қалай көпсітсең де қайнаған намыстың иісі аңқып тұрады. Балпық бабамыздың мерейтойында жыр мүшәйрасының өтуі заңдылық. Себебі, ол қазақ өнерінің бастау шыңы Қабылиса жыраумен қатар өскен. Өзінің де шешендігі, сөзге жорға екендігі ауыз әдебиетімізден анық байқалады. Бұл мерейлі той халықаралық дәрежеде тойланып жатыр. Оған дәлел, шегарамыздың арғы бетіндегі қандастарымыздың қуанышымызға ортақтасып, қара шаңыраққа ат басын бұруы. Бұл баба аруағына көрсетілген құрметтің үлкені. Осындағы ұрпақтарына алғыс айтамын, – деді әділқазылар алқасының төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай бізге берген сұхбатында.

Айта кетейік, ұйымдастырушылар ақындардың өлеңдерін шағын жинақ есебінде жарыққа шығарған екен. Соңынан өлеңсүйер қауымға рухани тәбәрік есебінде үлестірді. Бұл да болса бабамызға деген құрметтің бір көрінісіндей жылы әсер қалдырды.

БАЯНДЫ БОЛСЫН

Әміре ӘРІН,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбіш-ұлы Қазақ хандығының 550 жылдығында: «Біз кешегі ғұндардың, сақтардың, түркі қағанаттарының, Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз», – деп тұжырымдаса, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлытауға барғанда қазақ хандарының түп атасы Жошыны ұлықтап, Алтын Орданың 750 жылдығын тойлауға пәрмен берді. Түсініп, түйсінетін болсақ бұл ұлы бастама, ұлы шаруа. Осы арқылы елдігіміздің, теңдігіміздің, бірлігіміздің, әлемдік деңгейдегі кеңістігіміздің үлкен айдыны ашылмақ. Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұлы Даланың 7 қыры» атты мақаласында айтып өткендей, біздің бабаларымыз мыңдаған жылдар бойына Еуразия кеңістігінде өркениеттің дем берушісіне, бүкіл адамзаттық қозғалыстың қуатты тетігіне айналды. Олар:

«Көктен Тәңір баспаса,
Жер қақ айырылып жатпаса,
Кім қорлар, қалың түркі елін?!» – деп күллі әлемге ұран тастады. Осы үрдісті Ескелді әулие, Балпық би, Қабылиса жырау,  Жолбарыс би сынды бабаларымыз жеңісті де жемісті күндерге жалғастырды. Соның нәтижесін бүгінгі сіз бен біз көріп отырмыз. Ендеше батыр бабамыздың бүгінгі мерейтойы құтты болсын! Балпық би армандаған еліміздің мемлекеттілігі баянды болсын деп  тілейік!

II.Қазыналы қойылым

Торқалы тойға жиналған қауым сол күнгі кеште Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрына жиналды. Онда драматург Әскерхан Ақтайдың «Балпық би» тарихи драмасы тұңғыш рет сахналанды. Бұл тойдың ең үлкен олжасы болды десек, артық айтпағанымыз болар. Зал лық толды. Ине шаншар орын болған жоқ.

Жетісудың  атақты ақындары Сүйінбай мен Бақтыбайдың  жырларына арқау болған, Абылай ханның үзеңгілесі, ел қорғаны, халық арасында көсемдігімен, сөз бастаған шешендігімен шоқтығы биік болған Балпық бидің ғұмыр жолы, ерлігі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық. XVIII ғасырдың жартысында қазақ даласына жасалған жоңғар шапқыншылығының халқымызға үлкен зобалаң әкелгенін тарих беттерінен жақсы білеміз. Міне, осы тұста туған жерді қорғап, жаудан тазартуда Абылайдың ақ туының астына жиналған батыр бабаларымыздың арасынан табылған Балпық батырдың қолбасшылық қабілеті  ерекше дараланған. 

Спектакльде қалың жаудан үркіп Сыр бойына көшіп, қоныс аударған   сансыраған  елді  Жетісудағы атамекеніне  қайта көшіріп әкелуде  Ескелді би, Қабан жырау бабаларымызбен бірге Балпық бидің де басшылық жасағаны баяндалды.  Бір қиырдан екінші қиырға жаяу-жалпы көшкен жұрттың    жол азабы жетерлік болды. Жол-жөнекей қарақшылық шабуылдарға ұшыраған жұртты  батыр бабалардың  сарбаздары  қорғаған. Жер жаннаты Жетісуға атақоныстарына  шаршап-шалдығып жеткен бір тайпа елді Балпық би бастаған  бабалар ақылдаса келе  сонау Текеліден бастап Балқаш көліне дейінгі аралықтағы шұрайлы жерлерге әділеттілікпен қоныстандырды.

