"ҮМІТ": ҚАРА ЖАМЫЛҒАН ҚАРА ШАҢЫРАҚ (ӘҢГІМЕ)

Уақыты: 25.10.2019
Оқылды: 1518
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қадырбек ақсақалдың тынымсыз еңбекқорлығынан болар, ауласында жеміс ағаштарының түр-түрі бар. Есік алды түгел гүлмен көмкерілген. Өзге көршілерінен мұндай әдемілікті байқамайсың.

Көктем шығып, күн жылына бастағанда Қадырбек ақсақал кемпірі екеуі тау жақтағы үйіне келіп, бақша дақылдарын егіп, оны жаз бойы баптап, күзге дейін осында болады да, өнімін жинап алып, қаладағы үйіне қарай беттейді. Жылдағы əдеті. Қаланың шуынан əбден мезі болғандықтан болар, тау жақтағы үйіне келгісі кеп тұрады. Өйткені, Алладан тілеп алған жалғыз ұлы жоғары оқу орнына түсіп, бітіріп алсын деді ме,  қарайып екеуі ғана қалғандықтан, күш барда, кебежеге қамалуға көнбей, тау жаққа қарай тартып отыратын.

Мəрзия келін болып түскенде күйеуінің жалғыз тұяқ екенін білетін. Анасының денсаулығы сыр беріп, төсек тартып қалған соң, келінімді көріп кетейін деп қоярда-қоймай ұлын үйлендірген. Нұрбол ол кезде жап-жас студент болатын. Жастайынан анасының аурушаң болғандығы жанына аяздай батты ма, «анамды өзім емдеймін, қалай да болсын дəрігер болуым керек деп», шешім қабылдады.

Адам бойындағы ешкімге бергісіз, ең ғұмырлы, сірі жанды нəрсе, əй, осы, үміт шығар? Əке де, шеше де осы жалғыз баласынан үміт күтеді. «Үмітімізді ақтаса» деп Алладан медет сұрайды. Ақылды баласының сенімін ақтайтынына да көздері жетеді. Сенімдері де мол еді.

Кейде ойға шомып, арасында əкесінің əуеннің ырғағына бойын балқытып, аздап домбыраны күмбірлетіп қоятын әдеті бар. Əкенің кейде ерекше əуенге бір сəттік көңілі шалқып қалатыны, аурушаң əйелінің де көңілін бір көтеріп тастайтын. Аяқастынан осы ауруға душар болды. Тозығы жеткен үйді қайта бұзып тастап, қайта салғысы келген еді, бірақ Нұрболдың анасының ауруы күннен-күнге үдеп кетті. Əкесі барын салды. Əйелін біраз жерге қаратты да, біраз тынықсын дегендей тау етегіндегі үйіне алып кетті. Бүкіл мал-жанды түгел көшіріп əкелді. Ала жаздай осында болсақ, қара күздің қара суығына жетпей үйге қайтармыз деп ойлады.

Қадырбек ақсақалдың бəйгеге шабатын жылқысымен, емдікке шипа болар деп əдейі бағып-қағып жүрген қаратамыс биесі бар-тын. Күзде кетерінде осы жерде таныс жамағайын бір кісіге үнемі дайындап кететін. Бұл жаққа келген бойда сол əдетінше, жылқысын мініп алып, тау аралап қайтатын. Таныс кісілер Қадырбек ақсақалдың осында келгенін сол заматта біле қоятын.

Ауылдың күйбең тіршілігі. Аздап мал асырап, жеміс бақтары мен бақша өнімдерін баптап күн көріп жатты. Ол жерде де шағын ғана ауыл бар. Түні салқын болғанымен керемет, жаныңа күш-қуат сыйлайды. Қанша дегенмен өзі туып-өскен, кіндік қаны тамған жері емес пе?

Кейде Қадырбек ақсақалдың бір жағдай жанына қатты бататын. Кейде жалғыз қалғысы келіп, көңіл-күйі құлдырай құлазып бір көтерілмей қойған еді. Ал тау етегіне келгелі бері, басқаша күйге түсіп, жүзіне қан жүгіріп, көңілі көтерілген сыңай танытты. Кім білсін, мүмкін ауруы меңдеп бара жатқан соң, жалғыз ұлы мен өзінің сүйіп қосылған жарын қимағандық, ішін іштей жегендік болар?!

Келген бойда ауылға, туыс-тумалардың басын жиып, құрбандық шалды. Құдайға қанша жалынып-жалбарынса да, тəңірінің рахымы түспей қойды-ау. Əйелінің еміне деп азын-аулақ малының да басы көрінді. Нұрбол да қарап жүрмей, əкеме бір көмегім тисін дегендей, жұмысқа белсене кірісті. Бір күні Нұрболдың қара күз түсе түзелгендей сыңай танытып жүрген анасының жағдайы күрт нашарлап кетті. Амал жоқ, аурудың аты ауру...

Бүгін Қадырбек ақсақал оқалы шапанын желбегей жамылып, əйелінің жанынан бір сəт шыққысы келмеді. Үйдің оң жағында құрылған кереуетті жағалап отырған əйеліне көз тастады. Үнсіздік биледі. Көңілінде қалқып жүрген ойлар сарнап тұр. Бірақ ойындағысын лəм-мим деп айта алмады. Кезінде бір рулы елді билеп отырған кісінің тілі байланып, қартайғанда қауқарсыз қалғаны жанына аяздай батты. Сөздерін басқа дүниемен сабақтағандай болды. Қысқы азығымыз бен соғымымызды дайындап алсақ, мына баланы үйлендірсек, əлі-ақ жақсы күндер кешеміз дегеннен ары аса алмады. Көзіне жас кілкіп кеп қалды.

Ұлын қоярда-қоймай үйлендірді. Үйлі-жайлы болып алсын дегені болар анасының. Нұрболдың анасы осы кезге дейін өзінен бетер баласын аяумен келді. Тағдыры не болар екен деп алаңдаумен болды. Əйтеуір бағына қарай келіні текті, көргенді жердің қызы екенін алған тəлім-тəрбиесімен көрсете алды. Сыпайылығы өз алдына, енесінің асты-үстіне түсіп бəйек болатын. Енесі де, атасы да келіні үшін барын салатын. Жан имандары қалмай жалғызымның жалғары деп көкке көтеретін.

Бүгін енесінің нəр тартпағанына үш күн болды. Нұрбол қалада, оқуына кеткен. Баласын шақыртуға ыңғай бермеді. Қадырбек ақсақал қаншама мықты дəрігерлерді жағалап, үйге алып келіп көрсеткенімен, барлығының айтқаны бір сөз болды. Шамалы ғана күні қалған, жаман ауруына ем қонбағандықтан тимеңіз, орнынан қозғамаңыз, аз ғана күндік өмірі қалды дегеннен аспады. Дəрігерлер айтқасын амал жоқ, көнбеске болмады.

– Құдай-ай? Не жазығымнан бұл күйге түстік екен? – деп үнсіз іштей егілді. Үнсіз егілген бүртік-бүртік жас тұла бойын жуып, үстіндегі кеудешесіне сырғанай берді.

Бүгін Нұрболдың анасын қайтпас сапарға шығарып салғанына қырық күн толды. Қадырбек ақсақалдың да жағдайы күрт нашарлап кетті. Келінінің аталап бар жағдайын жасағанымен де, іштей түйінделген бір өкініш өзегін өртеп барады. Белді бекем буғанымен де, жастай балалық шағын бірге өткізген, бір-бірімен көрші тұрып, бір сыныпта тай-құлындай тебісіп өскен, сонау бір өткен жылдарды, уақытқа бергісіз сыни күндерді, сол бір сенгісіз тəтті кезеңдерді жүрегінен қалай өшірсін? Жадында əрбір кезеңі мен əр сəті сайрап тұрғандай. Екеуі ата-ананың ақ батасын алып, қол ұстасып, шаңырақ көтергендерін қалай ұмытсын?