 Бір қызығы, сан ғасыр өтсе де әлі күнге дейін осы өңірде Жалайыр атаның балалары   тіршілік жасап, ұрпақ өсіріп, көгеріп-көктеп жатыр.  Біз өткен тарихтың беттерін қайта көшіріп жаза алмаймыз. Өйткені, онда төгілген қан мен тердің тамшылары сайрап жатыр.  Сол  бір тайпа елді  сақтап,  болашақтарын болжап,  жол көрсетіп кеткен  Балпық бабаның ұрпақтары қазіргі кезде Текелі мен Күреңбел өңірінде, Қаратал мен Көксу, Іле өзендерінің бойына қоныстанған. 

Бұл тарихи драма тарихшы, зерттеуші ғалым, ұлт қайраткері Ораз Исмаиловтың «Бабамыз Балпық әулие» атты еңбегіндегі тарихи деректер негізінде жазылған. Қоюшы режиссер Назым Өтеулинова мен Базарбек Тоқымтаевтың еңбегі зор. Ол қойылым желісін он күннің ішінде жасап шыққан. Бұл жерде театр әртістерінің де тынбай жұмыс жасағанын айта кеткеніміз абзал. Премьераға арнайы келген пьеса авторы, ақын Әскерхан Хуанбайұлы шығарманы жазарда том-том кітаптарды қопарғанын ашып айтты. Әрі кейін жаңартып жазуға уәде етті.

– «Кімнің батыр екенін жау келгенде білерсің, кімнің шешен екенін дау келгенде білерсің» деген қанатты сөздер Балпық би атамыздан қалып, осы күнге жетіп отыр. Түсінген адамға осы бір сөздің астарында қаншама ой жатыр десеңізші. Он екі ата Жалайырдың ішіндегі біртуар тұлға Балпық атамыз сонау қиын- қыстау заманда үзеңгілес досы Ескелді би және Қабан жыраумен бірге халқын жаудан қорғап, елін қырылып кетуден сақтады. Балпық би атамыздың данышпандығы мен көрегендігі өз алдына, ол кісінің әулиелігі жайындағы әңгімелер ел арасында көптеп таралған. Аңырақай шайқасына, Аягөз бойындағы Таскескен мен бүгінгі Текелі қаласының маңындағы соғыстарға қатысып, ерлігімен еліне танылды. Әділ сөзімен ел ішіндегі ынтымақ, бірлікті сақтап қалды. Мұнын бәрі тарихи кітаптарда анық жазылған. Мен соны сөйлеттім, – деді ол өнерсүйер ағайынға алғысын жаудырып. 

Бір сағатқа созылған қойылым аяқталған соң Алматы облысының Құрметті азаматы, қаламгер Наурыз Қылышбаев сахна төріне көтеріліп, баба тойына атсалысқан театр әртістеріне ізгі ілтипатын жолдап, шағын сый-сияпат табыс етті. Сонымен қатар, басты рөлді сомдаған сақа актерлердің иығына шапан жауып, Алғыс хат ұсынды.

ӨСИЕТ

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы:

– Менің сөзім Балпық би өсиетінің тағылымы жайында болмақ. Бірінші, төзімділік өңешке қадалған тікен іспеттес. Кірген ізімен кері шықпайды. Амалсыздан қинала-қинала жұтасың. Өкпеңе кетсе дертке ұшырайсың. Асқазаныңа түссе қорытылып, бойыңа қуат береді. Бабалар өткен ұлы жол солай дейді. Екінші, «Артында ұлы қалғанның көзі қалды де, сөзі қалғанның өзі қалды де» деген сөз бар қазақта. Балпық бидің көзі Тіленші әділдікті ту еткен қазы болса, жолын жалғастырған Қарымбай, Жәлменде билер хан, төрені бағындырған, елін ұйыстырған Ұлы жүздің айбынды ұландарына айналды. Үшінші, Балпық бидің жүрегінен шығып, жүрекке жетер өсиеттері ұрпағына шырақ болып жағылып, қуат беретін ұранына айналды. Тіпті, бүгінге дейін біздің арамызда жүр. Төртінші, Әулие Балпық жаны қысылған адамға аян беріп, жебеп жолын ашқан. Батасын беріп, жастардың белін буған. Әділдікті ту еткен басшылардың бағдаршамы болып, бағын ашқан. Бесінші, Балпықтың ізбасарлары Бөлек, Назар, Айту, ағайынды Байқоржын, Сақбай мен Оспан ақ патша тұсында әділ би, адуынды болыс болса, ақ пен қызылдың текетіресінде Қареке, Рақым, Қошым, Пышан болыстар ел есінде ұлтжандылығымен сақталды. Жиырмасыншы ғасырда да нар тұлғалар қатары сиреген емес. Солардың бірі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Нұрмолда Алдабергенов, Социалистік Еңбек Ерлері Әбдіқадыр Дайыров, Зылиха Тамшыбаева, Ұлы Отан соғысының ардагері Игібай Базарбаев, жиені Көшкінбай Жанатов, күреңбелдің тұлпары Базарбай Бекмұхамбетов сынды азаматтар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған.