Күздің қара суығы басталды. Ақсақалдың да көңілі алай-дүлей.  Қыржиған қара тоны мен басынан үнемі тастамайтын қаудырлап көнеріп қалған баскиімін, аяғына жаман етігін киіп алып, бақша өнімдерін түгел жинап алып, қаладағы үйіне қарай кеткісі келгенімен, кемпірінің шыққан жерін, əрбір сөйлеген сөзі мен басқан ізін қимай есі шығып дал болды. Ессіз күйге түсті. Сүйретіліп барып, жинағансымақ болды да, салбырап, терең күрсініп, үйге қарай беттеді де, тəлтіректеп барып, күпісіне оранып бүрісіп жата кетті. Бұл жағдайды байқап, жаны қалмай келіні атасының жанына жетіп келді де, дереу қан қысымын өлшеп көрген еді, қан қысымы өте жоғары екен. Келінінің дəрігер шақырайын деп шырылдағанына атасы көнбей қарсы болды. Үйде əшейінде дəрі тұрушы еді, табыла қоймағанын қарашы. Сасқанынан көршінің үйіне қарай жүгірді, атасына дəрісін ішкізді де, шамалы біраз уақыт басында отырып, тынығып алсын дегендей, жайымен шығып кетті. Тамаққа да тәбеті тартпады. Келіні атам ұйықтап жатыр екен деп шаруасына кірісіп кетті. Шынымен де ұйықтап кеткен екен. Бір кезде шошынғандай болды ма, көзін ашқан еді, бүкіл əлем қараңғыланып кеткендей болды.

Бір түрлі дауыс шықты. Қатқылданып шыққандай болды. Үйдің іші жаңғырып бара жатқан сияқты. Бірдеңе деп сөйлейін деген еді, дауысы шығар емес. Əдейі біреу буындырып жатқандай. Көзін аша алар емес. Жан қиналып барады. Бір кезде үні шықпай, көзінен мөлдіреп жас парлады. Ажал жан алқымынан алып бара жатқандай. «Нұрболым, қайдасың, құлыным?» – деуден басқа сөз шықпады. Тілі күрмелді де қалды. Шындығында жарық дүниемен қоштаса алмай, ажал құшып барады екен. Келінінің жүрегі сезіктенгендей үйге кірген беті еді "уһ" деген дауысынан жүрегі тас төбесіне жетті. Нұрболға дереу хабарласып еді, ол келем дегенше үзіліп кетті.

«Бес күн жалған дүние-ай?! Өтесің де кетесің» деген осы екен. Қу дүние балалар үшін өмір сүріп, солардың қызығы, шыжығы деп бар дүниеңді сарп етесің де, талқаның таусылса, бір күні қаннен-қаперсіз, жарық дүниеде балалардың қызығын да көре алмай, арғы дүниеге аттанасың да кетесің.

Əке мен шешенің қазасы Нұрболға өте ауыр тиді. Бір жылда екі жұмағынан айырылып, есеңгіреп, тоз-тозы шықты. Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады дегендей, оқуын аяқтайтын жылы жатақханаға келе жатып, бір топ жаман ниетті адамдарға жолығып, өмірі қыл үстіне түсті. Жақтайтын жарамды ешкімі болмағандықтан, жазықсыз жаланың құрбаны болып, темір тордың ар жағына кете барды. Не болғанын түсінбей, түсіне де алмай, дал болып, қолындағы сəбилерін құшақтаған күйі, жан жары шырылдап қала берді.

Көңілсіз күндер сырғып өтіп жатты. Уақыт шеңберіне бағынбасқа амалың жоқ. Санаулы уақыт ішінде екі бірдей асыл қазынасынан айырылса, күйеуі жазықсыз жаланың құрбаны болып кетті. Өзі жападан-жалғыз қалғандай күй кешті. Қаладағы үйіне кеткісі-ақ келіп еді, ата-енесінің күйін жықпай, тағылым-тəрбие берген, ұлағатты сөздері санасында сарнап жатты. Өйткені, көктем шығып, күн жылынуын əрең күтіп, осылай қарай беттейтін есіл қазыналарын қалай ұмытсын?! «Көңілің діттемеген жерге, көлігің де жетпейді» демекші, сол орыннан қозғалғысы келмеді.

Бүгін таң азанмен күн тым түнеріп тұр. Құдды Мəрзияның күреңіткен ойын біліп тұрғандай. Көктен бір кезде төпелеп жауын құйды. Жұмысқа шығамын ба деп дайындалып еді, жаңбыр жауғанда жұмыстың берекеті кететін болғандықтан, үй тірлігін жасауға кірісіп кетті.

Терезеге телміре отырып, толқып келген ой теңізінен серпілу үшін алыстағы қараңдап тұрған тау сілеміне көз алмай ұзақ отырды. Тым ұзақ отырды. Мүмкін жарына деген сағынышы болар, бəлкім?! Əділетсіздіктің құрбаны болып кеткеніне күйіктеніп, тырмалап, жанын жеп, іштей егілсе де, сырт көзге бекемделіп, мойымауға сөз берді. Ақылдылығынан болар, ойын сабырға жеңдірді. Кей-кейде көңіл көмбесін ақтарғысы келіп, сол ауылда жалғыз қызымен бірге тұратын, егде тартқан апамен бірге отырып, жанына демеу беріп, сыр бөлісіп, шерін тарқатып қайтатын. Ешқайда да шыққысы келмейді. Төркініне де таңертең шықса, кешкісін қайтуға қамданатын. Өйткені, қара шаңырақтың иелері атасы мен енесі Мəрзияны іздеп тұратындай күй кешетін. Сондықтан да үйді иесіз қалдырмауға тырысты. Атасы, енесі, күйеуінің бар кезін аңсап, көз алдына елестеп, бұлдырап көз ұшынан ғайып болатын.

Тау қойнауы болғандықтан күннің сəулесі қай кезде түсіп, қай кезде бататынын да байқамай қаласың. Жаңбыр жауғаннан болар, кешкілік салқын тартып тұр. Айнала жасарып кеткендей. Шындығында осындай саф ауа, жұпар иісі аңқыған кереметтей табиғатты қалай ғана қиясың. Жатырқамай, кімді болса да құшағын жая қарсы алатындай. Жатсынбайтын тəрізді. Сол күні терезесін әлде бір қара көлеңке тықылдатып қақты.

Сүреңсіз өмір жалықтырып бара жатқандай. Көңілге тұнған, желкеге жауыр болып жабысқан ауыр мұңды сейілтіп, серпіп тастағысы келеді. Кейінгі кездерде Мəрзия өзімен-өзі сөйлесіп, өз жанына өзі демеу болып талғажау ететін. Аз уақыт отасса да өмірінің ыстық, ең тəтті шақтарын еске алады. Жан дүниесін неше түрлі ой шарпып өтсе де, өзін алға қарай жетелейді. Өмірді кектенуге емес, адамдардың бойынан жақсы қасиеттерді көруге ұмтылады. Əділетсіз қоғамның құрбаны болып кеткен күйеуін ойлағанда жүрегі тілімденіп түгі қалмайтын. Сонда да əділдікті аңсайды. Алланың əмірімен түбінде шындықтың жеңеріне көзі жетеді.

Өмір – теңіз, уақыт – толқын. Сол толқынның екпіні шаңырақты ары да, бері де шайқады. Діңгегі бекем екен. Ол үйдің ошағы сөнбес. Нұрболдың көңілі азан-қазаны шықса да, бір үміт жетелеп, сол үйдің ошағының жарқырап, сөнбейтініне жүрегі сезеді. Алдағы күндеріне жылтылдаған сенім шырағын жағып, арман қанатын көкке сермеп, қол үзіп емес, құлашын кеңге жайғысы келеді. Алдында биік-биік белестердің барына, бірінен құласа, бірі бар екеніне көзі жетеді. Белес түбі бір асқар. Асқар тау армандары келешектің аясында өмір сүретіндей. Жүрегінде бір үміттің өршіп, маздайтынына бек сенімді. Өмірдің қара сызықтары ағарып, өмірге бастау алып, жаңарып келе жатқандай.

Бірақ сол үміт оның барлық жиған асыл мұраттарын ойран-топыр етпесе болғаны. Өйткені, үміт кейде алдамшы келеді. Адастырып жіберуі де мүмкін.

Клара ӘБІЛОВА,

жазушы

Сурет ғаламтордан алынды