III.Тұлға тағылымы

Шұбаты жусан аңқыған, шұғыласы нұрдай шалқыған, жырауы таңды тарпыған, тыңдаған мыстай балқыған қастерлі мекен, қазыналы топырақ Жетісу төріндегі дүбірлі тойдың екінші күні Талдықорған қаласындағы ескерткіштерге тағзым етуден басталды. Нұрсұлтан даңғылығында орналасқан осы елдің айдары мен айбары, үш бірдей нар тұлғамыз Қабылиса, Ескелді, Балпық бабаларымыздың және қаланың кіреберісінде орын тепкен Алаштың алыбы Қадырғали Жалайыридің кесенесіне таңсәріден қала тұрғындары жиылып, аймақ ардагерлері гүл шоқтарын қойды. Артынан естелік суретке түсіп, рухына Құран бағыштады. Әрі қарай «Балпық би баба – ел бағына туған ер» тақырыбында ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференциясына жол тартты. Бұл мерейтойдың ең бір қызған шағы әрі мерейлі сәтіндей еді. Алыс-жақыннан келген қонақтар, ел тұлғалары тағы да театр шаңырағында бас қосты. Алдымен олар кітап көрмесімен танысты. Сөрелерге қатар тізілген тарихи туындылар ел назарына ұсынылды. Шырайлы шараның тізгінін тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов ұстады. Алғашқы сөз кезегін облыс әкімі Амандық Баталов алып, жиналған қауымды мерейтоймен құттықтады.

– Ұлы Даламызда ел көшін даналықпен басқарып, береке мен бірлікті сақтап, кемел келешекке жол салған бабаларымыздың жолын жалғастырып, ізін нақтылайтын уақыттың келгеніне ерекше қуанамыз. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында аты аңызға айналған батырлар мен ақындар, ұлы билер есімдері ұрпағымен қайта қауышты. Байтақ қазақ даласын айтпағанның өзінде Жетісу жерінен қаншама сөз бастаған шешендер мен ел бастаған көсемдер шыққан?! Олардың өмірі, өнегесі – ұрпақ үшін сарқылмас қазынаға айналған. Аға буынның мақсаты – сол бабалардың дара жолын ұрпаққа жеткізу.

1992, 1993 жылдары Ескелді, Балпық билердің 300 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде қасиетті Қаратал өңірінде аталып өткен еді. Бүгінде кесенелері жаңартылып, ұрпақтары зиярат етіп, басына барып Құран оқитын киелі орынға айналды. Ұрпақтар сабақтастығы, рухани құндылықтар байланысы жалғасын тауып келеді. 

Балпық би бабамыздың 325 жылдығы аясында «Байтақ елдің Балпығы» атты кітап шығарылып, оқырмандарға жол тартты. Балпық бидің: «Ақыл ауысады, ырыс жұғысады», «Ерінбегеннің еңбегі жанады, үйіне қызыр қонады» деген даналық сөздері зерделі жанға таптырмас байлық, – деді Амандық Ғаббасұлы. 
Аймақ басшысының ыстық лебізінен кейін кеш модераторы Зиябек Ермұқанұлы мерейтойдың маңыздылығын тілге тиек етіп, батыр бабамыздың ғұмырдариясына шолу жасады. Одан кейін атақты тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелді қазақ тарихындағы билердің рөлі хақында мәнді сөз айтты. Сол ретте қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев та «Ойнама, балам, ойланғын» атты баяндама жасап, келер жылы Орақты батырдың 600 жылдық мерейтойын атап өтуді ұсынды. Ал, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрін көне тарихтан кеңінен толғанып, батырлық пен билердің өрелі өмірінен ой сүзді. 

Келелі конференция жыр додасының бас жүлдесін иелеген Нүсіпбай Додабайұлының арнау өлеңімен қорытындыланды. Ғылыми конференцияның аяғы ашық-жарқын отырыс, бүкпесіз әңгіме, пайдалы баян, сұранысқа ие сұхбатқа айналды.

Ер намысы үшін шайқастың шаңын жұтқан, ошағын өшірмеу үшін желдің өтінде, жаудың ішінде жүрген Балпық бабамыз шашыраған шындықтың басын қосып, інжу сөзден кесте түзген ерен тұлға. Оны қалай ұлықтасақ та жарасады. «Өсер елдің баласы арманшыл келеді» деп өзі өсиет еткендей, баянды болашаққа сүрлеу салған мақсатшыл жаңа қазақтың көші түзу, керегесі берік. Бұл баба аманатының биікке көтерілгенінің айғағы. Шүкір, торқалы тойдың екінші күні де ел есінде қалар естелікке толы болды.

Балпық би бабамыздың үш тәулікке созылған 325 жылдық мерейтойының соңы ат бәйгесімен аяқталды. Арғымақ көрсе арқасы қозатын қазақтың тойының ең тәтті тұсы – осы аламан. Соған орай қатар-қатар киіз үй тігіліп, ұлттық бұйымдарымыздың көрмесі жасақталды. Ең ғажабы, шын жүйріктердің бәсекесі тойдың көркін келтірді.

БИ ЕҢБЕГІ

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі:

– Балпық бидің атын шығарған әділ шешімі туралы ел ішінде сақталған мынадай сөз бар. Інісі Кешубай келіншегін емдеп  жүрген бақсыны ақ некеге жасаған қиянаты үшін жазалап, басын балтамен шабады. Оның құнын даулай келген ел-жұртты Балпық би: «Бақсыға балта қылмысы үстінде сілтенді. Ұрыға құн жоқ. Ұрыға құн болса, момынға күн жоқ. Әз Тәукенің заманынан бері бура құнсыз, бұқа құнсыз, ұры құнсыз емес пе?!» – деп тоқтатқан екен. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» деп  осыны айтса керек.

Жалпы ХVІІІ ғасырды ұлы билер ғасыры деп айтсақ болады. Өйткені, әз Төле би, қаздауысты Қазыбек би, айтарын ашып  айтқан Әйтеке би сынды қазақтың үш арысының сол тұста берген тәлімі Ескелді би, Балпық би, Жолбарыс би секілді күллі қазақ даласын мекендеп, әділдікті ту еткен билерге жалғасты. 1723 жылы орыстың зеңбірегімен қаруланған қалмақ-жоңғар әскері Жетісу жеріне басып кіргенде ел билейтін хандар мен сұлтандары қашып кетеді. Ел басына төнген нәубет кезінде халықтың билігі билерге өтті. Батырлар қара қылды қақ жарған билердің көмекшісіне айналды. Оны орыс офицері Голенковский: «Жоңғарлар күтпеген жерден қазақ жеріне басып кіргенде хандар мен сұлтандар жауға қарсылық ісін қолға алмастан қаша жөнелді. Сонда бар билікті, бастаманы, ұйымдастыруды билер алды» – деп  жазады. Сөйтіп, 1867 жылы орыс әскері кіргенге дейін қазақтың мемлекеттік басқару жүйесін Ескелді би, Балпық би, Жолбарыс би секілді билер ұстады. Бұл жағдай Орта жүз бен Кіші жүзде де жалғасты. Сондықтан 18 ғасырды билер ғасыры деп атауға толық негіз бар. Оның ішінде жаудан азат етілген ата-баба қонысына елді қоныстандыруға тікелей үлес қосқан Балпық бидің еңбегі ұшан-теңіз.

«Елге бай құт емес, би құт» деп түйсінген дана халқымыз шешенінің сөзін шипа, биінің билігін бал санаған. Ол ол ма, кемеңгерліктің келбетін солардан танып, жолбарысы мен жолбасшысы ретінде аға тұтқан. Шынында біз ұлы тұлғаларымызды насихаттау арқылы Ұлы Даламыздың даңқын аспандатып, жау сескенер жігерімізді шыңдаймыз. «Ақыл ауысады, ырыс жұғысады» деген Балпық биіміздің нақылы соның дәлелі. Сонымен жалы биік азамат пен жаны жомарт жамағаттың басын біріктіріп, дидарластырған дүбірлі той осылайша мәресіне жетті.

Мұхтар КҮМІСБЕК